Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмаяда атшабар ашылды

Ақмаяда атшабар ашылды

Кез келген ұлттың қалыптасып, тұғыры биік болуы үшін, әуелі оның салт-дәстүрі, руханияты, тарихы, діні, ұлттық идеологиясы мықты болу керек. Сонда ғана ол ел өміршең, қандайда бір қиыншылыққа қарсы тұра алатын рухани иммунитеті жоғары болады. Ал рухани әлсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр, алар асуы да күмәнді.
Осыдан біршама уақыт бұрын елімізде ұлттық ойындарымызды жаңғыртып, келешек жастардың осы бағытта тәрбиеленіп, өсуі мақсатында ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылған болатын. Құрылғанына көп болмаған бұл қауымдастық ұмыт болып бара жатқан ұлтты ойындарымызды осы заманға бейімдеп, жаңа нұсқада ұсынуда. Сондай-ақ жер-жерлердегі талантты жастардың республикалық байрақты бәсекелерге қатысуына жол ашып, спортшылардың шыңдалып, тәжірбие жинауына септігін тигізуде. Қазақ ежелден жылқы құлағында ойнаған, жауынгер халық. Құралайды көздеп атып, қыран құспен аң аулап, көкпар тартып, бәйге шапқан бабаларымыздан мұра болып қалған ұлтты ойындарымызды санасаң тауса алмайсың. Соның бірі көрген жанның делебесін қоздырып, қызығушылығын арттыратын көкпар ойыны десек артық айтқандық болмас. Тіпті көкпарсыз қазақты елестетуде мүмкін емес. Жалпы көкпар ойыны ер жігіттің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін тексеріп, ат үстінде мығым отыруға тәрбиелейтін спорт. Бабадан қалған ұлттық спорттың бұл түрі біздің өңір үшін таңсық емес. Ауданда республикалық сайыстардан үздік атанып жүрген шабандоздардың қатары қалың. Иә, елден мықты шабандоз шығу үшін оған қаншама жан тер төгеді. Мәселен, оның астындағы атынан бастап, ер-тұрманы, қолындағы қамшысы, киген киімі мен көкпар шабатын жеріне дейін шабандоздың қысылмай өнер көрсетуіне әсер етері анық. Ал біз айтып отырған бұл жұмыстар ұлттық ойынға шын жанашыр азаматтардың ғана қолынан келетін іс.
Жақында күнгейдегі Ақмая елді мекенінде сондай берекелі істің куәсі болып қайттық. Ауыл азаматтары өз қалталарынан қаржы шығарып, ұйымдасып, ауыл сыртынан шабандоздарға арнап, көкпар шабатын алаң ашты. Ұлттық ойын дәріптелетін бұл жердің құрылысына ауылдағы шаруашылық төрағалары мен кәсіпкерлер, жалпы ауыл тұрғындары тайлы-тұйағымен атсалысқан. Иә, кезінде Ақмаядан талай шоқпар білекті шабандоздардың шыққанын білеміз. Дей тұрғанмен, кешегі тоқырау заманда ауыл азаматтары ұлттық спорттың бұл түрінен аздап қол үзіп қалғанын жасыра алмаймыз. Осы тұста үзілген үмітті қайта жалғап, жас та болса бас болып, осы игі істің қасынан табылып жүрген Нариман ­Елеупановты сөзге тартып көріп едік, «Ақмая кешегі кеңес өкіметі кезінде 16 Еңбек Ерін шығарған мұқым елге танымал ауылдың бірі десем қателеспеймін. Ауылда сан түрлі ұлт өкілдері тұрса да барлығы ынтымағы жарасқан күйде бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Жаңадан ашылып жатқан атшабар сол ауылдағы бірліктің белгісі дер едім. Иә, ауыл жігіттері 23 жылдан кейін атқа қайта отырып, көк серкені тақымдарына басып жатыр. 23 жыл аз уақыт емес жай бір буын алмасып кетті. Сондықтан баяғы шабандоздарды көкпарға шақырып, жастарға қалай көкпар шабу керектігін де көрсетуді қолға алып жатырмыз» деп ағынан жарылды. Біз де ауылдың жанашыр азаматымен әңгімемізді осы жерден үзіп, салым аталып, көк серкеге таласып жатқан доданың ортасына астымыздығы күрең дөненді қамшылыған күйі қойып кеттік.

Елдос Жүсіп
15 қараша 2020 ж. 328 0