Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫНЫШТЫ ҚУЫРШАҚ ЗҰЛЫМДЫҚҚА БАУЛИ МА?

ҚОРҚЫНЫШТЫ ҚУЫРШАҚ ЗҰЛЫМДЫҚҚА БАУЛИ МА?

Бұрындары баланы жауынгерлікке баулу үшін ата-анасы қолдан қылыш, садақ жасап берген. Қыздар балшықтан ыдыс-аяқ істеп ойнайтын. Ал қазір заман талабына сай балалардың талғамы да өзгерген. Олар мультфильм­нен көрген кейіпкерлерінің суретін салады. Одан қалса дүкен сөрелерінде ойыншықтың сан түрі самсап тұр. Ішінде жаратылысқа жатпайтын неше түрлі құбыжыққа ұқсастары да бар. Әсіресе дәл қазір көзі бақырайып, тісі ақсиған, бала түгіл ересек адамның өзіне үрей ұялататын Хаги-Ваги ойыншығының саудасы қызуда. Оларға қарап балалардың санасын өзге идеологияға бұрып жібермей ме деп қорқасың. Жалпы бұндай ойыншықтардың кереметі қандай? Нарықта балалар ойыншығына қойылатын талап бар ма?
Хаги-Ваги – компьютерлік «Poppy Playtime» хоррор ойынының кейіпкері. Ойынның сценарийі бойынша басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған зауытты шарлай жүріп VHS кассеталарын жинайды, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отырған Хаги-Ваги қалмай қуалайды. Ол – зауыттың ең танымал болған ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Жағымсыз кейіпкердің түрі де ұсқынсыз. Тістері арсиып, денелерін түк басқан. Бірақ соның өзінде небәрі бір жыл бұрын шыққан ойын балалар арасында тез танымал болды. Кейін осы ойынның Ютуб арнада анимациялық фильмі мен кейіпкерлерінің ойыншықтары пайда бола бастады. Хаги Вагидің күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және түрлі-түсті Лили Милли деген кейіпкерлері бар. Қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да көп.
– Дүкенімізге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Мисиге түседі. Көп ата-аналар оны алып бермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанына еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Бағалары көлеміне қарай 2 мың теңгеден басталады, – дейді сатушы Арман есімді жігіт.
Ал психологтардың пікірінше, Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің бүлдіршіндердің мінез-құлқына кері әсері көп. Мұндай құбыжықтарға, әсіресе, ата-анасымен сирек сөйлесетін балалар әуестенеді. Көбі Хаги-Вагиді Тик Токтан көріп жүрген соң, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады. Олардың айтуынша, баланың көңілсіз жүруі ойыншыққа байланысты болуы мүмкін. Мұндай ойыншықтарға қарап, балалар солардың мимикаларын, эмоцияларын қайталауға тырысады. Көп жағдайда қабағы түйіліп жүруі сол ойыншықтардың әсерінен.­
Десе де бір ойыншықпен ұзақ уақыт ойнамайтын балаларға Хаги-Вагимен бір рет ойнау зиянын тигізбеуі мүмкін. Ал тек осындай ойыншықтармен ғана ойнайтын балаларға психологиялық тұрғыда қауіпті. Себебі бала ойыншықтарға қарап бейімделеді. Айтатын сөздері мен көңіл-күйі де ойнайтын қуыршақтарына сай өзгереді. Сондықтан балалардың ойыншықтарын жас ерекшеліктеріне сай бөлу керек. Сатушылар ата-аналарға мұны ескертуі қажет. Сондықтан психологтар баланың үйде қандай мультфильм көретініне баса назар аудару керектігін айтты. Сондай-ақ баланың жас ерекшелігіне сай дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана алып берген абзал.
Иә, баласына қай ойыншықтың дұрыс не бұрыс екенін әр ата-ана өзі саралауы қажет. Әйтпесе біздің елде оған басы ауырып, балтыры сыздап жатқан ешкім жоқ. Мәселен, Германияда балалар ойыншығына жарты ғасырдан бері Spiel gut деген ұйым сараптама жүргізіп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндеттелген көрінеді. Яғни белгі қойылмаған ойыншықтар Германияның базарына шығарылмайды. Ал бізде керісінше, елге келетін ойыншықтардың 70 процентін Қытай өнімдері құрайды. Көпшілігінде, дәлірек айтқанда, 90 процентінде ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншықтар көбіне кісі аяғы қалың жүретін базарларда сатылады.
Қай елде болсын бала ойыншық арқылы тәрбиеленеді. Ойыншық баланың психикасына, тұлға болып қалыптасуына, таным-түсінігіне үлкен әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан дүниежүзілік тәжірибеге қарай отырып, ойыншықтарға «ұсынылған» және «ұсынылмаған» деген белгіні ата-аналарға көмек ретінде ұсыну керек сияқты.
Ал әзірше ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Былтыр базар біткенді «поп-ит» пен «симпл-димпл» деген ойыншықтар жаулап алып еді. Бұл ойыншықтардағы түрлі-түсті дөңгелектердің үстін саусақпен басқанда, дыбыс шығады. Сосын екінші бетін аударып, дөңгелектерді тағы басып шығасыз. Болды, басқа қызығы жоқ. Бірақ баласы бар үйдің бәрі жаппай сатып алып жатты. Себебі, Тик-Токтағы жарнамасы жер жарып тұрған болатын. Ал психологтар болса, бұл ойыншықтармен бала өз бетінше жалғыз әрі ешқандай ережесіз ойнаса, бала мақсатсыз бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады деп дабыл қаққан. Ал шын мәнінде бұл аутизммен ауыратын балаларды дамытуға арналған ойыншық екені де айтылды. Алайда бұған мән беріп қараған ата-ана болған жоқ. Кейін әлеуметтік желіде түрлі түсті «Поп-ит» пен «симпл-димпл» ойыншықтарының ЛГБТ-ның туы түстес екені талқыланып жатты.
Жоғарыда айтқанымыздай, ойыншық тек ойын құралы емес. Баланың дамуына әсер ететін негізгі фактор. Ендеше, кеш болмай тұрғанда, нарықтағы ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізіп, арнайы талаптар бекітуіміз керек. Баланың бір сәттік қуанышынан, дұрыс дамуы әлдеқайда маңызды. Әйтпесе онсыз да зұлымдық пен қатыгездік жайлаған заманда балаларымызды одан әрі «тасжүрек» етіп тәрбиелеуіміз бек мүмкін.

Г.ЯХИЯ
20 қазан 2022 ж. 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930