Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемге әйгілі ойыншық немесе спиннер пайда әкеле ме?

Әлемге әйгілі ойыншық немесе спиннер пайда әкеле ме?

Шаңырақтағы кішкене баланың әр қадамын қадағалап отыруға тырысамыз. Қоғамда болып жатқан жан түршігерлік оқиғалар мен әртүрлі қылмыстардан сақтандырудан да шаршамаймыз. Кейде көше балаларына еріп бұзықтық жасайтындары да жасырын емес. Ал бірде әртүрлі заттарды үйге әкеліп зәреңді ұшырады. Бір күні сондай жағдай болды. Алақанға сыйып кететіндей кішкене ойыншықты зыр етіп айналдырып жүр. Оның не екенін сұрасам стресстен шығарады дейді. «Айналайын-ау, шынашақтай боп алып сенде не стресс?» дедім. Бірақ оны тыңдайтын бала бар ма? Қолындағысын алып қойып ем, баж ете қалды, етегі жасқа толды. Амалсыз қолына қайта тапсырдым. Содан кейін жылы сөздеріммен «тамырын басып» ойыншық туралы сұрастырдым. Сөйтсем, оның аты «спиннер» екен. Байқасам, талай баланың тіптен жасөспірімдердің де қолында жүр. Екі саусақпен ортасынан ұстап, сыртқы бөлігін шертіп қалса спиннер екі минуттай кейде одан да ұзақ айналып тұрады. Содан кейін адам бойындағы шаршағаны мен қажуы, күйзелісі басылады-мыс.
Міне, бұл күнде интернет беттері спиннердің тарихы, пайдалануы, бағасы және жарнамасынан босайтын емес. Ютуб желісінің өзінде миллионға жуық бейнежазбалар бар. Олардың көбісі спиннерді «өнерлі» қылып айналдыруды үйретеді. Ал, видеоны көрушілердің саны екі миллионнан асып жығылады. Осыдан кейін дүкен сөрелерінде спиннер толып тұрғанын елестету қиын емес. Базарды аттап қалсаң болды әр сатушының алдында спиннер тұр. Бағасы 300 теңге мен 1000 теңгенің арасы. Бұл ойыншықты саудагерлер қайдан әкелетінін білмеймін, тек оның 100 теңгемен айналымға түсетінін ұзынқұлақтардан естіген едім. Бірақ, бағаға бас ауыртып жатқандар аз. Барлығы жапа тармағай әр баласына жеке-жеке алып жатыр. Топшылап қарасаң спиннердің пайдасы мен зиянын ойлап жатқан ешкім жоқ. Тек «Алып бер» деп табан тіреп тұрған баласының қалауын орындаса болды. Дегенмен, спиннер жайлы әр ата-ана білгеннің үстіне біле түссе артық болмайды.
Әңгімені әріден бастайтын болсақ, ең алғаш спиннердің шығу тарихына тоқталған жөн. Бұл ойыншықтың ағылшын тіліндегі «Fidget spinner» атауының аудармасы «ұшқалақ балаларға арналған ойыншық». Бұны кейде «саусаққа арналған жаттығу құралы» деп те атайды. Атышулы ойыншықты 24 жыл бұрын Кэтрин Хэттингер ойлап тапқан. Ал, елімізде енді ғана яғни, биылғы жазда сатылымға шыға бас¬тады. Деректерге сүйенсек отанымызда мамыр-маусым айларының өзінде 50 миллион дана спиннер сатылған екен. Тақырып тұздығына айналып отырған ойыншықты көбісі әсіресе сатушылар қол-буын жаттығуларына жақсы, аутизмді де емдейді, сондай-ақ стресстік жағдайдан арылуға көмектеседі деп ойлайды. Тіпті, аудармасының өзі ұшқалақтарға арналғанын көрсетіп тұр. Әр нәрсені байыптап қарайтын болсақ бұл сөздердің астарында жақсы жарнама тұрғанын байқаймыз. Мүмкін, тауардың тез өтуіне осы «сиқырлы» сөздер көмегін тигізіп жатқан шығар. Бірақ, кәдуілгі ойыншықтың адамға әкелер пайдасы орасан емес. Керісінше, зияны молырақ. Егер зияны болмаса әлемдегі дамыған мемлекеттердің көбісі ойыншыққа тыйым салмас еді ғой. Мәселен, Миннесота штаты. Бұл штатта сабаққа спиннер әкелсе, жазаланады. Мұғалімдерінің айтуынша спиннер кесірінен оқушылардың үлгерімі төмендеген. Ал, 10 жастағы Австриялық бала спиннер салдарынан соқыр бола жаздаған. Айналдырып аспанға лақтырып жібергенде қағып үлгермеген. Дәрігерлер ойыншық көздің қарашығына құлаған сәтте соқыр болып қалатынын ескерткен. Жә, бұл әлемдегі зардап шегушілер. Ал, елімізде ше? Тым алысқа кетпей-ақ, өз үйіміздегі баланы байқап көрелік. Ойыншықты алып беру бар да қадағалау жоқ көбімізде. Көше бойындағы балалардан байқағаным спиннерді шыр айналдырып тісіне тақап отыр. Әлгі ойыншық тіспен тақалып тарс-тарс етіп айналады. Оның зардабын ойлайтын бала ма? Оларға қызық керек. Біреуінің істегінін екіншісі қайталайды. Солай өздерінше қызық көреміз деп тіс ауруына ұшырамаса игі. Бірақ, шынашақтай балаға кінә таға алмаймыз. Айып ата-анада. Баланың айтқанын орындап, қалағанын алып берген соң қалай қолданатынын жіті бақылау керек. Тысқа шығып ойнарда қолына ұстатпаса тіптен жақсы. Өйткені, бірде тату, бірде араз бүлдіршіндердің спиннермен бір-бірін салып қалуы да ғажап емес. Темірден жасалған ойыншық денеге жеңіл батады деп ойламаймын. Сондай-ақ, жеке гигиенаны да, қауіпсіздікті де ойлап ойыншықты ауызға салдырмаған жөн. Себебі, спиннердің құрамында сынап пен қорғасын қоспалары бар. Ойыншықтан келер зардап мұнымен таусылмайды. Психолог мамандардың мәлімдемесі спиннердің стресстен құтқарушы емес, қайта күйзеліске әкелуші екенін айтады. Бұл да ата-аналардың құлағына алтын сырға. Балаға спиннермен ойнаудың мәні де, тәрбиелік ықпалы да жоқ.
«Баланы жастан» деген тәмсіл бар қазақта. Бұл тегіннен тегін айтылмаған. Таусылмас ақылы мен сарқылмас білімі бар ата-бабалар тәрбиеге келгенде қателікті дұрыс көрмеген. Сол сияқты, баланы сәби кезінен жақсы нәрселерге үйретіп, игі істерге баулу керек. Мәселен, спиннердің орнына бір уақыт кітап оқытып я болмаса сурет салғызып, тіптен кубик-рубик ойнатқызса, бала соған дағдыланады. Бір жағынан ақылы толықса, екінші жағынан бос уақытын пайдалы іске жұмсайды.
26 қараша 2022 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031