Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты – Сенатор

Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты – Сенатор

Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты – Сенатор

Парламент Сенатының депутаты  Нұртөре Жүсіп БАҚ өкілдерінің жалақысы мен мәртебесіне қатысты пікірін жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қоғамның қызуын кім, не өлшейді?
Менің жеке пікірім: журналистер, ақындар мен жазушылар, өнер адамдары осы қоғамда градусник рөлін атқаратын сияқты…Бәрі бірдей емес…Өте сезімтал, жүрегі ел, жер деп соғатын жандар қоғамның қайғысы мен қасіретін, орын алған олқылықтар зардабын, алда болатын қауіп-қатер, көзге көрінбейтін, салмаққа өлшенбейтін, ұстағанға білінбейтін өте нәзік жан иірімдері арқылы ерте сезетін шығармашыл адамдар Әділет жолында жанын да, жүйкесін де аямайды, - деді ол.
«Еститін мемлекет» қағидасы жақсы. Бірақ елдің үнін шырылдап жеткізіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жанайқайын кім естиді?
Тірегі де, тілегі де Мемлекет емес пе солардың? Санда болғанымен санатта жоқ журналистер корпусы қазір ең қорғансыз салаға айналды. Өз өмірін осы журналистикаға арнаған Татьяна Костина өтті өмірден…Ақтық сапарын әріптесіміз Жанна Ойшыбай зыр жүгіріп ұйымдастырды. Егемен мен Казправда ұжымы қалыс қалмады. Ержұман Смайыл, Әділ Дүйсенбек, Жұмабек Кенжалин, Жолдасбек Дуанабай, Ерғали Сағат, Дүрәлі Дүйсебай сияқты қазақ баспасөзінің тарландары да өтіп кетті өмірден…Қызмет істеген ұжымдары ғана қаралы шаңырақ қасынан табылды, - деді Сенатор. 
Журналистер не үшін көз майын тауысып газет шығарды? Кім үшін олар өз денсаулығын құртты?
Осы Ел үшін! жер үшін! Мемлекет үшін! Әділетті қоғам үшін! Еңбегі еш, тұзы сор журналист қауымы келешектен үміт үзбей, күн сайын жортуылда жүр, еңбегін бұлдамайды ешқашан. Қазақ қоғамының қызуы қай дәрежеде екенін білу үшін жарыққа шығып жатқан қазақ баспасөзіне арнайы мониторинг жүргізсе жетіп жатыр. Соңғы отыз жылда ең көп көтерілген тақырып қандай? Толғандырған мәселе қайсы? Кетіп жатқан кемшілік неде? Бәрі тұр!, - деді спикер.
Айтуынша, бір кездері  сұқбатында Ерлан Қарин  «Қазақ газеттері оппозицияның орнын алмастырды» деп еді.
Қазір газет атаулының күні - өлмешінің күйі. «Шықпа жаным шықпа» деумен отыр. Аудандық газеттерден бастап республикалық басылымдар қымбатшылық зардабын тартып келеді; жалақысы да қаламақысы да мардымсыз…әлеуметтік пакет атаулыдан жұрдай, қоғамдағы мәртебесі анықталып, бекітілмегеннен кейін сайда саны, құмда ізі жоқ жалаңаш, қауқарсыз, қорғансыз қауымға айналып барады, - деді сенатор.
Ол Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» сөзін мысал келтірді.
Қазір «ақпараттық майдан» жүріп жатыр деседі. Майданда - мықты қару керек. Бізде қару да қауқар да шамалы. Алдыңғы шепте жүрген журналистер жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қар кешіп осылай жүре бере ме? Құдіретті Сөз қадірі қайта орала ма мына жұртқа? Құндылықтар қашан қалпына келеді? Кім бар осыны еститін? Кім бар мұны көретін?, - деді Нұртөре Жүсіп. 

17 қазан 2022 ж. 310 0