АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ АХУАЛЫ ҚАЛАЙ?
Тұрғындар арасында медициналық көмекке көңілі толмайтындар көп. Денсаулық сақтау саласының жұмысына айтылатын сын жоқ емес. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» тағы бар. Мемлекет тарапынан қолдау көп, қаржы да бөлініп жатыр. Қолға алынған бағдарламалар да баршылық. Десек те, жұмыс неге мардымсыз? Қызмет сапасы неге халықты қанағаттардырмай жүр. Осыған байланысты ауданаралық аурухананың жұмысын саралап көрейік.
Мемлекеттің ең бағалы капиталы – адам болса, оның денсаулығы – басты орында. Аудан бойынша 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 ауылдық емхана, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 13 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Бүгінде амбулаториялық емханалық мекемелерде барлығы 196 дәрігер және 882 орта буын қызметкері бар. Олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандырылған көмек көрсетеді. Демографиялық көрсеткіштер оң динамикаға ие. Ағымдағы жылдың 8 айында аудандағы халық саны – 78 714-ті көрсетіп тұр. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны – 27 735 болса, жасөспірім – 4216, ересектер – 46 763.
Өлім-жітім көрсеткішіне келер болсақ, өткен жылы 8 ай есепті мерзімде 329 адам көз жұмған. Ал биыл 319 адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 4,05 процентті құрайды. Енді Президент тапсырмасына сай «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына тоқталсақ. Бірінші кезекте балалардың, жастардың денсаулығына көңіл бөлінеді. Шалғай елді мекендердегі медицина әлеуетін көтеруге күш салынады. Осы орайда аурудың алдын алу, скринингтік тексерулер жүргізу сынды жұмыстар қолға алынбақ. Сондай-ақ жастардың денсаулық күтімін жақсартуға байланысты арнайы орталықтар ашу да жоспарда бар екен. Скринингтік тексеру демекші, биыл ауданда жоспар бойынша 26 452 адам аталған тексеруден өту керек болса, бүгінде оның 88 проценті орындалып отыр.
2022 жылдың 8 айында ауруханаға – 7013 науқас түскен. Бұл өткен жылмен салыстырған 440 науқасқа көбейіп отыр. Нақтылайтын болсақ, 3374-і жоспарлы түрде жатқызылса, 3640-ы жедел түрде жеткізілген. Ал басқа стационарларға – 134 науқас жіберілген. Жыл басынан бері 711 хирургиялық ота жасалған.
– Алдағы уақытта ауданда сала бойынша атқарылатын жұмыстар да баршылық. Атап айтар болсақ, цифрландыру бойынша межелі индикаторларға қол жеткізу. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің электронды түрде көрсетілуін қамтамасыз ету. Онкологиялық қырағылықты күшейтіп, көзбен көріп, қолмен сипап сезетін қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтау. 65 жастан асқан тұрғындарды профилактикалық тексерумен қамту. Сондай-ақ, арнайы бала даму кабинетіне балалардағы есту қабілетінің төмендігін ерте анықтау мақсатында аудиометрияға сұраныс берілу жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы Н.Әмір.
Дәрігерлер тек адам емдеп қана қоймайды. Жыл сайын түрлі өзгерістер енетін денсаулық саласы да қағазбастылықтан арылмай келеді. Жә, айтпағымыз бұл емес.
"Өскен өңір" ақпарат агенттігі