Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік бастауы –желтоқсан

Тәуелсіздік бастауы –желтоқсан

1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Кеңес үкiметi тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс «Алматыда ­демонстрация», ­«Брежнев алаңында қаптаған жұрт», «Көшелерде сап түзеп бара жатқан жастар» деген тіркестер желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсiне алмай дал болды. Демонстрация алды-артымызды бағамдағанша, ес жиып ой қорытқанша болмай, ­аяусыз басылды.
Артынша бұл оқиға 1825 жылғы орыс декабристерiнiң iс-қимылымен салыстырылып, желтоқсан қаһармандары «қазақ декабристерi» аталып, бiрден-бiрге айбыны асқақтай түстi. «Жалын атқан жастар арандап қалды-ау» деп жанашырлық ниет-пейiл бiлдiргендер де болмай қалған жоқ. Бiрақ ол сөздер ашық айтылмай, «аузы күйген үрiп iшедiнiң» кебi келiп, жасырын үрке қарап, бiрлі-жарым адамдардың басы қосылып шүйiркелескенде, сыр шертiскенде ғана айтылып жүрдi. Жалпы үрей, қорқыныш билеген жұрт сең соққандай күйде едi.
«Қазақ» деген қаным бар деп бастап, «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» деп аяқтаған қайсар Қайраттың даусы да тым жақында естіліп еді ғой?! Осы азаттық үшін үнемі күрескен халықтың еншісіне тиген қайғы-қасіретті көре жүріп, көтере білген халық нағыз қайсар халық емес пе?! Бордай тозып, жоқ болып кетпей «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған халық» нағыз ұлы халық екенін таныта білді. Көрген ауыр хикметінен кейін де «бас шұлғып, үнсіз көнетін» әдетті бойларына жұқтырған жоқ. Қанына намыс дарыған, рухына кие енген халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген тәуелсіздігін алды. Терезесі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Енді мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында көк байрағы, алтын зерімен күнге шағылыса желбірейді. Саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтады, басына ескерткіш орнатты. 70 жыл сананы улаған қызыл заманның солақай саясатының күлпаршасын шығарды. Қазақ хандарының, билерінің, батырларының рухы халқына кие болып оралды. Ұлттық діл мен дін жүрегімізге еніп, алпыс екі тамырға қуат таратты. Иә, өткенге салауат... Өткен күндер өксік кернеп өкінтсе де, болашаққа батыл қараймыз.
Қазақстандағы 1986 жылғы қазақ халқы жастарының серпілісі азаттық қозғалысы шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады.
«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып, азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі» деді ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов. Демек, бұл әншейін ауыз толтырып айтуға ғана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек-ті.
Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
«Желтоқсан оқиғасы» бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11-і университеттен қуылды.
Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Ләззат Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес.
1986 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті күн болды.
Қасіреті – ұлт үшін ұран салған қазақ жастарының жазықсыз жазалануы, кінәсіз қырылуы болса, қасиетті күн саналуы – сол жастардың жанын пида етіп қол жеткізген Тәуелсіздік күні.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан шықпақ». Желтоқсан көтерілісінде шейіт болған, ұлт болашағы үшін бастарын қатерге тіккен батыр ұландарымыздың бүгінгі жағдайы қандай, оларға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Осы бағытта қолға алынып жатқан қандай шаралар бар?
Бұл мәселе тұрғысында алдыңғы буыннан ақау іздемей, кейінгі буынға қапаланбай ұлтжанды азаматтарымызды ұлықтауды өзімізден, бүгінгі күннен бастаған дұрыс деп есептеймін.
Өскелең ұрпақты елінің, жерінің қамын ойлайтын, халқына, тіліне, діліне жаны ашитын азамат етіп тәрбиелеу ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ендеше неге біз осындай қолда бар куәгерлерімізді осы бағыттағы ауқымды шараларға арқау етпеске...
Кітаптан оқыған бір бөлек, телеарнадан көрген бір басқа, ал сол көтерілісті көзбен көрген ардагерлердің аузынан естіген әңгіме өз алдына бір бөлек дүние.
Бүгінгі күнге дейін патриоттық бағытта Кеңес билігі тапсырмасымен Ауған, Таулы Қарабақта, одан беріде Тәжік-Ауған шекарасында, Ирак жерінде болған әскери қақтығыстарға қатысқан азаматтармен түрлі форматта іс-шаралар өтіп келді, өте береді де. Олар ардагер ретінде танылып, халықтың санасына нық орнықты.
Сол сияқты аудандық «Желтоқсаншылар» да құрмет көкжиегінен тыс қалмауы тиіс. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп те жатыр.
Айталық, 2020-2021 жылдары «Шиелілік желтоқсаншылар» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысы жүргізіліп, тізбесі жасалды. Соңғы мәлімет бойынша олардың саны 50-ге жетіп жығылды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Желтоқсан оқиғасының» 35 жылдығына орай, 2021 жылдың 23 ақпанында облыс бойынша алғаш болып ауданда шиелілік желтоқсаншылар туралы барлық ақпараттар қамтылған «Қарусыз қаһармандар» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсаукесері болды. Арнайы шақырылған ғалым, қонақтардың қатысуымен желтоқсаншыларға құрмет көрсетіліп, дөңгелек стол басында кездесу өткізілді.
Биыл 9 желтоқсан күні ­аудан орталығындағы №270 мектепте 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің ұлы рухы – Желтоқсан» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Одан бөлек, аудан мектептері мен мәдениет мекемелерінде де аталған тақырыпта желтоқсаншылармен кездесу, сыр сұқбат шаралары өткізілуде.
Тәуелсіздік жолында бастарын бәйгеге тіккен желтоқсан оқиғасы қатысушыларына көрсетілер құрмет мұнымен шектелмек емес.

Бекболат Әбутегі,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
15 желтоқсан 2022 ж. 768 0