АЙТҚЫЗБАЙ КӨМЕК БЕРЕДІ
Қазақстанда 19,6 миллион адам 6,5 миллионнан аса отбасыға біріккен. Бұл «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылғаннан кейін белгілі болды. Бұл жүйеде әрбір азаматтың дерегі жиналмақ. Сол арқылы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіледі. Сөйтіп Үкімет нақты кімнің мемлекеттік көмекке шын мәнінде мұқтаж екенін біледі. Осылайша коттеджі барлардың дүние-мүлкін жасырып, мемлекеттен миллион теңге атаулы көмек алуына тосқауыл қойылмақ.
Жаңа карта не үшін қажет?
Ел Президенті биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру «азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болатынын» жариялады. Аты айтып тұрғандай, он тоғыз миллион ішінде мемлекеттің қамқорлығына ең зәру отбасылар анықталып, Үкімет соларға атаулы-адресті түрде жәрдемдеседі.
Жаңа карта не үшін қажет?
Ел Президенті биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру «азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болатынын» жариялады. Аты айтып тұрғандай, он тоғыз миллион ішінде мемлекеттің қамқорлығына ең зәру отбасылар анықталып, Үкімет соларға атаулы-адресті түрде жәрдемдеседі.
Мемлекет басшысының айтуынша, осыған байланысты алдағы 2023 жылдан бастап, «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тетік-тәсілдерді енгізу жоспарланған. Соның аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары бір жерге біріктіріледі. Оның бәрі «барынша түсінікті, ең бастысы, атаулы болады әрі алдын ала жасалады». Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болған, кедейленген азамат Үкіметтен, әкімдіктен, түрлі қорлардан қандай көмек ала алатынын нақты біліп отырады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, отбасының цифрлық картасы қазірдің өзінде пилоттық ретінде енгізілді. Бұл іс кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Отбасының цифрлық картасы барлық отбасыға керек. Себебі әрбір азамат өмірінің белгілі бір кезеңінде мемлекеттен көмек алады. Мәселен, бала өмірге келсе, декретке шықса, жұмыссыз қалса, асыраушысынан айырылса, зейнеткерлікті рәсімдесе және басқа жағдайларда осы карта қажет болуы мүмкін.
Айта кетейік, цифрлық карта жәрдемақыларды көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мысалы, әйел жас босанып, отбасыға жаңа мүше қосылса, мемлекет нәрестелі болған ананың өтініш, құжаттар көшірмесін алып келіп, бала туғанын дәлелдеуін күтпей-ақ, оған жәрдемақы төлей бастайды. Себебі сәбидің өмірге келген дерегі базада пайда болады.
Министрліктің түсіндіруінше, ОЦК-ның жұмыс алгоритмі келесідей болады: «мемлекеттік кепілдікті», яғни жәрдемақы, төлем, жеңілдікті алуға құқығы бар отбасы Еңбек министрлігінен sms-хабарлама алады. Хатта ол азамат нақты бір мемлекеттік қолдаудың түрін ықтимал алушы болып табылатыны көрсетіледі. Аталған sms-хабарламада азаматқа жәрдемақыны проактивті форматта тағайындауға келісім беру немесе одан бас тарту құқығы ұсынылады. Мәселен, егер азамат жәрдемақы көлемі аз болады деп күмәнданса, онда бұдан бас тартып, тиісті құжаттарын жинап, өзі өтініш жазады. Ал егер келіссе, жәрдемақы бірден тағайындалып, артынша алушының есепшотына ақша аударылады.
Осылайша қазақ елі өркениет жолында ілгерілей түспек.
Гүлхан ЯХИЯ