Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыран құс һәм қазақ

Қыран құс һәм қазақ

Қансонарда аңға шығатын қазақ халқы қыран құстың қасиетін, тектілігін білген. Табиғаттың тылсым сырын меңгеріп, жаздың жаңбырлы болатынын сәуірден қалған бұлттан, қыстың жайлы болатынын дуадақтың қыстап қалуынан, қатты болуы­н қайтқан қаздардың төмен ұшуынан біліп, алдын ала болжаған ауа райына сай мал жайын қамдап көшпенді тірлік кешкен Ұлы даланың иесі қазақ деген халық осының біразына ғылымнан бұрын қанығып үлгерген. Сірә, дала мен адам үндестігі осы болар...

Аталарымыз қасқырдың қайсар мінезі, жылқының жүйріктік һәм жатырға шаппас тектілігі, қыранның алғырлығы сынды асыл қасиеттерін ерекше бағалап, оны адам бойындада болуы тиіс сындарлы сипатқа балаған. Адам баласы әрине Алланың өзге мақұлық біткеннен артық, абзал етіп жаратқан ерекше жаратылысы. Дегенмен қыран мен қазақты егіз ұғымға балаудың сыры неде? Тектілік, тазалық, ерлік, өрлік, қырағылық сынды қасиеттерінен шығар, бәлкім. Алайда, қырық жасқа келгенде қыранның тұяғы тым ұзын боп, иірленіп, жұмсарып кететінін білуші ме едіңіздер? Мұндай тұяқпен жемтігін ұстай алмайды. Тұмсығы да ұзарып, қатты майысып қалады. Жемтігін құзар шыңның басынан бақылып, қағып түсіретін қыран құстың қорегін жеуге қауқары болмайды. Кеудесі мен қанатындағы қауырсындары қалыңдап, денесі ауырлайды. Ұша алмай қиналады. Енді қыран не өледі, не ұзақ уақытқа созылатын түлеу кезеңін бастан кешіреді. Бұл түлеу жүз елу күнге созылады. Қыран шың басындағы ұясына қонады. Сонда шамасы жеткенше тұмсығын тасқа соғып, тарсылдатады. Тұмсығы түскенше, маза таппайды. Сосын жаңа тұмсық өсіп шыққанша күтеді. Одан ары қарай иір тұяғын жұлады. Жаңа тұяғы өсіп шыққанда кеудесі мен қанатындағы қауырсандарын жұлмалай бастайды. Бес ай бойы жаны қиналып, азаптанып, түлейді. Осындай азаптан кейін қыран тағы да отыз жыл өмір сүреді екен.

Міне, осы секілді адам да өмір сүру үшін өзгеруге тиісті болатын кездерді бастан кешеді. Іштей түлеген адам қорқыныш, үрей, күмән мен күдіктен арылып, естеліктерден құтылып, ескі әдеттерден бас тартып, ескі өмірдің салтынан өзін ажыратып, жаңа өмірге қадам басады. Тек өткен өмірдің ауыр жүгінен құтылғанда ғана бүгіннің тамашасын көреміз, келешектің ғажабын сезуге жол ашамыз. Жоғарыда айтып өткендей қыран құс 150 күндік азапқа толы түлеуді өткерген соң 30 жыл көк аспанда қалықтап, небір биіктіктерді бағындырады. Барша қазақтың басына түскен коронавирустың қасіреті де қыран құстың түлеуіндей өтіп кетер. Тасада жатып дертімен күрескен құс сынды карантиннен шыққан халық қайтадан еңсесін тіктеп, кем-кетігін түгендеп, осал тұсымыз бен олқылықтардың орнын толтыру жолында жұмысқа кірісетін күн де туар. Тек үміттің жібі үзілмесін.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
14 сәуір 2020 ж. 2 727 0