Жақсының ісі – шамшырақ
«Алты алаштың баласы бас қосқанда төр – мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев текке айтпаса керек. Мамандықтардың анасы – мұғалім. Ол ұлағатты ұрпақтың рухани сәулеткері.
Қай кезде де жақсы адамдардың есімі естен кетпейді. Оның ой өрімі бөлек, әрбір сөйлеген сөзінен ерекше екпін есіп тұратын. Бүгінде араларынан ұзақ сапарға аттанып кеткен ұстазын көңілінен шығара алмай жүрген жандар қаншама. Өмірден ертелеу кетсе де үлкен жолдың бойына өшпейтіндей із қалдырған парасат иесі. Кенже Парманқұлованың асыл бейнесі ел есінде.
Қай кезде де жақсы адамдардың есімі естен кетпейді. Оның ой өрімі бөлек, әрбір сөйлеген сөзінен ерекше екпін есіп тұратын. Бүгінде араларынан ұзақ сапарға аттанып кеткен ұстазын көңілінен шығара алмай жүрген жандар қаншама. Өмірден ертелеу кетсе де үлкен жолдың бойына өшпейтіндей із қалдырған парасат иесі. Кенже Парманқұлованың асыл бейнесі ел есінде.
Кенже Парманқұлова 1947 жылы 1 қыркүйекте Шиелі ауданындағы Ортақшыл ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1953 жылы Ортақшылдағы жеті жылдық мектепке қабылданып, 1959-1960 жылдары жетінші сыныпты (Ортақшыл ауылын су алып кетуіне байланысты) Жөлектегі №152 орта мектепте оқып бітіріп, 1960-1961 оқу жылында Шиелідегі №45 Октябрьдің 14 жылдығы атындағы орта мектепте білім алды. 1964 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1969 жылы химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Ең алғаш 1969-1970 оқу жылынан бастап №150 «Ортақшыл» орта мектебінде химия және биология пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кабинеттік оқуға көшуге байланысты химия кабинетін жабдықтау, оқушыларға сапалы білім беру еңбегі нәтижесінде оқушылары облыстық олимпиададан жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп отырды.
Кейіпкеріміз 1969 жылдан бастап 1986 жылға дейін №150 «Ортақшыл» орта мектебінде химия кабинетінің меңгерушісі, класс жетекшісі болып қаншама шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Мектептегі әдіс бірлестігінің жетекшісі болды. Аудандағы химия пәні мұғалімдерінің секция жетекшісі, 1986-1989 жылдар аралығында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының қызметін уақытша атқарушы болып абыройлы қызмет істеді.
Оқу процесін жетілдіріп, сабақты өту тәсілін түрлендіріп отыру – әрбір ұстаздың басты борышы. Бұл үшін әр мектепте пәндік бағдарламаға сай жабдықталған химия кабинеті болуы міндетті. Осыған орай К.Парманқұлова жұмыс істеген кезеңдерінде химия кабинетінде зертханалық және сараптамалық жұмыстар өткізуге, демонстрациялық тәжірибелер жасауға қажетті құрал-жабдықтар мен реактивтер, сондай-ақ сабаққа қажетті сөздік ережесі, қосымша теориялық және әдіскерлік әдебиеттер, химиялық анықтамалар, сөздік үлестірмелі топтамалар, перфокарта топтамалары, шаблондары, дейшрафтары, экрандық құрал-жабдықтарын заманына сай жеткілікті жинақтады. Аудандық кабинет байқауында химия кабинеті «Ең үздік кабинет» деп танылды. Кабинет жабдықтаудағы іс-тәжірибесі аудан, облыс көлемінде үлгі ретінде таратылды.
Нәтижелі еңбек өз үлесін үнемі алып отырды. 1976 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1982 жылы аудан мұғалімдерінің арасында ең бірінші болып «Методист мұғалім» атағын алды. Бұл қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденістің, іскерлік пен білімділіктің арқасында қол жететін марапат. Нәтижелі жұмысын жалғастыра отырып 1987 жылы «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Облыстық педагогикалық оқуға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Озат тәжірибесі 1980 жылы республикалық теледидардан көрсетілді. 1984-1985 жылдары Қазақстан мектебі журналына мақалалары жарияланды. №150 «Ортақшыл» орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі К.Парманқұлованың суреті «Құрмет тақтасына» ілінді. Бұл тынымсыз жасалған еңбектің үлкен бағасы, нағыз маманның, өз ісінің шеберінің үздіксіз атқарған жұмысының нәтижесі еді.
1989 жылдан бастап №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектепке ауысып химия пәнінің мұғалімі және мектеп директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары, 1997 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін 2009 жылға дейін абыроймен атқарды. Мектептегі тәрбие жұмысын шебер ұйымдастыра білетіндігін көрсетті. Барлық сынып жетекшілеріне талап қойғыш, жас мамандарға ақылшы, нағыз әдіскер маман бола білді. Өзі басқарған салада ешбір жасөспірім құқық бұзушылығымен көзге түсіп есепке алынған емес, ата-аналармен, өз әріптестерімен өте жақсы қарым-қатынаста бола жүріп, олардың қимас досына айналды.
Сынып жетекшілерінің тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруына теориялық, әдістемелік көмек беруде әрбір атқарған ісі табыс әкелетін еді. Аудандық «Жыл сынып жетекшісі-2002» байқауында Ж.Тыныбеков І орын, 2003 жылы «Таңдаулы ауыл мұғалімі» байқауында сынып жетекшісі М.Бектұрсынов ауданда, облыста І орын алып, республикалық сайыста «Бала жанының зергері» номинациясын иеленді.
2003 жылы облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және ақпараттық технологиялар институты К.Парманқұлованың іс-тәжірибесін «Шығармашылық ізденіс – табыс кепілі» тақырыбында кітапша етіп таратты. 2001 жылы ғасыр қорытындысы бойынша «Шабыттың шыққан шыңына» номинациясымен марапатталды. Кенже тек ұстаздық қызметті емес қоғамдық жұмыстарды да қоса алып жүрді.
1989 жылға дейін Ортақшыл ауылындағы сайлау учаскесі төрағасының орынбасары, одан кейін Бекежанов аулындағы сайлау учаскесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Н.Бекежанов ауылындағы әйелдер кеңесінің төрайымы болып жүргенде қаншама жастарға тәлімі мен тәрбиесін ұғындырып, кей отбасылардағы кикілжіңдерді ақылмен жеңдіріп, шаңырақтың тұтастығын сақтау, баланың болашағын ойлау керектігін айта келе ақыл-кеңестерін жүргізіп даналығын көрсете білді.
1992-1997 жылдар аралығында Кенже Парманқұлова атындағы химия-биология пәндерінен атаулы мектеп жұмыс істеді. Атаулы мектеп құрамына аудан көлемінде педагогикалық іс-тәжірибесі біршама жинақталған ізденімпаз, шығармашылықпен жұмыс істейтін 12 мұғалім енген. Қазіргі күні атаулы мектеп мүшесі болған Мәдина Бәкірова №155 мектеп директоры болса, Несіпкүл Тұрғанбаева №149 мектепте химия пәнінің мақтан тұтар ұстазы.
К.Парманқұлованың іс-тәжірибесі Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институтының химия пәні секциясының, институттың сектор меңгерушілерінің қатысуымен мектепте зерттеліп үлгілі сабағы Қазақстан телеарнасы арқылы 1980 жылы 19 мамырда көрсетіліп насихатталды және «Әдіскер ұстаз» атағы берілді.
Әр сабағын ғылыми негізде сауатты өткізе білген ұстаз 1987 жылы Алматыда өткен шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің республикалық І слетіне, 1987 жылы сәуірде VІ облыстық мұғалімдер съезіне, 1988 жылы желтоқсанда Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдердің 21-ші съезіне делегат болып қатысты. Сонда ол кісінің сабағына республика әдіскерлері «Құм арасындағы кішкентай ауылдағы мектепте химия сабағы Москва мектептерімен тең дәрежеде өтіледі» деп баға бергенін естігенде Кенженің бір туар айрықша тұлға екендігін айшықтап тұрғандай ерекше бір қуаныш биледі.
Нағыз ұстаз диқан іспетті. Ол әр адамның жанына білім нәрін құяды. Әр шәкіртін аялап өсіреді. Өмір атты шексіз, шетсіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Адам баласын өмір сүре білуге тәрбиелейтін де ұстаз. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға» деген Абай атамыздың терең мағыналы ойы шәкірт жүрегінде ізгілік оты мен адамгершілік сәулесін жаға білген К.Парманқұлова үшін айтылғандай. 1975-1976 оқу жылынан бастап 1986-1987 оқу жылына дейін Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің студенттері №150 «Ортақшыл» орта мектебінде педагогикалық практикадан өтті. К.Парманқұлова сол студенттерге оқытушы-әдіскер, ақылшы ұстаз бола білді. Білдей бір жоғары оқу орнының студенттерін педагогикалық практикадан өткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапкершілігі зор жұмыс екені белгілі. Сол кезеңдегі институттың ұстаздары Бимағанбет Ділманов, Болат Арыстанов, Ерсайын Ниетбаевтармен тығыз шығармашылық байланыста болып, орта мектеп мұғалімі болса да тек мектеп оқушыларын ғана емес студент шәкірттерді, болашақ мамандарды тәрбиелеу ісіне де өзіндік үлесін қоса білді. Ұлағатты ұстаз әрбір оқушыларының елеулі азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөлді. Жыл сайын қаншама шәкірттің өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қалануына жол ашты. Өзінің жолын қуып, химия пәнінің мұғалімі болып, Қазақстанның әр тарапында жүрген шәкірттері де ұстазына ұқсап нәтижелі жұмыс істеп, жетістіктерге жетуде. Басқа салаларда абыройлы қызмет атқарып жатқан оқушыларының да алған асулары мен бағындырған белестері ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Шәкірті Шұғыла Қанатқызы ұстазы жайлы Серік Пірназардың 1977 жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде шыққан «Қоңыраулы күз» очеркінен үзінді келтіре отырып түйіндесем: «... Тағы да жаңа оқу жылы басталды. Мектепте сыңғырлап қоңырау соғылды. Бұл менің сүйікті ұстазымның, жас коммунист Кенже Парманқұлованың сегізінші қоңыраулы күзі. Оның алдынан әлі де қаншама жүздеген шәкірттер самғап ұшар еді. Сонда олардың барлығы да Кенже апайды әлде бір шаттықпен, әлде бір ризалықпен мақтан ететін шығар».
Иә, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған, жаны – жаз, жүрегі – көктем болған жанашыр ұстазым менің өміріме үлгі ұстаз деп ой толғаған еді. Өмір өз жолымен жүретін, уақыты келгенде келіп, біткен кезде өтетін табиғаттың бұлжымайтын заңына еріксіз бағынатын құбылыс. Бұл заңдылық Кенжені де айналып өтпеді. Бар өмірін халықтың баласының бойына білім нәрін құюға тәрбиелеуге жұмсаған үлкен жүректі жанды ажал атты сұм тажал 62 жасында ауыр дертіне шипасын бермей ала жөнелді. Кенже ізсіз кеткен жоқ мыңдаған шәкірттердің анасы да, ұстазы да бола жүріп мәңгілік есте қалды. жатқан жері жайлы болсын. Жақсының аты – шамшырақ деген осы емес пе?! Ал қаншама шәкірті жүрек түкпірінде ол кісінің есімін сақтап, жетістігін үлгі етіп, алған тәлім-тәрбиесін өз оқушыларының бойына сіңіріп, ұстазындай абырой биігінен көріну жолында аянбай тер төгіп жүргенін ұмыту мүмкін бе?
Айжамал Әбдіхамитқызы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
Қазақстан Журналистар Одағының мүшесі
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
Қазақстан Журналистар Одағының мүшесі