Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКСЕГЕНІ КӨКПАР МА, ӘЛДЕ...

КӨКСЕГЕНІ КӨКПАР МА, ӘЛДЕ...

«Батыс еуропа-Батыс қытай» автожолымен жүйіткіп келе жатқан Қайрат досым кенеттен көлігінің тежегішін басып, жылдамдығын бәсеңдетіп, шығыс жақтан шыққан көк ала шаңға қарап тұрып қалды. Алғашқыда оның даңғыл жолда дәл бұлай тоқтағанын түсінбей, сол баяғы ескі көліктің еркелігі болар деген ойда едік. Кейін ол ойымыздың қате екенін білдік. Алыстан көрінген аласапыран аспанды торлап, жылқы тұяғының дүбірі дүниені дүрліктіріп барады. Сырттан қараған жанға ат үстіндегі айқас, ертегі мен аңыз әңгімелерден оқыған кешегі жаугершілік заманды еске салары анық. Ал, бойында қазақтың қасық қаны бар қазақ баласын осылайша жолынан тосып, өзіне магнитше тартқан бұл тобыр біз айтып жүрген нағыз ұлттық кодтың өзі дерсіз. Өйткені, көк серкені сүйреткен шабандоз бен қиқуға басып делебесі қозған халықты көргенде еріксіз осындай ойға ораласыз.
Көлігімізді тоқтаған жеріне тастай сала біз де «табанға» қарай асығыс жүріп кеттік. Сонау Кеңес заманынан бері талай жиынды өткізіп, бәйге, көкпар, теңге алу сынды ұлттық ойындарымыз өтетін орталыққа айналған ескі иппадромда осы жолы аттың қарасы көп екен. Шабондоздар да сенбі сайын көріп жүрген таныс жігіттер емес. Арасында аты да, заты да бейтаныс балуандар бар көрінді. Кейін сұрастыра келе білдік, бұл ауданымызға белгілі бай-манаптың осы көктемде үйленген баласының тойына арнап беріп жатқан көкпары екен. Салым басына түйе тігіліп жатқанын естіп, Шиелінің шабондоздарын айтпағанда, Жаңақорған мен Қызылорда қаласынан бірнеше ат келіп қатысып жатыр. Сол жердегілердің айтуына қарағанда біз келгенше 20-30 салым аталса, соның ең төменгісінің өзі 10000 теңге болды дейді. Әйтеуір, бәйгеге тігілген ақшада есеп жоқ. Тағы бір байқағанымыз ортадағы ақалақшыдан бөлек халық жиналған жерде арнайы дауыс күшейткішпен ойында бір кісі тұр. Не керек, той иесінің көрермен мен көкпаршылар үшін бар жағдайды жасағаны көзге көрініп-ақ тұр. Бірақ осындай қомақты қаржы тігіліп, облыстық деңгейде ұйымдастырылған ұлттық ойынның біртүрлі сүреңсіз өтіп жатқаны мені таңқалдырды. Әлгі жерде ортадағы ақалақшы өгіз өлдіні хабарлап жіберген уақытта бір-бірінің атын жетектеген қос шабандоз ортаға кірді де серкені саспастан тақымына қыстыра салып, сол бойда топтан сытылып шыға жөнеліп еді қалғаны еш қарсылық білдірместен қарап тұра берді. Тіпті, той иесінің көңілі үшін өтірік болса да ат артынан қумайды ғой сабаздарың. Сонда бұл не болды? Түкті де түсінбедім. Әлде, бүгінгінің балуандары көкпарды осылай шабатын болған ба?
Әйтеуір, менің мына көріп тұрғаным баяғы бала күнімде көретін көпарымнан мүлде бөлек. Бұрын нартайлық Еркінбек шабандоз тәтемнің Қара атымен доданы жарып кіріп, серкені секундта жерден көтеріп тақымына баспастан шаба жөнелгенде, Еңбекші мен Жиделінің гөр тақым балуандары ағайында Үмбет, Қайрат Қошпановтар бастаған өр рухты жігіттер артынан қуа жөнелетін. Мәреден мәреге дейін қарсыластың атын қайырып, бір-бірінен қашан серкені жұлып алғанша тартысушы еді. Әлі күнге дейін есімде қаны қызып, көздерінің алды тұманданып кеткен шабондоздар қызды-қыздымен ауылдың ішін аралап шауып, тақымындағы көкпарын түсірместен кісінің қорасынан қарғып өтіп, көк серкені мәреге апарып салып жатқан сәттер. Әсіресе, Қайрат ағамыздың екпініне-екпін қосып шауып келе жатқан ат үстінде сағызша созылып, жылқы жалына жата қалып, қарсыластан серкені тартып алатынына риза болған жиналғандар «әй бәрекелді», «қолыңнан айналайын» деп қошеметтерін білдіріп жататын. Той иесі мен халықтың ықылас, алғысын алу үшін атқа мінген азаматтар ешқашан додаға дүниені көздеп кірмейтін. Керісінше, серкесі мәреден алысырақ түсіп жатса, онысын өздері адалдамай қайта шабатын. Бір ғана сөзбен айтқанда олардың санасында «аламанда атаң келсе де көкпарды өліспей беріспеу керек» деген ұғым болатын. Ал, қазір ше? Қазіргі көкпаршылар қызық үшін емес, қорадағысын көбейту үшін көкпар шабатын секілді. Өйткені, ішін ара келісіп шабу, қарсыласынан серкені ала алмаған жағдайда өзін-өзі жерге жыға салуы сынды түрлі әрекеттер бүгінгі көкпарда жиі көрініс алып жүр. Әрине, аудан намысын жыртып жүрген барлық шабандоз осындай әлсіз деуден аулақпыз. Дегенмен, ұлттық ойынымыздың алдында ұятты істерге барып жүрген бауырларымыз да баршылық. Тіпті, мықты балуанды өз атымен шабуын күштеп көндіріп, қалай да ірі салымды өзіне алып қалуды көздейтін пысықайлардың да бар екенін ел айтып жүр.
Міне, баба мұрасының бүгіні осылайша ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатыр. Ал, осындай қателікті көре тұра, көз жұма қарағанымыз көкпардың болашағына балта шапқанмен тең емес пе? Сол үшін, атқа мінген ағайын, халық мұрасын қалыпында сақтап, қал-қадірімізше болашақ ұрпаққа таза күйінде аманаттай білсек сауаптың үлкені сол болмақ.

Елдос ЖҮСІП
11 желтоқсан 2022 ж. 170 0