Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН ЕЛ ӨСЕДІ

ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН ЕЛ ӨСЕДІ

Барыс жылына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп айдар тақты. Осы орайда өңірде келешектің қамын ойлап қыруар шаруаны қамтыған іс-шаралар ұтымды жүзеге асырылуда.
«Балалар жылында» көрсетілер қамқорлықтың жай-жапсары таразы басына тартылып, атқарылатын жұмыс жеті бағытта өрбитін болды. Әрине, кез келген маңызды іс-шара қыруар қаражатты қажет қылатыны анық. Бұл орайдағы қарастырылған қаражат көлемі де айтарлықтай. Осы аталған жылдың аясында облыс бойынша бүлдіршіндерге жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар көрсетілуде. Жыл басынан бері аймақта 12 мыңнан астам шара өткізіліп, оған 96 мыңға жуық бала қамтылды. Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар бекітілген жоспардың негізінде 7 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Білімді бала» бағыты бойынша барлық білім беру ұйымдарында тәрбиелік бағыттағы 11 мыңнан астам шара ұйымдастырылып, оған 47 311 бала қатысты. Биылдың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде демалды. Ал арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне 100 велосипед, 10 ноутбук және 20 бүлдіршінге «Балдаурен» республикалық лагеріне жолдама табысталды. Сондай-ақ, балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 23 307 бала мәдени және спорттық үйірмелермен қамтылды.
«Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты бойынша 1 маусымда Қызылорда қаласында көп балалы отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Отбасы инс­титутын насихаттау бағытында 300-ден астам шара өткізіліп, оған 8 мыңнан астам ата-ана қатыстырылды. Балалар туризмін дамыту мақсатында 3000-нан астам білім алушылар Қорқыт Ата кешені, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ тарихи орындарына сая­­хаттар ұйымдастырылуда.
Үшінші «Дені сау бала» бағыты аясында 1-3 жас аралығындағы 26 100 бала аудиологиялық скринингтен өткізілсе, 18 жасқа дейінгі 312 000 балаға медициналық тексеру жүргізілді. Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 142 балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, мүгедектігі бар 150 балаға иппотерапиялық қызмет тұрақты көрсетілуде. Үйде оқытылып, тәрбиеленетін 1149 балаға әлеуметтік көмек көрсетілді, бұл мақсатқа бюджеттен 51,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар «Балалар жылы» аясында көпбейінді облыстық балалар ­ауруханасында оңалту орталығы ашылды.
«Баласын жетімсіретпеген ел» бағыты бойынша «Атамекен» балалар ауылының 2 түлегіне Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталды және 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама беріліп, 14 шығармашылық үйірме ашылды.
Бекітілген жоспардың бесінші бағыты «Жайлы мекен» бойынша облыста жыл соңына дейін балаларға арналған бірнеше нысандар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде 6 мектеп, 1 балабақша, 1 оқушылар үйі мен өнер мектебі бар. Сонымен қатар 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 балабақшадан аутизм кабинеті ашылады. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент табысталды.
Бала қауіпсіздігі басты назарда. Бұл ретте «Бала қорғау» бағыты аясында бүгінде барлық білім беру ұйымдары 100 процент бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. Ағымдағы жылы 35 мектепке бейнебақылау жүйелерін жергілікті полиция бөлімдеріне қосу үшін облыстық бюджеттен 252 млн теңге бөлініп отыр.
Ал «BALA_TIME.KZ» ақпараттық сүйемелдеу бағыты бойынша республикалық және жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда 5 074 материал жарияланса, облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттерінде «Балалар жылы», «Өнерпаз бол», «Год детей», «Талантливые дети» тақырыптарында айдарлар ашылып, жергілікті телеарналарда 165 бейнесюжет көрсетілді. Қала берді аудандық ата басылым «Өскен өңір» газеті «Сүйкімді балақай» фотобайқауын жариялады. «Балалар жылының» логотипі бейнеленген 57 баннер орналастырылды. Көз салып қараған адам ел болашағын еске алады. Болашақтың құндағын жанашырлық лебімен жылытып, ұлы көштің бойындағы ұрпақтың жаз гүліндей жайнап өсуіне жасалып жатқан қыруар жұмыстың бір парасы осындай.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
27 қыркүйек 2022 ж. 299 0