Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШРЕК БАР ДА, ҚОБЫЛАНДЫ ЖОҚ

ШРЕК БАР ДА, ҚОБЫЛАНДЫ ЖОҚ

Ойыншықты көбіміз баланың ермегі деп білеміз. Сөйтеміз де, баланың қыңқылынан құтылу үшін, базардан арзанқол бірдеме әпере салуды жөн көреміз. Олай емес дейтіндер табылатын шығар. Бірақ шыны керек, көбіміз сондаймыз. Ойыншықтан келіп-кетер қауіптің барын сезбейміз де.

Базардағы балаларға арналған сауда нүктелерінде қызылды-жасылды ойыншықтардың көптігінен көз сүрінеді. Қуыршақ пен ойыншық көліктердің түр-түріне қарап, бір сәт есейіп кеткендігіңе өкініп қаласың. Самсаған ойыншықтардың ішінде шетелдің өнімдерінен көп нәрсе жоқ. Қазіргі мультфильм кейіпкерлерінің бәрі осында. Сатушылардың айтуынша, кезінде сұранысқа ие Спанч Боб пен Шректердің, Барби мен Эльзалардың дәурені өтті. Бүгінгі балақайлардың көбі роботтан көлікке айналатын трансформерлер мен сиқырлы трасса, тамақ ішетін Беби борн қуыршақтарын алғызады.
Бәрінен де өкініштісі, анда да, мұнда да Шрек, Тобот, Өрмекші адам, Эльза, Монстр Хайлардың арасында не Қобыланды, не Алдар көсе, не Баян сұлу жоқ. Ойыншықтардың зияны туралы айтқанда, оның құрамы туралы ғана сөз қозғалады. Сынама жасалғанда да техникалық жақтары зерттеледі. Ал еліміздегі көптеген ойыншықтардың баланың денсаулығына ғана емес, сана-сезімі мен жүйке жүйесіне де зиян келтіріп жатқандығы туралы ойланатындар бар ма екен?
Ұлттық ойыншықтар өндірісіне көңіл бөлініп, қазақы ойыншықтарды дамытып, жетілдіру арқылы бүлдіршіндердің бойына қазақы болмыстың дәнін егер едік. Қорқыныштысы сол, бүгінде балалардың агрессия­сын тудыратын ойыншықтар көбейіп кетті. Мәселен, Монстр хай қуыршағының жез тырнақтары, шашының бояуы мен көзінің түсі, ұсқынсыз киімі баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Шетелдік анимациялық фильмдердің ойыншық түріндегі кейіпкерлерінің біразы балаларға теріс ықпал ететінін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде аяғы ауыр қуыршақтарды да, қолына қару ұстаған құбыжық бейнесіндегі ойыншықтарды да сауда сөрелерінен оңай таба аласың. Ал онымен ойнаған баланың тәрбиелі, мейірімді, кішіпейіл азамат болып өсуі мүмкін бе?
Базардан сапалы, баланы тек ізгілікке, еңбекке үйрететін ойыншықтарды табу қиын. Бүлдіршіндердің көбісі, тіпті қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін танымайды да. Себебі, олардың санасын шетелдік мульт­фильм кейіпкерлері жаулап алған. Соның салдарынан ұлттық тәрбиенің иісін де сезбеген балалар өсіп келеді. Осыдан кейін шетелдің ойыншығымен ойнап, мультфильмімен өскен баладан қазақылықты талап етуге құқығымыз бар ма екен?! Өткен жылы ел ішінде ойыншықтардың қауіптілігі туралы сөз болғанда, бұдан былай сертификатталмаған өнімнің шекарадан өткізілмейтінін, осы бағыттағы мемлекеттік жүйені жетілдіру қажеттігі айтылған болатын. Тәртіпті жетілдіру кезінде ел ағалары ойыншықтардың денсаулыққа ғана емес, жүйке-жүйесіне де кері әсері бар екендігін ескереді деген үміттеміз. Өйткені, ойыншық – ермек емес, тәрбие құралы. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ең алдымен ұлтын ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталып отыр емес пе?

Гүлхан ЯХИЯ

17 наурыз 2020 ж. 834 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930