ҚАЗИ ҚОЛТАҢБАСЫ
Шығармашылық адамы оның ішінде журналист мамандары үнемі ізденіп, біліп, түсініп, оқып отыруы қажет. Әсіресе, қарымды қаламгер публицистердің көтерген мәселелері, қалам тербеген тақырыптарын жиі оқып, олардың жазу стилі мен ұтқыр идеяларынан тәлім алып отыруға тырысамыз.
Университеттің соңғы курсында оқып жүріп өндірістік тәжірибеден өтуге облыстық «Сыр бойы» басылымына сұрандым. Бұл газет – өңірлік журналистиканың бастау бұлағы болғандықтан, редакция қабырғасында жүріп, мұндағы қаламгерлердің қасында отыру бізге мақтаныш еді. Себебі басылымда Сыр журналистикасына ғана емес, есімі республикаға белгілі журналистер қызмет жасаған. Сондықтан да 90 жылға жуық тарихы бар басылым - Сыр өңірінің шығармашылық мектебі деп те айтылады. Өлкелік әдебиет пен журналистиканың рухани ошағына айналған басылымда ақын-жазушылар да қызмет еткен. Солардың ішінде ерекше атап айтуға тұрарлық тұлға – Қази Соңғыбайұлы Данабай.
Редакцияда тәжірибе жинақтап жүріп, мұрағаттан Қази ағаның журналистік жазбаларын мұқият қарап шықтым. Өйткені өзіндік ой, толғамды түйін жасау үшін білім, шығармашылық ізденіс пен тәжірибе қажет. Журналистке қажетті байқампаздық, ұлтқа деген сүйіспеншілік, әділдік, болжампаздық, батылдық, өткірлік секілді қасиеттерді Қази Соңғыбайұлының мақалаларынан көруге болады. Журналистің «Сыр бойы» газетіндегі мақалаларын оқып отырып, қай мәселені сөз етсе де өзіндік пікірі мен көзқарасын аңғару қиын емес.
Шығармашылыққа өлеңмен келіп, прозада дара қолтаңбасын таныта білген Қази ағаның журналистік жазбаларында да біздер үлгі аларлық дүние молынан кездеседі. Мәселен, журналист білім беру мәселесін жиі көтерген. «Мектеп: ақпараттандыру ахуалы ала-құла» атты журналистік зерттеуінде Қази аға бірнеше қала мектептеріндегі ақпараттандыру сабақтарына қатысып, бұл пәнге бөлінетін сағаттың неліктен кемітілу себебін анықтайды. Білім берудің әлемдік стандартына қосылудың кілті – ақпараттық сауаттылықта. Журналист мәселені тек сабаққа қатысумен ғана шектелмей, республикалық олимпиада көрсеткіштері, Қызылорда облысы мектептерінің интернет желісіне қосылу мүмкіндіктерін талдай келіп, бұл пәнге бөлінетін сағатты көбейтудің жолын да көрсетеді.
Қ.Соңғыбайұлы білім беру саласында қайта-қайта жазудан жалықпаған тақырыбы – Ұлттық бірыңғай тестілеу. «Жетістігіміз қандай, кемшілігіміз қайсы?», «Тестіден тиімді тәсіл бар ма?», «Қала балаларының білімі таяз ба?», «Ұрпақ алдында ұлы жауапкершілік алдық» мақалалары, «Сынақта техникалық өзгеріс бар» сауалнама Қызылорда облысы оқушыларының білім деңгейін сарапқа салады. Журналист колледж және лицейдегі білім беру сапасына да көңіл бөліп, арнайы мақала жазады. Білім беру саласындағы мақалаларында Қази аға ұрпақ тәрбиесі мен біліміне, кәсіби маманның біліктілігіне аса жанашырлық танытады. Әлемдік білім кеңістігінен өз орнымызды алу үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу міндетін көпшіліктің ойына жиі салып отырады. Бұдан Қази ағаның ұлтқа деген сүйіспеншілігін көреміз.
Журналист Қ.Данабай көтерген ендігі бір мәселе – ел тарихы. «Тағдыр мен тауқымет» атты мақаласы жер ауып келген өзге ұлт өкілдерінің естеліктеріне арналса, «Сарыарқа тағдыры» тың игеру жылдарының ащы шындығын сандарды сөйлете отырып айтса, «Экспедицияны кім жасақтайды?» атты проблемалық мақаласы өлке тарихына қатысты құжаттарды жинақтау мәселесін көтереді. «Жеріне жете зерттейік» атты мақаласында журналист шежірені ғалымдардың жазғаны дұрыс деген пікірін білдіреді. «Сибирский және басқалар...» атты мақаласында Ораз-Мұхаммедтің тағдырына байланысты деректер талданады. «Аманкелді мен Кенесары» атты мақаласында қазақ тарихына қатысты деректердің бұрмалануы және тарихты қайта жазудың маңыздылығы туралы ашына жазады.
Қази аға туралы естеліктерде оқығанда, өзі қалаған мәселені жазбай тынбайтыны, оның мақалаларына оқырмандардың жиі пікір білдіретіні, алыс ауылдан ол кісіні іздеушілердің көптігі туралы жиі айтылады. Тіпті журналист қайтыс болғаннан кейін де оны сұрап келушілер азаймапты. Оған себеп те жоқ емес. Ең бастысы – Қази Данабай көптің көкейіндегісін, жұрттың ойындағысын жазды. Ол тарихи тұлғалар, ескерусіз қалған есімдер, атақты адамдардың ұрпақтары жайлы көп зерттеген. Қазақ журналистикасында мұндай тақырыптарға Жанболат Аупбаев та жиі соғады. Қази ағаның «Аты аңызға айналған Жапекем...», «Қыл қаламға қонған періштелер», «Жетісудың жампозы», «Қоңыр кешті қоңыраулатқан», «Тұлпардың тұяғы», «Қаламгерлер қадір тұтқан Нұрекең», «Ұлы ақын ұлағаты», «Абдуләзиздің құдіреті» атты танымдық мақалалары мен очерктерінде адам тағдыры және оның еңбегі жайлы тамаша ой өрбітеді.
Болмысынан адалдықтың исі аңқып тұратын Қази аға тіл тағдыры, дін мен діл, адамгершілік, руханият мәселелерін де жіті бақылап отырған. Бақылап қана қоймай, қордаланған мәселенің шешімін қалай табудың жолын қарастырады, ұсыныс білдіреді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде бірінші кезекте құқықтық сауаттылық керек екенін жиі айтады. «Алтын арқау», «Тіліміз бен жанымыз», «Қос тілдің қолданыс аясы», «Тілегің түзу болса, тіл дамиды» атты мақалаларында қазақ тілінің өрісін кеңейту жолдары қарастырылса, «Ағылшын тілін қалай меңгереміз?» атты корреспонденциясында мектеп мұғалімдерінің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігіне көңіл бөлуді еске салады. Дін мәселесі көп тілшінің тісі бата бермейтін тақырып екені жасырын емес. Аталмыш тақырыпқа Қази аға «Ағымдар астарындағы ниет», «Бір тамырдан көктеген түрлі сенім» мақалаларында тереңнен ой қозғайды.
«Ділің таза болсын да...» атты мақаласында журналистердің сөйлеу мәдениеті, ұлтты сүюдің үлгісі, той дақпырты туралы өткір ойларын ортаға салады. Қази аға Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы, М.Шоқайдың ұлт үшін жасаған қызметін насихаттай отырып, ұлтшыл болу – перзенттік борыш екендігін түсіндіреді.
Қази Соңғыбайұлы пайдалы немесе пайдасыз адам болудың себептерін іздесе, қазақ дәстүріндегі той жасаудың бүгінгі көрінісін ашына жеткізеді. Бірде журналист оралманның жоғын жоқтаса, бірде тоқылдақтың жырын жырлайды. Ал енді бірде автоклубпен ауыл аралайды. Нарықтың қыспағында қалмаудың жолын қарастырғанда «Қымбатшылықтың кілтипаны неде?» екенін табады. Міне, біз таныған және зерттеп жүрген Қази қолтаңбасы. Журналистикада өзгеден бөлек жазудың, ойлауда ерек болудың үлгісін Қази Данабайдан үйренсек керек.
Оның қаламынан туған «Гүлдәурен», «Ақ кептер» хикаяттары кітап болып басылды. Тұңғыш өлеңдері «Көктем тыныс», «Дария жыры» жинақтарына енді. Сыр елінің танымал тұлғалары туралы онға жуық деректі кітап шығарды. Республикалық «Жалын» баспасының екі мәрте жабық жүлдесін жеңіп алды. Шығармашылық еңбегі «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Сағыныш екен бала кез» атауымен кітап болып шықты. Қ.Данабаевтың сан қырлы шығармашылық жолы әлі де болса жетесіне жетіп зерттеле қойған жоқ.
Қази ағаның өзі болмаса да оның артында қалған құнды дүниелері жас тілшілердің «Жақсының аты өшпейді» деген осындайда айтылса керек.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ