Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТ АТА ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ҚОРҚЫТ АТА ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай мекен. Ал олардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, данагөй абыз Қорқыт бабаның мемориалдық кешенінің бітімі бөлек, тағылымы терең.
Қорқыт атаның сырғып аққан Сыр бойында өмірге келгендігін академик Ә.Марғұлан өз еңбектерінде жиі айтады. «Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын, болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған», – дейді ол. Иә, қадымнан-ақ күллі Алаштың баласы көне сырдың жағасы Қорқыт баба жатқан жер деп біледі.
Ерекше сәулетімен алыстан мен мұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Оның мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті.
Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені.
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені, – деп Шыңжаңдық ақын Жәркен Бөдеш жырлаған екен. Бұл кешеннің негізгі құрылысына 1980 жылы Қармақшы аудандық орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев ықпал жасаған екен. Ол кезден кейін де біршама жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүргізілген. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ­амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ­филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Бірақ оның тек 700-і ғана келушілердің назарына ұсынылған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.
Қорқыттың есімі қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде депті Мұхтар Әуезов. Расында, Қорқыт бабаның қыл қобызының үні шыққанда барша қазақ баласының қиялында тарихи танымы қылаң беріп, санасы сазды сарынға бөленеді. Қорқыт ата мемориалдық кешенінің тарихи сызбасы керемет жасалған. Кешеннің сызбасын еліміздің еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ибраев сызған. Негізінен жоғарыдан қарағанда кешен Қорқыт атаның қобызын бейнелейді екен. Мәселен, кешеннің мұражайы мен әкімшілік ғимараты қобыздың екі құлағы болса, ал қошқардың мүсіні қыл қобыздың тиегі. Сәйкесінше баспалдақтардың қылдан жасалған ішегін бейнелейді. Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі амфитеатр қобыздың шанағы ретінде бейнеленген. Бұл амфитеатрдағы адамның сыйымдылығы 2000 орынға жуық. Айта кету керек, дәл осы жерде еліміздің ұйымдастыруымен 4 жыл сайын «Қорқыт баба» және «Ұлы дала сазы» атты түркі халықтарының халықаралық фестивалі өтеді.
Қорқыт атаны танымайтын қазақ кемде-кем. Халық оның өмірде кім болғанын, қай дәуірде, қай өңірде өмір сүргенін шамалай алмаса да, оны ажалмен арпалысқан абыз деп таниды. Расында, бізге жеткен аңыздарда Қорқыт баба мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, дүниенің төртбұрышын кезген екен. Сонда алдынан ылғи көр қазып жатқан адамдарды кезіктіреді. Сол кезде Қорқыт баба «Бұл кімнің көрі?» деп сұраса, көр қазушылар «Бұл Қорқыттың көрі» деп жауап береді екен. Осылайша бізге жеткен аңызақ аңыздарда баба ажалмен арпалысушы ретінде сыйпатталады.
Бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалдық кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын тудырған қасиетті орын. Әсіресе қайта жаңғыру жұмыстарынан соң тарихи мәдени мұраны көруге келетін шетел азаматтары толассыз көрінеді.
Есте жоқ ескі заманнан күні бүгінге дейін жеткен аңыз-әпсаналар қазақ та көп-ақ. Солардың бірі – Қорқыт баба және Қырық қыз туралы аңыз. Аңыздың айтуы бойынша Қорқыт ата өмірінің соңғы жылдарында дарияның бойына келіп қоныстанған. Дарияның бойына келіп, кілемін төсеп, қобызынан небір күйлерді төгілткен деседі. Сонда бабаның қобызынан төгілген күйлер айналадағы елдің барлығын күңіреткен екен. Оның күйі арқадағы ағайынның да құлағына жетіп, сол жақтан бабаны көру үшін 40 қыз жолға шығады. Табиғаттың тосын мінезі мен аптап ыстыққа шыдай алмаған 39 қыз жолда жан тәсілім етеді. Тек солардың ішінен біреуі ғана аяғынан айырылып, дарияның бойына келіп, Қорқыт бабаны көріп барып өмірден өткен екен. Содан болар елдің құлағында Қорқыт және 40 қыз аңыз-әпсана жатталып қалған.
Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!, – деген екен мақпал тілді Мағжан Жұмабаев. Иә, Қорқыт бабаның рухани мұраларын түгендеп, туған өлкенің тарихи-мәдени орындарын аяласақ қана қазақтың қанында қайнап, тамырында бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттері оянары хақ. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі осы емес пе, оқырман?!

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
01 қараша 2022 ж. 798 0