Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ МӘЙЕКТІ МӘНІ

МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ МӘЙЕКТІ МӘНІ

Уақыт шымылдығы тұмшалаған қазақы құндылықтар қайтадан ажары жарқырап, айдыны толып, халқымызбен қайта қауыша бастағандығы қуаныш. Бұл істің басында Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының тұрғандығы анық. Соныға із салған, сананы қозғаған осы еңбек еді. Теңіздің түбінен маржан тергендей өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды іздегелі 5 жыл өте шықты.

Бағдарлама қоғамға қандай пайда алып келді?
Осы сұраққа қатысты айтар болсақ, бағдарлама ұлттық прагматизмнің негіздеріне қарсы келетін ысырапшылдық сияқты әдеттерден арылту және халық арасындағы құқықтық, қаржылық, экологиялық, т.б. мәдениеттерді қалыптастыруға жол ашып, шараны іске асырудың 5 жылында 13 мыңнан астам меценат есебінен 330 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Осы қаржыға 6 мыңнан астам нысан салынды және реконструкцияланды.
Сонымен қатар азаматтық қоғам ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» жанынан «Азаматтық алаң» пікірталас клубы құрылып, түрлі ғылыми, шығармашылық топ өкілдерін, сарапшыларды біріктіріп маңызды мәселелер төңірегінде көптеген тақырып талқыланды.
2020 жылы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған вебинарлар циклі форматында шаралар ұйымдастырып, жоспарланған істі ойдағыдай орындап шықты. Сондай-ақ, 2021 жылы идеологиялық блок қызметкерлерін даярлау мақсатында «Рухани жаңғыру» идеологиялық мектебі аясында бірыңғай форматта жұмыстар ұйымдастыру жайлы да жоспарлануда.Сонымен қатар сананы жаңғыртудың тұжырымдамалық негіздерін түсіндіру және оны қабылдау деңгейінің көрінісін нақтылау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Оның сыртында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі алты бағыты бойынша қоғамда орнықты көзқарас қалыптасты. Мысалы, бәсекеге қабілеттілік цифрлы сауаттылық және шет тілдерін меңгеру көрсеткіші – 53,6, прагматизм мүмкіндігі бойынша өмір сүре білу және өз болашағын ­жоспарлау қабілеттілігі – 73,2, білімнің салтанат құруы – 58,3, тарихқа құрметпен қарау һәм біртұтас ұлттық бірегейлікті сақтау – 71,4, заңды және азаматтық борышты сақтай отырып, эволюциялық даму – 77,8, сананың ашықтығы өзгерістерге дайындық, өзін-өзі жетілдіру 59,5 проценттік мөлшердегі жетістік бағамын иеленіп отыр. Жоғарыдағы нәтижелер арқасында қазіргі заманғы қазақстандық бейне қалыптасты.

Рухани-ағарту бағытында ашылған жол
Мақаланың тағы бір маңызды тетігі – қазіргі заманғы қазақ мәдениетін әлемдік алты тілге аудару арқылы жаһанға таныстыру жобасы. Яғни қазақстандық қайраткерлердің әдебиет, гуманитарлық ғылым саласындағы үздік ­туындыларын, суретшілердің, музыканттардың, мүсіншілердің шығармашылық жұмыстарын әлемге таныстыру жұмысы мақаланың негізгі нысанасына айналып отыр.
– Бұл еліміздің шығармашылық интеллигенциясы алдында ашылған зор мүмкіндік һәм үкімет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау, – дейді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары.
Нақты айтар болсақ, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жобасы бойынша бес жыл ішінде өңірлерде 5 млн-нан астам адамды қамтыған 25 858 іс-шара өткізілсе, 2020 жылдың 28 қаңтарында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысына латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Жетілдірілген әліпби қазақ тілінің 28 дыбысын толық қамтитын латын әліпбиінің базалық жүйесінің 31 символына негізделіп жасалды. Бұл мәселенің әлі нүктесі қойылған жоқ.
Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 5 жылда өңірлерде 1,7 млн-нан астам адамды қамтыған 3 465 іс-шара өткізілсе, осы аралықта «Философия», «Мәдениеттану», «Маркетинг», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану», «Кәсіпкерлік негіздері және дінтану», «Стартаптар» және тағы басқа ғылым салалары бойынша: 2017 жылы – 17, 2018 жылы – 30, 2019 жылы – 30, 2020 жылы – 23, барлығы 100 оқулық аударылып отандық білім беру процесіне енгізілді.
Сонымен қатар аударылған оқулықтар 100kitap.kz сайтына орналастырылып, қазақ және орыс тілдеріндегі бейнекурстары 77 оқулық негізінде www.OpenU порталы құрылды. Әр оқулыққа еліміздің үздік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылық құрамынан бейнекурстар әзірленді. Бейнекурстар 25-40 минут көлемінде 25 дәрістен тұрды. Курстың соңында дәрістердің мәтіндік транскрипті, тест тапсырмалары, рефлексияға арналған тапсырмалар және қосымша әдебиеттер тізімі ұсынылады.
Бүгінгі таңда жоғарыдағы OpenU сайтына 88 мыңнан астам адам пайдаланушы ретінде тіркелсе, онлайн оқыту платформасының серіктестері ретінде 132 университет пен 158 колледж ­танылып отыр.
Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы бойынша өңірлерде 1,8 млн-нан астам адамды қамтыған 3 398 іс-шара өткізілді. Жобаға 6 мыңнан астам адамнан өтінім қабылданды. Бұл тізімді әр жылға бөліп көрсетер болсақ: 2017 жылы – 2112, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы – 1673 адам қамтылып, жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы 163 жеңімпаз анықталды (2017 жылы – 102, 2018 жылы – 29, 2019 жылы – 32). Жоба жеңімпаздары рухани-ағарту саласында да өзіндік үлестерін қосып келеді.

Еліміздің экономика һәм туристік саласына тигізген пайдасы
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында өңірлерде 4 млн-нан астам адамды қамтыған 14 802 іс-шара өткізіліп, жалпыұлттық маңызға ие 781 киелі орынның (жалпыұлттық маңызы бар 206, жергілікті маңызға ие 575 нысан) тізімі анықталды. Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылды.
Бүгінгі таңда жалпыұлттық және жергілікті нысандар бойынша киелі нысандар тізімі негізінде 253 туристік бағыттар мен турлар, сондай-ақ киелі нысандар бойынша 128 археологиялық экспедиция әзірленді. Бұл шаралар ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
2017 жылдан бастап бүгінге дейін Республикалық маңызы бар: Қожа ­Ахмет ­Яссауи кесенесі, Шоқай датқа, Бекет ата ­жерасты мешіті, Сисем ата қорымының объектілері, ортағасырлық Сарайшық қалашықтары, Ежелгі Тараз, ежелгі Түркістан, Отырар, ­Сауран, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Абай Құнанбаевтың мемориалдық кешені қатарлы 71 тарихи-мәдени ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілсе, осы уақыт ішінде еліміздің киелі белдеуін насихаттау мақсатында BBC World News телеарнасы дайындаған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын ­жауынгер», «Қожа Ахмет Яссауи және Айша бибі кесенелері», «Күлтегін. Жаңа көзқарас», америкалық Castlefilm компаниясы актер Марк Дакаскостың қатысуымен жасаған «Көшпенділер жері» фильмі көрерменге жол тартты. Бұл туындылар БҰҰ-ның негізгі алты тілінде субтитрлі дубляжбен жабдықталды. Сондай-ақ бұл туындыларды әлемге танымал Discovery, Viasat history, National Geographic телеарналары арқылы дүние жүзінің 700 млн-нан астам адамы тамашалады. Сонымен қатар Қазақстанның киелі нысандарын насихаттау мақсатында «2GIS» электронды картасына 71 киелі нысан енгізілді.

С.МАДИЯРОВА
07 қараша 2022 ж. 167 0