Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫРЫҚТЫҢ ҚЫРҚАСЫНА ШЫҚҚАНДА

ҚЫРЫҚТЫҢ ҚЫРҚАСЫНА ШЫҚҚАНДА

Бүркіт құс шамамен 70 жыл өмір сүреді. Алайда ол осы жасқа келгенге дейін өмірінде өте қиын бір кезеңді бас­тан өткізеді.
Ол 40 жасқа толған кезде, қылыштай қылшылдаған тырнақтары бұрынғыдай жемтігін бүріп ұстайтын қауқарынан айырыла бастайды. Ал қара тасты қақ жаратын тұмсығының өткірлігі жоғалып, майысып қалады. Ол екеуі оның негізгі тіршілік құралы. Қанаттары болса, ауырлап өзіне жүк болады. Ұшу бұрынғыдай емес, енді нағыз азаптың өзіне айнала бастайды. Бұл адамдардың қарыны шығып, өз денесі өзіне жүк болатын кезіне ұқсайды.
Осы бір қиындықтан арылып, қуатын қайтарып, дұрыс өмір сүру үшін қиын кезеңді бастан өткеру керек немесе осы күйінде өлуге тура келеді. Бұл кезең 150 күнге созылады екен.
Қыран осы кезеңде ұшар таудың басындағы ұясына жетіп алған соң, алдымен майысып қалған тұмсығын тасқа ұрып сындырады. Кейін тұмсығы қайта өсіп шыққанға дейін күтеді. Тұмсығы өсіп шыққан соң, тырнақтарын сындырады. Кейін тырнақтары өсіп шыққанға дейін тағы күтеді. Тырнақтары өскеннен кейін, қанаттарының қауырсындарын түгел жұлады. Осы бір азапты кезең өткенге дейін 5 ай керек екен.
Осыдан кейін қырықтың қырқасына шыққан қыран құс жаңадан қанаты қатқан бала бүркіт сияқты аспанға самғап ұша жөнеледі. Міне осылайша тағы 30 жыл өмір сүруге мүмкіндік алады.

Ал ақылы бар адам баласы ше?
Психолог мамандар адам қырықтан асқанда орта жастағы крезиске кездесетінін айтады. Бұл уақытта «Мен кіммін? Қайдан келдім? Өмірдің мәні не? Әрі қарай қалай өмір сүру керек?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеуге көшеді екен. Тура қыран бүркіт секілді, тек сыртқы келбеті емес, ішкі жай-күйі өзгеріске ұшырайды-мыс.
Иә, адам баласы ықылым заманннан бері 40 жастан асқан соң кісі көңілі қырық құбылатынын сезіп білген. Орта жастан асқанша арындаған «менмін» деген азаматтар 40-қа тақағанда тоқырайтыны да сондықтан. Егер осы крезистік кезеңнен сәтті шықса әрі қарай қамал алуға қауқарлы болатыны сөзсіз.
Бірақ біз жақсылыққа қарай өзгеру керек екенін білсек те, адамға тән шешім қабылдап әрекет етуге ерінеміз. Ақша жоқ, уақыт тапшы, бала бар деп сылтау айтамыз. Кейбір 40 жасты алқымдап қалған кісілер болса, біз болдық, енді бізден пайда жоқ деп күрессіз беріліп күрсініп отырады. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) 43 жасқа келгенде пайғамбар болып, өмірлік миссиясын атқаруға кіріскен жоқпа?! Олай болса, біздікі не тәйір?..

Гүлхан ЯХИЯ

20 қыркүйек 2022 ж. 660 0