Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи таным – тілшілік пайым

Тарихи таным – тілшілік пайым


Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті, Н.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданған болатын. Бір ғасырдан астам бөтеннің бодауында болып, ел-жұрттың санасынан өшіп, көкірек-пайымынан көмескі тартып, жадынан жоғала бастаған құндылықтарымызды қайта жандандыру мақсатында іргелі істерге ұйытқы болған бұл бағдарламаның болашақ ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз болды десек артық айтқандық емес. Қалыптасқан хронологиялық тарихи кезеңдер үшін осынау аз ғана уақыттың ішінде қазақ мәдениетіне, дәстүріне, тарихына қатысты тың зерттеулер жасалып, ұмытыла бастаған ұлтымыздың баға жетпес рухани мол қазынасын халық жадында қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды.
Өткенге шолу
Адамзат тарихында ата-бабасын һәм өмірден өткен текті тұлғаларын құрмет тұтуда жалпақ түркінің қабырғалы қалың жұртына жетерлік жаһанда халық болмаса керек сірә! Түгел түркінің тікелей тамыр тартар түпкі тегі де қазақ жерінен тарқалатынын ескерер болсақ, көне қазақ рулары да бұл қасиеттен ада қалмағандығын білеміз. Арғы-бергі тарихтан аз-кем хабары бар кісі біздің бұл сөзімізді жоққа шығармайды, қайта қостай-қолдайтынына шүбә жоқ. Мұқым бір руға, тайпаға, ұлысқа есімі ұран болған, ұрпағы ұлағат тұтқан арда азаматтар өткен. Қазақ жеті атаға дейін жете білген. Одан арғысын арда тұтқан, абыз атаған, ел мен жерге атын берген. Өлгенін санасынан өшірмеген.Өнегелі ісін өрге оздырған. Аласапыран, алмағайып, жаугершілік замандарда ата-бабасының атын атап, рухын көтерген. Әруақ шақырып, атқа қонған. Ел мен жердің тұтастығы дүниеден қайтқан түп атасының тірі кезіндегі мақсат-мұратымен сабақтасып жатқанын жете түсінген. Аманатқа адалдық осыдан келіп туындаған. Кісі ақысын жемеген, жетім мен жесірін демеген. Ұйыған айрандай береке бірлігін бұзбаған. Серттен және анттан аттағандарды «әруақ атсын!» деп теріс айналған. Түркінің тарихи жадысының мықты болуы, салт пен дәстүрге беріктігі тікелей ата-баба әруағымен байланысып, сабақтасып жатқан. Мәселен, қазақтың түпкі тегі деп саналатын сақтар тайпасы туралы қысқаша сөз қозғай отырып, осы мақаладағы біздің бұл байлам, тоқтамымызды түйіндей кетсек дейміз.
Ежелгі гректің антик дәуірінің тумасы, тарихтың атасы атанған Геродот сақ тайпасының өкілдерімен сөйлесе ­отырып, өзінің тарихи шығармасында мынадай қызықты мәлімет келтіре кетіпті. Сақтардың айтуы бойынша жазылған ол деректің қысқаша мазмұны төмендегіше өрбиді.
– Сақтардың Томирис-Тұмар ханшайымынан оңбай жеңілген Күріш-Кир патшаның кегін алу үшін ахеменидтер әулетінің тағы бір айтулы патшасы Дарий біздің жыл санауымызға дейінгі 513 жылы жүз мыңдаған әскер бастап, Сырдариядан өтіп, көшпенділер жеріне табаны тиіпті. Сақтардың әміршісі Иданбарысқа жаушы жіберіп, соғысуға шақырыпты. Сонда сақтардың әміршісі парсы патшасы Дарийге «егер бізбен расында соғысуды қаласаң ата-бабамыз жатқан жерді тауып алып, сүйегіне тисіп көр, сонда біздің қалай шайқасатынымызды білетін боласың» деген екен. Айтқанында бұл шайқаста да парсылар оңбай жеңіліп, майдан даласынан масқара болып қашып, еліне әзер жеткен деседі. Осынау айтулы оқиғаны сақтардың өз аузынан жазып алып отырған Геродот сол көшпенділерден «Дарий патша сендерге қай жылдары соғыс ашты?» деген сауал қойған кезіндегі сақтардың берген ­жауабы сіз бен бізді тіптен таңқалдырады. Сақтардың айтуынша Дарий патша сақ жеріне көшпенділердің Тарғытай атты бабасының патшалық құрған уақытынан тура мың жыл өткенде келген екен дейді. Ахеменидтік Дарий патша мен сақтардың патшалық құрған Тарғытай атты бабаларының арасы тура мың жыл. Бұл мәліметті тарихшылар да дәлелдеп тастады. Ал, енді діни тұрғыда тарқатар болсақ Дарий патша христиан дініннен тура 500 жыл, ислам дінінен 1200 жыл бұрын өмір сүрген адам. Енді осы салыстырмалар арқылы түркі халқының тарихи жадының қаншалықты берік болғандығын өзіңіз саралай беріңіз. Көшпенділердің көне жұрты тарихи даталарды ата-бабасының есімімен байланыстырып отыруды дәстүріне енгізе отырып, өткенін өшірмеген. Бұл үрдіс кешегі қазақ жұртында да сақталған болатын. Осындай екі жарым мың жылдан бері үзілмей келе жатқан рухани-сана сабақтастығын басқа халықтан кездестіре қоюыңыз екіталай.Дінмен сабақтасқан діл тарихы
Қазақ арғы тарихында исламға дейін де ата-бабасын арда тұтқан. Түркі-руна-сына жазуы, сонау Сары теңізден Қара теңізге, Байкалдан Балқанға дейінгі көшпенділер территориясындағы балбал тастар, алтынмен апталып, күміспен көмкерілген обалар, түрлі тарихи жәдігерлер осыған дәлел болса керек. Ислам діні көшпенді қазақтың бұл үрдісімен етене байланысып, біте қайнасты десек қателеспейміз. Сонау ІХ-Х ғасырдан бастап әлемдік саяси аренада ат ойнатып, жаһанды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған түркі жұрты ислам әлемінің қорғаушысы, халифалық атақты иелене отырып-ақ, дүниеден қайтқан, құрмет тұтқан тұлғаларына алып күмбезді мазарлар,кесенелер тұрғызу арқылы көне дәстүрді жаңаша жаңғыртып шыға келді. Самарқандағы әйгілі тарихи құрылыстар, Түркия мен Үндістан жеріндегі түркі патшалары салған қайталанбас архитектуралық өнер туындылары көшпенділер жұрағатының өткенге ерекше құрметпен қарайтынын білдірсе керек. Соның бірі және бірегейі түгел түркінің түп қазығы болып саналатын киелі Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесі.
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой...
Иә, Түркістан түркі жұртының рухани орталығы. Мың жыл бұрын Қожа Ахмет Ясауи хикметтері түркі-шағатай тілінде жазылып, ислам дінінің құндылықтары түркі баласына төл тілінде осы қалада түсіндірілген. Түркістан сонысымен киелі, екінші Мекке атанса керек. Яғни, көне қазаққа ислам дінінің барлық құндылықтарын қазақ тілінде түсінуге мүмкіндік берген қаланы қазақ киелі санаған. Сол мүмкіндікті тудырған ғұлама-ғалымды жұрт басына көтеріп Әзіреті-Сұлтан атаған. Ол өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған жалпақ тілде жаза отырып жұрт жадында әулие-абыз ретінде сақталған. Қ.Ясауидің «Диуани хикмет» яғни «Ақыл кітабы» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туындысы. Кітап араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәпсірлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. Осылайша, арада мыңдаған ғасырлар өтсе де «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» кесенесі бар деп түркі жұрты қадір тұтты. Осы арқылы исламның түп тамырынан айныған жоқ.
Рухани қалада киелі кесене басына бара отырып, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Берік Байболовпен жүздестік. Ескі кесенелердің ешкімге ашпаған сырларын зерттеп, Самарқан, Стамбұл, Еуропа елдерін аралаған Берік бір кездері бірге оқыған группаласым. «Жүзі таныс­тан түңілме» деген қазақы пайымға салып, 1385 жылы тұрғызыла бастаған «Әзірет Сұлтан» кесенесінің кереметтерін сұрай бастадық. Атақты Әмір Темірдің пәрменімен салынған Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері мен осындағы басқа да жүздеген мазарларда тегі түркі, қаны қазақ бабаларымыз жерленгені мағлұм. Бұл туралы:
– Қазір біздегі тарихи мәліметтер бойынша Түркістанда 21 хан жерленген. Еңсегей бойлы Ер Есімнен бастап, Әбілмәмбет, Тәуке, Жәңгір, Әбілпейіс, Барақ, Бөкей, Абылай сынды хандар бар. Ал, мұнда жерленген батырлардың саны отыздан асты. Мысалы Бөгенбай батыр, Жәнібек батырлар. Билерден қаз дауыс­ты Қазыбек би бабамыз да сонда жатыр. Қазбек би мен Абылай ханның құлпытасы толық сақталған, – деді Б.Байболов. Шиелі жұртына етене таныс, Сыр елінің азаттығы үшін күрескен текті тұлғаның бірі қара қыпшақтың шашты тармағының бошай аталығынан шыққан Әжібай Қарпықұлыда осы жерде мәңгілікке ­байыз тапқан.
«Әзірет Сұлтан» кесенесінің ішіне кіргенде барлық залды байланыстырып тұрған орталық зал бар. 35 бөлмені байланыстырып тұрған залдың қақ ортасында Тайқазан орналасқан. «Жалпы салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр болатын бұл тайқазанды бағзыда су құюға арнаған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни, саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа – бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған» дейді зерттеуші Берік. Міне, содан бері сақталып қалған бұл үрдіс үзіліп қалған жоқ. Бізбен қатар кірген адамдардың тайқазанға қолындағы тиынын салып жатқанын аңғардық.
Расында, тарихи деректерге сүйенсек, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған екен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни, 1399 жылы Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан 1935 жылы ­Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралған деседі. Соңғы кездері зерттеушілердің анықтауынша кесене құрылысы толық бітпеген. Оның кесенеге кіре беріс қас бетіндегі қабырғалар арасынан шығып тұрған тіреуіш ағаштардан байқауымызға болады.Тарихи деректерге сәйкес ХVІ ғасырда Сыр бойы қалаларына иелік еткен Бұқара ханы Абдолла ІІ осы кесенені толықтай бітіруді мақсат тұтып, біраз құрылыс жұмысын жүргізген.Кесененің алдыңғы порталындағы ойықтар мен қабырға арасындағы ағаштар сол кезеңнен қалған деседі. Әмір Темір кезіндегі негізгі жоба бойынша кесененің екі шетінде биік екі мұнара мен ортасында арка болуы керек.Қас беті көктүсті лазуркамен көмкерілуі шарт болған.Бірақ өкінішке орай айтулы кесененің бастапқы жобасын бітіру Әмір Темірге де одан 300 жылдай кейін өмір сүрген Бұқара ханы Абдоллаға бұйырмаған екен.
Несін жасырайық, көне шаһарға табан тигенде таңданбасқа болмады. Небәрі 2-3 жыл ішінде түрленген Түркістанның бүгінгі келбеті адам танымастай өзгеріп сала берген. Замана соққан жел дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Түркістан басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып, күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен» сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпенділердің арманы болған бақ мекенге бас сұғу бақыт емес пе?
Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркістанды салыстыру танымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – өткеннің ғибратты тұстарын жаңа заман контексінде лайықты көрсете алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өркениетті концепциясы болады. Біздіңше, Елбасы идеясымен жаңарған бүгінгі Түркістан осы бағытты қатаң, жүйелі ұстанып отыр. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы тамашалаған дұрыс. Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен Сарай» көптің қызығушылығын тудырып тұр. Мұнда ағылып келіп жатқан туристер де көп. Ұлы Жібек жолының бойындағы өзгеше өрісті һәм келісті жаңа шаһардың шырайын көзбен көргеннің жөні бір бөлек боларын ұғындық.
Бүгінгі Түркістан қайта түлеген, жаңарып, жасарып, өркен жайып келе жатқан алып қала.Бабадан мирас болған ұланғайыр атамекенімізде пенденің түсінігінен тысқары, тылсым күшке толы қасиетті орындар жетерлік. Өткенге екпін беріп, өшкенді қайта жаңғыртқан Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тарихқа қайта жан бітірді. «Дүниеде, тарихта туған елден артық ел бар ма? Ер жолымен өткен елдердің тарихынан сұлу тарих бар ма?!.» деген атақты Асан Қайғы бабамыз кіндік қаны тамған жер мен елден артық жерұйықты таппаса керек. Бірақ, бүгінде қасиетті жердің қадірін біліп, лайықты бағасын бере алмай жүрген жайымыз бар. Әйтпесе, шетін қусаң шексіз, тарихы тереңге жайылған, жұмырбасты пенденің санасына сыйымсыз, жұмбағы Жаратқанға ғана аян жерлердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жырақта орналасқан Үкаш ата зираты дер едік.
 Бүгін аңызда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған Үкаш ата жайлы тарқатпақпыз. Оқ атса өтпейтін, қылышпен шапса кеспейтін батыр баба болмысын аңыз-әфсаналар осылай бейнелейді. Әулие басына барар бағытты «Түркістан медиа холдингі» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен бастап барды. Үкаш ата кесенесіне бас сұқпас бұрын, әуелі сол жолда орналасқан Ерқоян сахаба қабіріне тоқтап, құран бағыштағанды жөн көрдік. Ол Серт ауылынан 8 шақырымдай жерде орналасқан. Ерқоян Үкаш атаның ең сенімді серігі болған деседі. Сондықтан, бұрын зиярат етушілер Ерқоянға түнемей, Үкаш атаға келмейді екен. Үкаш ата тірі кезінде оған келушілер әуелі Ерқоянның алдынан өтіп, кейін Үкаша атаға жолыққан көрінеді. Біз де бұл үрдістен жаңылмай, әуелі Ерқоян сахаба қабіріне кідіріп, Құран бағыштадық.
Халық арасында айтылатын аңызда «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Жергілікті тұрғындар «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген». Осы әңгіме ел арасында кеңінен тараған. Үкаша сахабаның арғы атасы Мұхам­мед­тің қауымдарына, үмбеттеріне, дінін жалғастырушыларына Алла тағала көп жеңілдіктер беретінін кітаптан оқиды. Сол кітаптарда жазылғандай, «Өткен жүз жиыр­ма мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз пай­ғамбардың қауымдарын қияметте өзім сұрауға аламын, анасынан туғаннан өлген күніне дейін жауап бергіземін, ал соңғы пайғамбар Мұхаммедтің қауымдары, қай күні, қай жаста тәубаға келсе, мен сол күннен бастап анасынан жаңа­дан туғандай етіп, бүкіл күнәсін кешіп жіберемін. Қиямет қайымда Мұхаммед Мұстафа саллалаһу алейки уассалам (с.а.у.) өз қауымына шапағатшы, жаннатқа кіруіне жәрдемші болады», дейді Алла тағала.
Үкашаның бабалары кітаптан соны оқып: «О, шіркін, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің қауымына үмбет болып сол заманда неге туылмадық екен, қиямет қайымда Мұхаммед пайғамбарымыздың шапағатымен жаннатқа кірер едік», деп арман қылып отырып, қалғып кетіпті де түс көріпті. Түсінде Алланың періштесі Жәбірейіл алейки салам (а.с.) аян беріпті: «Сіз өкінбеңіз, сіздің осы мұң-зарыңыз Аллаға жетті, ұйқыдан тұрғасын, Алладан Мұхаммедке дейін араңызды жалғастыратын ұрпақ сұраңыз және Мұхаммедке (с.а.у.) өтініш хат жазыңыз». Ұйқыдан тұра сала әлгі пақырыңыз: «Әй, Мұхаммед, мен сіздің дүниеге мың жылдан кейін соңғы пайғамбар болып келетініңізді өзге пайғамбарлардың кітабынан оқып білдім. Мен сізге ұрпақтарым арқылы сәлем жолдап жазып отырмын. Мен осы аманатым сізге жеткен күннен бастап сіздің үмбетіңіз болайын, Сіз менің қияметте, Алланың алдында сұрауға алғанда шапағатшым, жәрдемшім болыңыз», деп хат жазады. Сонымен арада бірнеше ғасыр мен қилы-қилы замандар өтеді. Бір күндері арманы орындалар уақыт жетіп, ата-баба­сынан келе жатқан аманат сәлемін Үкашаға тапсыру бұйырылады. Көнекөз қариялардың айту­ын­ша, бұл кісі де түс көреді. Түсінде Жәбі­рейіл періште аян береді: «Үкаша, тұр орныңнан, саған соңғы пайғамбар Мұ­хаммедке (с.а.у.) бұдан мың жыл бұрын өткен бабаларыңның аманат етіп кеткен сәлем хатын жеткізетін күн туды, соңғы пайғамбарды Меккеден табасың», деп санадан ғайып болады. Содан Үкаша ұйқысынан тұрып, қуа­ны­шында шек болмай түйесіне мініп, көз­ден аққан жасы жүзін жуып, Меккеге сапар шегеді. Содан тау асып, теңіз кешіп жолда бірнеше уақыт жүріп, Мұхаммедті (с.а.у.) Үкаша Меккеден іздеп тауып, ислам дініне кіріп, мұсылмандықты қабылдайды. Ата-бабасының аманат етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жазып тапсырған шежіре аманат сәлемін Мұхаммедке (с.а.у.) тапсырады. Үкаша атаның қуаныштан жылағанын көргенде Мұхаммед (с.а.у) те қосыла жылап, Үкашаның алғашқы хат жазған ата-бабаларынан Үкашаға дейінгі ұрпақтың мұсылман болуын Алл­а­дан жалбарына тілейді. Алла тағала Мұхаммедтің (с.а.у.) тілегін, дұғасын қабыл етті, Үкашаның мың жылдан бері өзіне дейін мұсылман болғанын, қияметте шапағатшы болатынын айтқан Мұхаммед (с.а.у.): «Сенің бүкіл ата-бабаларың да, өзің де менің қауымым, үмбетім болдыңдар», деп Үкашаға бата береді. Бұл аңыз біз сөз етіп отырған мақала кейіпкерінің ислам дініндегі маңызын нықтай түседі.
Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы Үкаша ата жайлы біраз деректер қалдырған. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Осыған қарай отырып, Үкаша атаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болғандығын аңғаруға болады.
Тағы бір деректі қоса кетейік. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметінше, Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады дейді.
Үкаша ата мазарының айналасына жаратқан түрлі-түсті бояуды шашып жібергендей. Тау етегін қып-қызыл шиедей доланамен көмкеріп қойған. Бау-бақша. Сыңғырлаған бұлақ суы. Бір-бірімен үйлесіп, сұлулығы одан әрі ұштасып жатыр. Жан-жағына жарық орнатылған. Үкаш ата кесенесінен батысқа қарай 600 метр жерде тереңдігі 22-25 метр болатын құдық бар. Құдықтың үстіне киіз үй тәріздес шағын құрылым салынған. Халық арасында Үкаша ата құдығының суы жер асты арқылы Меккедегі Зәм-зәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар.
Түркі жұртының таңданысын тудырған бұл құдық жайлы қызықты деректер өте көп. Тіпті, күніне сан мыңдаған туристер келіп, құдықтан су алуға талпынады екен. Алайда, шелегін суға салған кез-келген пендеге су шыға бермейді. Бұл туралы зерттеушілер:
«...Бір жылдары Үкаша атаның басы түскен құдықтан аяқ асты бір тамшы су шықпай, бұған қоса, құдыққа салынған 70-80 шелек үзіліп, ішінде қалды. «Су көзі сарқылды ма?» деп құдыққа түскенде, адам айтса нанғысыз көріністің куәгері болған. Құдық тік емес, спираль тәрізді екен. Ал, 15 метрдей түскен соң, кенет биіктігі 12 метрдей, диаметрі 15 метр шамасындағы кең үңгірге тап боласың. Оның пішіні қазақ киіз үйіне өте ұқсас. Және бір таңқалатыны, үңгірдің түбі құп-құрғақ, тек бір шетінде мөп-мөлдір бұлақ ағып жатыр. Арнайы іздеп түскен шелектер өзен бетінде тізулі тұр екен. Құдықтың ішіндегі су шын мәнісінде құбылаға қарай ағады. Ал, оның бір жақ қабырғасында 10 метр биіктікте аппақ гүлдер жоғары қарай өрлей өскен. Құдықтың ішін кішігірім зерттегенде байқағаны, жоғарыдан қарағанда аядай болып көрінетін құдықтың ішінде бір емес, үш үңгір бар екен. Екеуі арғы бетінен дәу таспен бітелген. Ал, үшінші үңгір 4-5 метр жүрген соң тарылып, сыймай қаласың» деседі. Осылайша, құдыққа қауға салған кейбір адамға су шықпай, шелек құр қайтуының сыры да ашылғандай болыпты. Жоғарыдан тасталған шелек құдықтың бұрама жерінен өткенде шыркөбелек айналып, жердегі көк тасқа соғылады. Тас пен бұлақтың екі арасында тереңдігі 60-70 метрдей қазандық бар. Қасиетті құдықтың суы бұйырмаған адамның тастаған шелегі сол «қазанға» түсіп, бос қайтады екен де, ал, «ниеті дұрыс, жүрегі таза» адамның шелегі құдықтың екі жағындағы жырамен жылжып барып, бұлаққа жететін көрінеді.
Үкаша ата қалай қаза тапты?
Аңыздарды ақтарып қарасақ, соңғы Пайғамбардың күзетушісі болған Үкаша ата туралы көптеген мәліметтер бар. Мұхаммед Пайғамбар 61-ге толған кезде Жебрейіл періште келіп, «Пайғамбар ретінде міндетіңді атқардың, енді өз туысқандарыңның ортасында қарапайым болып ғұмыр кешесің» деген екен. Мұны естіген Алланың елшісі қарапайым пенде ретінде өмір сүре алмайтынын, ендігі көкке ұшып, Алланың қасына барғысы келетінін айтып, жалбарынады. Бұл тілегін Тәңірі қабыл етіп, Пайғамбар қоштасарда ағайын-туыс, дос-жаранның барлығын жинап, қарызы бар-жоғын сұрайды. Сонда Үкаша ата тұрып, ертеректе арқасының осқанын, соның өтеуін алғысы келетінін айтады. Киімін жоғары көтеріп, жауырынын тосқан Мұхаммед пайғамбардан 3 сәуле тарап, Үкаша атаға қонған екен. Осыдан кейін, ол шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін қасиетке ие болады. Үкаша ата ислам дінін таратумен белсене айналысқанын жоғарыда айтып өттік. Міне, ол бүгінгі қазақ жеріне келіп, дінді халыққа насихаттап жүргенде, дұшпандарын тым көбейтіп алады. Оның өлімін тілеушілерде сан жоқ еді. Үкаша атаның осал тұсы намаз оқып жатқанда, қылыш пен оқ өтпейтін қасиеті жоғалып кететіндігі еді. Осыны біліп алған дұшпандары, таң намазының үстінде басын шауып алған екен. Дегенмен, бас ешкімге ұстатпай, домалап, Алланың құдіретімен найзағай жарған құдыққа келіп, түсіп кетеді. Тарихшылардың айтуынша, сол құдық Меккедегі Зәмзәм бұлағымен жалғасып жатқан көрінеді. Оған дәлел – Үкаша атаның басы сол құдықтың түбінен табылып, Мұхаммед Пайғамбардың аяқ жағына арнайы жерленгендігі. Үкаша ата басының Алла елшісінің мүрдесінен төмен жатқанын Жаратқаннан шын сұраған екен дейді көнеден келе жатқан аңызда.
Баба түкті Шашты Әзіз – батырлардың пірі еді
Түркістан қаласынан кеш бата теріскейді бетке алып жолға шықтық. Кентау-Созақ тас жолына түсіп алып, Қаратаудың биік Тұрлан асуынан аса отырып, Ащысайға аз-кем аялдадық. Бұл жақтың таулары біздікіндей аласа емес, аспанмен тіресіп тұр. Тас жолға имене келіп, ентелей тоқтаған жарқабақтардан көзге анық көрінетін қожырайған тас­тар төбеңізге құлап кетердей-ақ қауіпті һәм сұсты көрінеді. Биік таулардан түнде өттік. Табиғаты көркем жерді тамашалап, тоқтағымыз келді, бірақ біз діттеген жер бұл емес. Бағытымыз сонау Жамбыл обылысының Жаңатасымен жапсарлас жатқан Құмкент. Жол соқты болып, түннің жарымынан ауа Құмкенттің оңтүстік-шығысындағы Жылыбұлақ деп аталатын көкорай шалғын жерде жатқан баба басына барып бірақ тоқтадық. Мұнда бізді Асылхан деген шырақшы күтіп алып, зиярат етушілерге арналған қонақ үйге түсірді. Таңертең тұрып,кесене басына барып құраннан дұға бағыштадық. Сол маңдағы ауылдан қой алдырып, құрбан шалып, садақа тараттық. Құмкенттік тұрғындар баба басына келіп, ниет етіп, құрбан шалатындар үшін қорасында қойын бордақылап, әзір отырады екен. Ақысын берсеңіз таңдаған малыңызды осындағы санитарлық талапқа сай әзірленген пунктте жайғап та береді. Кесененің айналасын қоршап, тал-терек, бау-бақша, гүзарлармен көмкеріп қойған. Шырақшының үйінен бөлек, ниет етушілерге арналған қонақ үй, асхана, 200 адамға арналған жаздық жабық сәкі бар.
Шырақшының айтуынша, негізінен Баба Түкті Шашты Әзизге арналған алғашқы кесенені 18 ғасырдың ортасында Бостан датқа қарнақтық Айтқожа деген ұстаға салдырған. Уақыт өте ескірген кесенені 1996 жылы Серікжан Сейтжанов қайта салып шығыпты. Бірақ, екінші рет салынған бұл кесене де қайта жаңғыртуды қажет етсе керек, соңында Ергешбек Нұрсадық деген азамат 2006 жылы түбегейлі жаңадан тұрғызған екен.
Кесене іргесінде бұлақ суынан жиылған көл бар. Көлдің ішіне балықтар жүзеді. Зиярат етушілер оларға жем шашып әдеттендірсе керек, жағалауға жақындасаңыз адамға үйірсектейді.Қасиетті саналатын бұл балықтарға тиісуге болмайды. Шырақшының айтуынша, балықтар биыл бір ай ораза тұтыпты.Құдайдың құдіреті демеске лаж жоқ, әлгі балықтар күн шыққаннан іңір түскенше әдеттегі үйреншікті жем жейтін орынға жоламай қойған көрінеді.
Қысы-жазы демей, үздіксіз келіп жатқан зияратшылар бұлақтың суына бір түспей кетпейді екен. Суы шипалы. Біз барған уақыт қазанның қара суығы әлі ұрмаса да таңертеңгілік кез салқын. Соған қарамастан киелі суға түсіп алдық. Тынысыңыз ашылып, денеңіз сергіп, бір жасап қалады екенсіз.
Жалпы, Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылы бір кездері шығыс пен батысты байланыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі болған деседі. Мәселен, Қытай – Қашқар – Алматы жолы мен Үндістан – Пәкістан – Ауғанстан арқылы Ферғана жазығындағы Ыстықкөлді орай өтіп, Таразға келіп тоғысатын екі ірі керуен жолдар Тараздың тұсында солтүстік және оңтүстік бағыттарға қарай тағыда екіге ­айыр­­ылатын болған. Оңтүстік бағыт Сайрамға қарай бұрылып, Қазығұрт асуы арқылы Самархан, Бұқара, Үргеніш, Хиуа арқылы жүріп отырып Иранға соғып, одан әрі Византияға бірақ барған. Ал, солтүстік бағыт осы біз сөз етіп отырған Құмкентке келіп, Созақ арқылы Жаңақорғанға шығып, одан Сырдарияны жағалай отырып, Сарайшық – Астрахан – Қырым барып, одан су жолы арқылы Венециядан шыққан екен. Міне, осындағы солтүстік Жібек жолының қақпасы саналатын Құмкентте Баба Түкті Шашты Әзиз жатыр.
Баба Түкті Шашты Әзіз қазақ фольклорында жиі кездеседі. Көбіне ол эпос­тарда басты кейіпкерді тура жолға бас­тайтын ұстаз, әулие кейпінде кездеседі. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында ол Байбөрінің түсіне кіріп, ұлы мен қызының туылатындығы жөнінде аян береді. Аңыз бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіздің бүкіл денесі түктерге толы болғандықтан оны Баба Түкті Шашты Әзіз деп атаған екен.
Баба Түкті Шашты ӘзІз эпостарда
Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің кереметтері батырлар жырында да үнемі кездесіп отырады. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында батыр жауға аттанғалы түрғанда анасы былай жалбарынады: Қалғып кетсе, қағып жүр, Адасып кетсе, бағып жүр. Қозыма келген пәлені, Ықылас ата, Шашты Әзіз. Осы кеткен қозымды, Тек тапсырдым қолыңа… («Батырлар жыры», 1-том). Ал, «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға, онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсырады. Сөйтіп, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған-қысылған шақта сүйеніші, баласы жоқтарға бала сұрап әперуші, жарылқаушы, ақ тілеулі аналардың жалбарынғанда медет қылар пірі екенін ұғындық.
«Ертеде Меккеге қажыға барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан соң Әлем-Мұзтазы – Сейіттің, содан соң осы Шашты Әзіздің қабіріне барып тауап ететін болған» делінеді (2-т. 6-бет).
Баба Түкті Шашты Әзіз жайында әрқилы пікірлер де айтылып келеді. Мәселен, «Қажыға барған казақтар» атты кітапта («Ана тілі» баспасы, 1996 ж.): «Қожа Ахмет Йассауидің әкесі Баба Түкті Шашты Әзіз…» деп жазылған. Бізге мәлім шежіреде және ең соңғы табылған «Насаб-нама» атты еңбекте Баба Түкті Шашты Әзізге қожалар әулетінің ешқайсысынан орын берілмеген.
«Қазақ Совет энциклопедиясында»: «Баба Түкті Шашты Әзіз – қазақтың ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын бейнелердің бірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректе оның шын есімі – Баба Туклас. Оның әкесі керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған деп айтылады. Енді бір деректер бойынша ол Қожа Ахмет Йассауидің арғы бабалары, ислам діні Орта Азияға тарай бастағанда өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы, (VIII-XI ғ.ғ.), үшінші мәлімет бойынша Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлыбек деген ұлынан Едіге батыр туған.
Бұл жөнінде әйгілі Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстыру үстінде: «Оның арғы бабасын мен айтсам, Шашты Әзіз деген нәрт еді. Қағбада кырық жыл патшалық күрған мәрт еді» – деп жырлайды.
Баба Түкті Шашты Әзіз Ысқақ баптың замандасы, жасы кіші болса да ақыреттік жолдасы болған адам. Ислам дінін дала түріктеріне ендіруде сол елдің басшысы, көсемі ретінде Шашты Әзіз әулие үлкен еңбек сіңірген. Ол бұған дейін қылыштың жүзімен, әскерінің көптігінен дүниені жаулап келе жатқан араб әскерлеріне қарсы шықпай, мәмілегерлік жолмен, бейбітшілік арқылы жаңа дінді өз халқына ендіруші болып саналады. Ысқақ баптың алғашқы шәкірті, бүкіл түрік даласының ең алғашқы қажысы болып саналады.ЫСҚАҚ БАБА – ИСЛАМДЫ АЛҒАШ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ТАРАТУШЫЛАРДЫҢ БІРІ
Рухани танымдық сапарымыздың барысында Созақ ауданы, Баб ата ауылының маңындағы Ысқақ баб бабамыздың кесенісін айналып өте алмадық. Осы мақаланың алдыңғы бөлігінде жазғанымыздай Ысқақ баб Қожа Ахмет Йассауидің 13-ші атасы. Баба Түкті Шашты Әзиздің ұстазы болған деседі. Ал, Шиелі халқы үшін киелі саналатын Оқшы ата дәл осы Ысқақ бабтың баласы деген мәлімет бар. Жалғыз Шиелі емес, Сыр бойы халқы үшін әулие саналатын Оқшы атаның шын аты – Ибраһим шайхы болса керек. Бұл оны Ысқақ бабтың баласы деп танығандықтан туған ұғым болса керек.
Баба түкті Шашты Әзіз бабамыздың кесенесіне жасаған сапарымыз біздің таным көгжиегімізді кеңейтіп, әрі оның замандасы, ислам дінін таратушылардың бірі Ысқақ бабтың кесенесін көріп, тың деректер білуге деген қызығушылығымызды арттырды. Сондықтан көп ойланбастан аттың басын Созақ ауданы, Баба-ата ауылының солтүстік шетінде орналасқан Ысқақ баб кесенесіне бұрдық. Әріптестерімізбен көрген-білген деректерімізді айтып, пікір алмасып отырғанымзда 20 шақырымға жуық жолды қалай тез еңсергенімізді аңғармаппыз.
Алдымыздан кесененің шырақшысы Әнуар Ахметов шықты. Амандық-саулық сұрасып, сапар мақсатына қаныққаннан кейін Ысқақ баб кесенесіне жол бастады.
Мемориалды кешен 30 гектар аумақты алып жатыр. Бұл жерде 24 құжыралы медресе, мешіт, сонымен қатар заманында терскейде аты төрге озып, ел басқарған датқалардың кесенесі бар екен. Соның ішіндегі ең еңселісі Ысқақ бап кесенесі. Ішкі бөлмелері гипспен сыланып, қабырғасы михрабпен безендірілген. Сондай-ақ, кесене маңындағы құлпытаста оның пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жетінші ұрпағы екендігі, әрі Құл Қожа ­Ахмет ­Йассауи бабамыздың түп атасы екендігі айқын жазылған. Кесененің биіктігі 14 метр болса, жалпы аумағы 350 метр. Әйгілі Әмір-Темір Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауиге кесене саларда Ысқақ бабтың кесенесінің көшірмесін алдырған деген аңыз бар. Екі кесене біріне бірі ұқсас. Тек көлемі мен биіктігінде айырмашылық айтарлықтай алшақ жатыр демесеңіз.
Кесене ішіне кіріп, зиярат етіп, құран оқып, бет сипастық. Шырақшыны сөзге тарттық.
Кесене маңында ертеде Баладж деген қорғанды қала болған. Ұлы Жібек жолының жойылуымен бірге қалада жермен жексен болса керек. Кешегі дінді «апиын» деген заманда Ысқақ баб кесенесі де қиратыла жаздапты. Бұған кешеннің айналасындағы шағын мазарлардың бұзылған көрінісі дәлел болса керек. Кеңес өкіметінің кәрінен мұз қатып, «тәртібінен» тоң сіресіп тұрған заманда кешен аумағындағы мешіттер бұзылып, мазарлар қиратылып, ауылдық советтің ғимаратын салуға пайдаланыпты деседі. Руханият пен дінге келгенде уәжге тоқтауды білмейтін тоқырау заманның уәкілдерінен 24 құжыралы медресе мен кесененің өзін ауыл жұрты әуппіріммен аман алып қалған екен. 24 бөлмені 24 отбасыға баспана ретінде беріп, кесененің өзін қойма ретінде пайдаланамыз деп сендірген.
Тарихи жазбаларда Ысқақ баб Түркістанға хижраның 150-ші жылдары, яғни қазіргі жыл санауымен алғанда 762-767 жылдары келгені айтылады. Сол кездегі дала түріктерінің ең соңғы шекарасы болып саналатын Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтанып қалған. Сол жерге мешіт, медресе салып, бала оқытып, қазақ тайпаларын исламға уағыздаған. Аңыздарға сенсек, Ысқақ баб ең алғаш 767 жылы өз әскерін бастап Түркістан мен Сырдария жерлерін бет алып келе жатқанда Баба Түкті Шашты Азиз бабамыз оның түсіне кіріп, аян арқылы алғаш болып ислам дінін қабылдаған деседі. Ысқақ-Баба дінді қан төгіссіз таратуды көздеп, әскербасыларына соғысты тоқтату жөнінде тапсырма беріп, «Мұсылмандық әсте-әсте» қағидатын ұстанды. Содан соң Ысқақ-Баба даңқты сардар Баба Түкті Шашты Әзізді өзінің қолбасышысы етіп тағайындайды. Мұндағы бір мақсат – оның атақ абыройын пайдаланып, қаратаулық қазақтарға ислам дінін қан төгіссіз тарату еді.
Аңыздарға сенсек, Баба Түкті Шашты Әзіз 200 мыңнан астам адамды исламға бейбіт жолмен кіргізген көрінеді. Ақсақалдардың айтуынша, Ысқақ баба Алланың құдіретін көрсеткісі келіп, Шашты Әзізді лаулаған отқа салады. От толықтай жанып болғаннан кейін тұрғындар еш жерін күйік шалмаған, Құран аяттарын оқып тұрған Баба Түкті Шашты Әзізді көрген екен. Ысқақ баба қайтыс болған кезде оның қабірінің үстіне Созақ даласында алдымен тас үй салынды. Кейінірек мұнда кішкентай мешіт салынды, ол біраз уақыттан кейін құлап қалған. Нағыз кесене 1820-1830 жылдары салынған деген де дерек бар.
Енді осы орайда «Насаб-нама» кітабынан қысқаша үзінді келтіре кетсек. Көзі қарақты оқырман ол деректерден біз сөз еткен Ысқақ баб туралы ескі деректерді ой елегінен өткізе отырып, мақаланың маңызына дендей түспек.
– Уа Шахи Мардан Хазіреті Әли Карамуллах Уәжқаһудің ұлы имам Мұхаммад Ханафийа ради Аллаху та ала анху. Оның екі ұлы болды. Бірінің аты Шаһ Абд ал-Фаттах және екіншісінің аты Шаһ Абд ал-Маннан еді. Шаһ Абд ал-Фаттах нәсілі Шам, Шамат елдерінде патшалық құрды. Абд ал-Фаттахтың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Жаббар және бірінің аты Абд ал-Уаһһаб еді. Абд ал-Жаббардың да екі ұлы болды.Бірінің аты Абд ал-Жәлил және Абд ал-Қаһһар еді. Абд ал-Қаһһардың екі ұлы болды. Бірінің аты Абд ал-Рахман және бірінің аты Абд ал-Рахим еді. Абд ал-Рахманнан екі ұл болды. Бірінің аты Ысқақ бап, бірінің аты Абд ал-Жалил бап. Абд ал-Рахман Шам Уалиятының патшасы еді.... Абд ал-Рахманның опатынан соң Ысқақ бабқа патшалық берді. Інісі Абд ал-Жалил баб Иемен патшасы еді. Абд ал-Жалил бабтың лақабы Хорасан ата дейтін.
Осы кітапты тереңдей оқи түссеңіз оқиға желісі төмендегіше өрбиді. Яғни, Шам (Сирия) патшасы Ысқақ баб пен оның інісі Иемен патшасы Хорасан ата екеуі бірге әкелерінің інісі Бағдат (Ирак) патшасы Абд ал-Рахимге келіп, Орта Азияға бірігіп ғазауат жорығын жасауға кеңескен. Әрі қарай шежіреде – «Ай, атамыздың інісі Абд-ар-Рахим, Хақ тағала ризалығы үшін біз барсақ. Өзгенд, Ферғана, Муғ тарсарларымен соғыс қылсақ дін халқы үшін қылыш ұрсақ, иманға да уат қылсақ» деді.Абд ар-Рахим: «Бұл жақсы мәслихат» деді. Бұл хижраның 150 жылы еді, – деген деректер бар.
Не керек осы кеңестен кейін Орта Азия оның ішінде қазақ даласына қарай біріккен араб патшаларының 160 мың әскері жорыққа шыққан екен.
Аңыз түбі ақиқат десек, сонау 760-70 жылдары бірі Сирияда, енді бірі Иеменде патшалық құрып отырған ағайындылар қазақ жеріне келіп, осында мәңгілік байыз тапқанға ұқсайды.
Н.Пірімбет
09 желтоқсан 2022 ж. 265 0