Мейірбек СҰЛТАНХАН, айтыскер-ақын: «АҚЫНДЫҚ - АЛЛА БЕРГЕН АБЫРОЙ»
– Соңғы уақытта Нартайдың мақамымен шығып жүргеніңді білеміз. Сұқбаттарыңның бірінде «Жыраулардың төкпе мақамдарына салуға әлі шеберлігім жетіспейтін секілді. Сол жағынан қысылып жүрмін. Бірақ Сырдағы жыршы, термешілермен жолыққан сайын солардан үйрену үстіндемін. Алдағы уақытта мақам жағынан жаңалық жасаймын» деген екенсің. Осы жоспарыңды қаншалықты жүзеге асырып жүрсің?
– Иә, қазір айтыста мақам жағы кемшін түсіп жатқаны рас. Өйткені, біздің алдымызда шыққан аға буынның әрбірінің мақамы өзінің жеке төлқұжаты сияқты көрінетін. Кешегі Қонысбай Әбіловтың, Есенқұл Жақыпбековтың, Шорабек Айдаровтың, Әселхан, Әсия апаларымыздың мақамдары әлі күнге халықтың құлағында сақталған. Одан бергісі Мелс Қосымбаев батысша екпіндетіп бастаған кезде желпінбеген қазақ жоқ шығар. Одан бөлек Әбілқайыр ағамыздың төкпесі қандай. Мұхаммеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбековтер де мақам саласына біраз жаңалықтар алып келді. Ал, қазіргі буын шындығында, айналдырған 5-6 мақамнан әрі аса алмай жүргеніміз жасырын емес. Ол – Бекарыс ағамыз салатын мақам, одан кейін Жетісудың мақамы, Әзімбек Жанқұлиевтің мақамы, сол секілді тағы екі-үшеуі бар. Осы мақамдар жауыр бола бастады. Сондықтан, өзім де осы бағытта ізденіп жүрмін. Кешегі айтыста да Нартай атамыздың жаңа бір мақамын шығарсам деген ой болған. Алайда, уақыт тығыз болды. Оның үстіне адамда бір қобалжу да болады екен. Сондықтан, ойымдағы мақамды шығара алмадым. Бірақ келесі айтыста міндетті түрде алып шығамын. Халық жылы қабылдаса, өзім ойдағыдай шығара алсам үлкен жетістік болар еді.
– Қазір біліміңді магистратурамен жалғастырдың. Болашақта ғылымның шыңынан көреміз бе?
– Иә, «Еуразия» Ұлттық университетінде әдебиет саласы бойынша магистратурада білім алдым. Әрине, ғылым жолындағы марқасқа академиктердің ізін жалғап, солар секілді бола алсақ деген үміт бар. «Дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп ұлы Абай айтқандай айтыстағы біліктілігімізді ғылыммен ұштастыра алсақ, бұл қазіргі айтыстың ең ұтатын тұсы болады. Сондықтан, алдағы уақытта ғылыммен айналысуға барынша тырысып жүрмін.
– Бүгінде Кенжебай Жүсіптің бастамасымен ауданымызда өзіңнің ізбасарларың қалыптасып келе жатыр. Бұдан хабарың бар болар. Жалпы, артыңнан ерген жас ақындар жайлы не айтасың? Сенім білдіріп, көңілің толатын жастар бар ма?
– Бір кездері ауданымыздан ақындар лек-легімен шықты. Алдымен, Кенжебай ағамыз бастаса, кейін Мұхтар Қуандықов ағамыз жекпе-жекте елдің мерейін үстем қылды. Одан кейін Еркін Садықұлы аламан айтысты дүбірлетті. Ізбасары болып Ержан Әміров екеуміз шықтық. Ол бір жарасым тапқан кезеңдер болды. Дегенмен, соңғы кездері бұл үрдіс тоқтап қалған секілді болып көрініп еді. Алайда, киелі Шиеліден, Бұдабай атамыздың туған жерінен ақындардың шықпауы мүмкін емес. Ақмаяда Мейрамбек деген бауырымыз бар. Алдыңғы жылы жастар арасындағы республикалық айтыста бас жүлде алған. Одан кейін Бекжан Ержігіт деген ініміз – Ержан Әміровтың туған інісі. Кешегі айтыста алғаш рет топқа қосылып, елдің ықыласына бөлене білді. Кенжебай ағамыз осыдан 2-3 күн бұрын «Шыңғыс деген баламыз шығып келе жатыр» деп айтты. Әрине, артымыздан ізбасарларымыз шығып жатса құба-құп. Кезінде Кенжебай, Мұхаметжан, Рахметулла ағамыз сияқты жастарға жол көрсете білсек біздің ағалығымыз сол болады деп санаймын.
– Суырып салмалық өнер саған кімнен дарыған?
– Негізі әкем өлең жазатын. Ешкімге көрсетпейді, бірақ менің өлеңдеріме түзету енгізіп беріп, өзі ойдан сәл-пәл шығаратын. Нағашы жағымызда да ақын кісілер болған. Әулетте өнер қуған, ақын болған ешкім жоқ. Бірақ, алты ағайынды болсақ, соның бәрі домбырада ойнайды, ағаларым гитара, әкем гармон тартады. Өнерге жақын әулеттен шыққандықтан, осы қасиетті ұштастырып, ақындыққа бет бұрдық. Әрине, суырып салмалық қазақтың қанында бар қасиет. Қай қазақтың түбін тартсаң атасы – ақын, бабасы – балуан, би шешен, ділмар болып шығады. Қазақта бір сөз бар «Түйе мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген. Ең бастысы, ақындық – Алла берген абырой деп білемін.
– Мектептегі балғын балалық шағың жайлы естеліктер айтып берші?
– 2000 жылы №47 Ломоносов атындағы мектептің табалдырығын аттадым. Одан кейін 3 сыныптан 5 сыныпқа дейін №219 мектепте оқып, қайтадан №47 мектепке ауыстым. Әрине, мектеп қабырғасындағы қызықтарды сағынасың. Ол кезде қашан есейеміз, ержетеміз деген ойлар болушы еді. Қазір сол кездегі ұстаздарды көргенде баяғы балалығың есіңе түсіп, бір күлесің, бір тұнжырайсың. Бір қызықты оқиға 2-сыныпта оқып жүргенімде «Хабар» арнасында күнделікті 14:20 кеткенде айтыс болады. Ал, сабағымыз 15:00-де басталады. Сонымен, бір күні сабаққа айтыс көріп, кешігіп барғаным әлі есімде. Сол кезде «сабағыңа кешікпей кел, айтыс саған нан болады дейсің ба?» деп бір апайым ұрысқан. Соны еске алсам күлкім келеді.
– Керемет! Қалай ойлайсың, биыл өзіңді «Алтын домбыраның» иегері ретінде көре аламыз ба?
– Ол бір Алланың қолында ғой. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді. Бірінші «Алтын домбырада» Мұхтар Ниязов ағамызбен финалға шығып, Мұхтар ағамыз бас жүлдені, мен І орынды алдым. Одан кейін ІІ-ІІІ орындарды қанжығамызға байладық. Бірақ осы «Алтын домбыраның» сәті түспей жүр. Оны алдағы уақытта көре жатамыз. Бұл жүлде қазіргі айтыстағы биік марапат болып тұр. Оған да қол жететін күн туар. Ең алдымен, Алашқа аталы сөз айтып, артымда «Мейірбек ақын айтыпты, былай депті» деп айтуға тұрарлық сөз қалса, алған жүлдеміздің ең төресі сол деп есептеймін. Дәулеткерей Кәпұлы ағамыздың айтыста айтқан жақсы сөзі бар еді: «Бәйгені кім алса да қазақ алды. Ешкімнің мен бақытын күндемеймін» деп. Сол секілді «Алтын домбыраны» сырттан ешкім алып кетіп жатқан жоқ, өзіміздің бауырларымызға бұйырып жатыр. Бақ пен бап шауып тұрса неге алмасқа, неге елдің мерейін көтермеске? Осындай жақсы жаңалықты өзім де күтемін.
– Қазір ел аузында жүрген айтыскер ақындардың арасынан кімдерді жоғары бағалар едің?
– Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Менің алдымда шыққан айтыскер аға-апаларымызға құрметім ерекше. Өйткені, мен ол кісілердің айтысын көріп, осы өнерге деген қызығушылығым артты. Тек теледидардан ғана тамашалап жүрген ақындарды бетпе-бет көрген кездегі алғашқы әсер маған өмірдегі ең бір қызықты сәт еді. Солардың аузына қарап, не айтады, қалай сөйлейді, сахнада қалай, былайғы өмірде қандай екен деп сыртынан қызықтап жүрген кездер нағыз айтысқа деген құштарлықтың кезі. Сондықтан, менің алдымдағы барлық ақындарды сыйлаймын. Мысалы, Мұхтар ағамыздың табан асты тапқырлығы, Ринат ағамыздың өткірлігі, Иран-Ғайып ағамыздың қалжыңы, Еркебұланның елдің мәселесін қозғағанда екпіндетіп айта білуі деген сияқты. Рүстем Қайыртайұлын ерекше бағалаймын. Өйткені, қай айтысқа болмасын, мейлі, орын алса да, алмаса да өзінің «Рүстем айтты» деген сөзін қалдырып кетеді. Өзімнің қатарластарыма да алдыңғы буынға да құрметім ерекше.
– Өзге ақындар секілді хит әндердің сөзін саған неге жазбасқа?
– Әнге сөз жазу деген нәрсеге шынымды айтсам бейімім жоқ екен. Осы уақытқа дейін әнші достарым, компазиторлар «Неге жазбасқа, неге бағыңды сынап көрмеске?» деп қолқа салды. Бірақ адамда ниет болмаса, көңіл болмаса, одан жақсы дүние шығады деп ойламаймын. Айтыстан өзімді көрсете білсем негізгі міндетім сол. Әрине, Ринат, Рүстем ағаларымыз техникасын біледі, Қайнар қалай жақсы жазады, халықтың жүрегіне әдемі тиеді. Олардың өзінің ерекше стилі бар. Сондықтан, әнге сөз жазуға бейімім болмағандықтан аса жоламаймын.
– Сенің мықты шахматшы, футболшы екеніңді білеміз. Ел білмейтін басқа қандай қырларың бар?
– Мектепте шахмат үйірмесіне қатысқанмын. Қазір арасында әуесқой футбол ойнап жүрміз. 2-3 жылдың көлемінде «Астана» ақындар құрамасы құрылды. Бірақ қазір турнирлер ұйымдастырылып жатқан жоқ. Атам қазақ «доп ойнаған тозар» дегенімен, қазір доп ойнаған адам озатын заман болып тұрған секілді. Одан басқасы – ақындығым. Оны халықтың барлығы біледі. Менің көп нәрсеге қырым жоқ. Мысалға, машина айдауды білемін, жөндеуді білмеймін. Дөңгелек ауыстырудан басқасын білмейтін шығармын. Көп нәрсеге ебім жоқ екенін мойындай аламын. Бір қыры деп айтуға болатын сияқты, «деген екен» деген дүниелерді көп жинаймын. Жүрсін Ерман айтқан екен, мынау былай айтқан екен деген дүниелерді өзім жинап жүремін. Бұйырса барлығын жинап, кітап шығаруға болады.
– Өмірде бағындырғың келетін шың қандай?
– Мен үшін өмірдегі ең биік шың – ата-анамның разылығын алу, адам болып өмірге келіп, адамдықтың биігінде қалу деп ойлаймын. Атамның баласы болмай, Отанның баласы болсам, Алаштың ақыны болып, сөзін сөйлей алсам, Келешекте үлгілі отбасы атансам, ең биік шыңдар осы деп білемін. Өйткені, атақ, байлық келеді, кетеді. Ал, артыңда ұрпағыңа қалатын тәлімің қалатын болса нағыз байлық, бақыт сол деп білемін. Оралдық Сағат Әбдуалиев деген марқұм ақын «Ата-анамның бүйрегінде бүлк етпей, жүрегінде қалсам деймін халықтың» деп, сол секілді халықтың жүрегінде қалып, ата-анамның разылығын алсам бағындырған шыңым осы деп есептеймін.
– Әсерлі әңгімең үшін рақмет!
Сұқбаттасқан
Гүлхан ЯХИЯЕВА.