Сексеннің сеңгіріне шыққан ұстаз
Ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген екен. Астарында үлкен ой, ұшқыр ұғым жатқан сөз мамандық иелерінің қоғамдағы алар орнын айқындап беріп отыр. Биыл ұлағатты ұстаз Ерденбек Бектайұлы мерейлі 80 жастың сеңгіріне шықты. Талай шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қанат қақтырған мәртебелі мұғалімнің өмір жолы кейінгі жас буынға өнеге болары анық.
Елімізде саналы ғұмырын мектепке, білімге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі – ұстаздықпен қатар, талантты да тағылымды басшы бола біліп, еңбек ардагері атанған мәртебелі мамандық иесі Ерденбек Бектайұлы. Қай жұмыста болсын іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетіндігімен ерекше. Ізденімпаздық қасиеті – өз алдына бір төбе. Ең бастысы, өз мамандығына деген құштарлық пен адалдық оны талай биік асуларға жетеледі. Нәтижесінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Елімізде саналы ғұмырын мектепке, білімге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі – ұстаздықпен қатар, талантты да тағылымды басшы бола біліп, еңбек ардагері атанған мәртебелі мамандық иесі Ерденбек Бектайұлы. Қай жұмыста болсын іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетіндігімен ерекше. Ізденімпаздық қасиеті – өз алдына бір төбе. Ең бастысы, өз мамандығына деген құштарлық пен адалдық оны талай биік асуларға жетеледі. Нәтижесінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Ол – 1942 жылы шілде айының 4-ші жұлдызында Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 май ауылында дүниеге келген. 1949 жылы «Бірлестік» ауылындағы жеті жылдық мектептің 1 сыныбына қабылданып, 1956 жылы аталған мектепті бітіріп, 1956-1957 оқу жылында Қызылорда қаласындағы №6 мектепте оқып, кейін №171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сыныбын 1959 жылы аяқтаған. Содан соң Тартоғай совхозында шаруашылықта жұмыс істейді.
Ол жасынан алғыр, ағайын арасында ардақты, туған-туыс арасында құрметті болып өсті. Құлдыраңдаған ұл өмірі сол сәттен біліммен біржолата астасқан еді. Білсем, көрсем, үйренсем, барсам, жетсем деген талпыныс Ерденбекті қатарынан оқ бойы оздырды. 1961 жылы Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1963-1966 жылдары Совет Армиясы қатарында міндетті борышын атқарды.
1966 жылдың қазан айынан №153 Тартоғай орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастап, оқуын сырттай жалғастырады. Әрмен қарай 1970 жылы осы мектепте мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Оның зердесінің кеңдігі, рухының мықтылығы барлық басшыларды да тәнті етті. Өзінің адал еңбегімен мұғалімдіктен директорлыққа дейін өсті. 1971 жылдың тамызынан №154 сегіз жылдық мектептің директоры, 1979 жылы қазан айынан №141 орта мектептің директоры, 1987 жылдың тамыз айында №41 Н.Ломоносов орта мектебінің директоры, 2001 жылдың желтоқсан айында №40 мектептің директоры болып тағайындалды. Өзі басшылық еткен мектептердің барлығында Ерденбек ағамыз мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады. Мектептің материалдық базасын нығайтуға кірісті. Оқушылардың жан-жақты білім алуына қолайлы жағдай жасалып, ұжым шығармашылық жұмыстарға ден қойды. Осы кезде 1 Май ауылында типтік жобадаға 120 орындық мектеп салуға көп еңбек сіңірді.
2008 жылы тамыз айында зейнетке шықты. Өзін қоршаған әр жанның талабын ұштап, қиялына қанат бітірген Ерденбек Бектайұлы «Өмір – мектеп. Мұғалім – әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше талантты қажет ететін, адал адамға ғана жарасар мамандық. Ізденімпаз, жаңашыл, шәкіртін сүйетін мұғалім ғана оқушының жүрегіне жол таба біледі» дейді ағынан жарылып.
Ерденбек Бектайұлы 42 жыл білім саласының дамуына қомақты үлес қосқаны үшін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Мұнан соң сол кездегі Социалистік жарыстың 7-ші және 8-ші бесжылдықтардың жеңімпазы төсбелгісімен, облыстық білім басқармасының Құрмет граммотасымен 2 рет марапатталды. Одан бөлек 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалі, 1994 жылы ҚР Білім ісінің үздігі төсбелгісі, 2006 жылы Білім және Ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасы, 2012 жылы облыс прокурорының алғыс хаты, Әділет министрінің грамотасы берілген. Осындай елеулі еңбегімен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Солтүстік Қазақстан және бұрынғы Целиноград облыстарында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасаған. Нәтижесінде Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде іс-тәжірибесі мақұлданып, республика мектептеріне таралды.
2011-2016 жылдары экологиялық саяси-әлеуметтік басылым «Табиғат тынысы» және «Жас қыран» газеттерінде бас редактор қызметін атқарды. 2021 жылы Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанып оқу министрінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері болды.
Өнегеге толы өмір һәм еңбек жолы ардақты ұстаздың адами келбетін әлі де болсын айшықтап келеді. «Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Ерденбек Бектайұлы – бақытты жан, асқар тау әке, ардақты ата, ұлағатты ардагер ұстаз. Бүгінде ол сүйікті жары Үрлайым апаймен бірге 3 ұл, 1 қыздан 13 немере сүйіп отыр. Орайлы сәтте, ұстаздығы ұлтқа үлгі болған Ерденбек ағамызды 80 жасқа келген мерейтойымен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Шералы Үркімбаев,
облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің мүшесі
облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің мүшесі