Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТМД ЕЛДЕРІ БАСШЫЛАРЫНЫҢ САММИТІ БАСТАЛДЫ

ТМД ЕЛДЕРІ БАСШЫЛАРЫНЫҢ САММИТІ БАСТАЛДЫ

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті басталды. Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының ағымдағы төрағалығы аясында ұйымға мүше мемлекет басшыларының кеңес отырысы өтті. Онда гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды.
Жиынға төрағалық еткен Қ.Тоқаев ТМД-да күш және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының теңгерімді жүйесі құрылғанын, қауіпсіздік саласындағы тұжырымдамалық құжаттар қабылданғанын атады.
– Сонымен қатар біз жаңа тәуекелдер мен қауіптерге ден қою үшін алдын алу шараларын жедел әзірлеуіміз қажет. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың ұйымдық-құқықтық тетіктерін жетілдіру жөніндегі бірлескен тәсілдерімен бөліседі. Біз бүгін қабылданып жатқан экстремизмге қарсы күрес бағдарламасының міндеттерін іске асыру бойынша тығыз үйлестірілген жұмысқа дайын екенімізді білдіреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес отырысында Қазақстан Президенті әлемдегі геостратегиялық шиеленіс жағдайында ТМД елдері арасында өзара сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін одан да көп күш қажет екенін айтты. Одан бөлек Достастыққа мүше елдердің басшыларын Қазақстан былтыр серіктестерімен және ТМД Атқарушы комитетімен бірге атқарған көпжоспарлы жұмыстың негізгі қорытындылары туралы хабардар етті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өз төрағалығының басымдықтарына сәйкес, қазіргі әлемдік даму процестерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін көптеген бағыттар бойынша біріктіруге ұмтылды.
– Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды сақтауға, сондай-ақ Достастықтың әлеуеті мен халықаралық беделін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бас­тамалар іске асырылды. Күрделі экономикалық жағдайда Достастықтың экономикалық әлеуетін нығайтуға және ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясының ережелерін орындауға ерекше назар аударылды.
Іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңін табысты жүзеге асыру іскерлік белсенділікті арттыруға, өзара сауда көлемін ұлғайтуға, экономиканы пандемиядан кейін қалпына келтіру ісін жеделдетуге мүмкіндік берді. Жаһандық және өңірлік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында біз тығыз сауда-экономикалық байланыстарды сақтау үшін қолда бар барлық әлеуетті жұмылдыруымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, қазір әлемде климат мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елдерінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсетінін атап өтті.
– Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге, Достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыс барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ


17 қазан 2022 ж. 180 0