Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰТАНБАЙДЫҢ ТҰТАС ҒҰМЫРЫ ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ

ТҰТАНБАЙДЫҢ ТҰТАС ҒҰМЫРЫ ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ

Сұрапыл соғыс жылдарында жанынан арын биік қойған жанның бірі – ­Тұтанбай Шалбаев.
Иә, сол күннен бері 77 жыл өтіпті. Сұрапыл қанды соғыста отыз миллионға жуық халқымыз қырылып, мәңгі келмеске кетті. Ал сол қырғыннан аман шыққандардың өздері де бүгінгі күндері тым селдіреп, республика бойынша 400-ге жуық соғыс ардагері қалыпты. Сол Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһарман жауынгер Тұтанбай Шалбаев тірі болса, бұл күні 96 жастағы қадірменді қария болар еді.
Тағдырдың салған ісіне болаттай берік адамдар бар. Олардың ішкі жан-дүниесіндегі жарық әлемге деген іңкәрлікті, еменнің иір бұтағындай мықтылықты көрген сайын тәнті болатының бар. Кәтепті қара нар көтермес жүк арқалап жүріп, тіршіліктен түңілмек түгілі, ақбас толқындары пенде шіркінді жаңқадай жағаға лақтырып ойнаған өмір айдынында еркін жүзіп, құлашын кеңге сермейтін Тұтанбай ардагердің бұл қасиеті кімді де болсын тәнті етпей қоймас. Ол 1926 жылы 22-ші желтоқсанда Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округінде дүниеге келген. Оның балалық шағы жылылық пен мейірімге толы қарапайым қазақ ­ауылында өтті. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, еңбексүйгіштік бала жастан қалыптасты. Қызылорда облысы, Шиелі ауданының әскери коммисариаты арқылы әскери жұмылдыру бойынша 1945 жылдың қаңтар айында шақырылған. Сол жылдың 17 ақпанында ант қабылдайды. Нәтижесінде 1945 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында атқыш қызметін атқарады. Соғыс жылдары ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, лейтенант шенін алады. Қан майдандағы ерліктері үшін «Жуков» және «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы үшін» сынды медальдармен марапатталған.
Т.Шалбаев елге оралып, 1964 жылдан бастап еңбек жолын Жақаев атындағы колхоз өмірімін етене байланыстырады. 1965 жылы «Төңкеріс» колхозының бастығы, әрі қарай «Тартоғай» совхозының партия ұйымының секретары болып қызмет етеді. 1965-1975 жылдар аралығында «Қызыл Ту» колхозының бас зоотехнигі, тексеру комиссиясының төрағасы, 1977 жылдан зейнет жасына шыққанға дейін кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еселі еңбек еткен. Сондай-ақ, партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Бәйгеқұм МТС-нің саяси бөлім бастығы қызметтерін атқара жүріп, өн бойындағы коммунистке тән қасиеттерімен халықтың жылы алғыс-құрметіне бөленіп жүрді. Колхоз председателінің орынбасары, колхоз кәсіподақ комитетінің председателі қызметінде жүрген шағында колхоздың мәдени-экономикалық дамуына мейлінше ден қойды. Еселі әрі елеулі еңбектерінің арқасында бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, Советтердің депутаты болып сайлауға да түскен. Осылайша оның еткен еңбектері еленіп, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
Тұтанбай Шалбаев құшағы кең, кісілігі мен кішілігі тең, жүрегі дархан, көңілінен шуақ шашып тұратын текті азамат болатын. Сөйлесе тереңнен қозғап, ағынан жарылып, ақыл айтса шын пейілімен, жетеңе жеткізіп айтатын, үлкенге кішіпейіл, ініге мейірімді жан болатын. Ол ақкөңіл, адамға сенгіш, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, біреудің алдын кесіп өтпейтін, асып-тасымайтын адам болатын. Ол кісіде намысқа тиіп, ашу шақыру, адамдарды алалау деген жоқ. Дәлелді сөзге тоқтап, дәлелсіз сөзге мойнын да бұрмайтын. Табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, дарынды, адамгершілік қасиеті жоғары, кез келген нәрсеге балаша қуанатын кісі еді. Қалың ойдың құшағында жүретін ағамыз тереңнен сөз қозғайтын, байыппен, байсалдылықпен елдің, жердің жағдайы, арғы-бергі тарихы туралы қызықты әңгімелердің майын тамызып айтатын әңгімешіл қасиеті де бар болатын, – дейді көзін көргендер. Өзін өзгелерден ерек қылатын қасиеттерінің арқасында үнемі жемісті еңбек етті. Айта кету керек, СОКП Уставына сәйкес колхоз партия ұйымының шешімімен ұзақ жылдар партияда белсенді жұмыс істегені үшін «Совет одағы коммунистік партиясының ардагері» құрметті атағы берілген. ­Аудан, облыс басшылары да өз кезегінде қаһарманның еңбегін елеусіз, ескерусіз қалдырған емес.
Тұтанбай Шалбаев – үлкен отбасының басшысы, тәрбиешісі болды. Ошақтың отын бірге тұтатқан ­зайыбы Мариядан 3 ұл, 4 қыз сүйіп, мол тәрбиесін беріп, барлығы да жоғары білімді азамат болып шықты. Қала берді зиялы қауым өкілдері атанып отыр. Бүгінде 41 немересі мен шөбелері бар.
«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, күркіреп өткен, қаншама адамды шалғындай жапырып, дүниені астаң-кестең еткен бес жыл бойы, дәлірегі 1418 күн, 1418 түн талайды қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл – 77 жыл. Өткенін әсте естен шығармаған елдің ғана келешегі кемел болмақ. Өз кезегінде тәуелсіз әрі бейбіт күнді сыйға тартқан, елі мен жері үшін жан беріскен майдангер Тұтанбайдың есімі ұмытылмақ емес. Артында қалған ұрпақтары қайта жаңғыртып ұдайы ұлықтайтыны сөзсіз!

Сұлушаш  БАХТИЯРҚЫЗЫ
26 қыркүйек 2022 ж. 196 0