Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Металлургиядан медицинаға барған Құлахмет

Металлургиядан медицинаға барған Құлахмет

Шығыс медицинасының атасы Әбу Әли Ибн-Сина «Дәрігерде қыранның өткір көзі, бойжеткеннің нәзік қолы және арыстанның жүрегі болуы тиіс» деген екен. Осы жерде әйгілі емшінің «Дәрігердің сөз, өсімдік, пышақ деген үш қаруы бар» дейтіні де еске түседі. Он ғасырдың арғы қапталынан бүгінгі күнге дейін арымай жеткен бұл қағида қазір де өзінің құнын жоғалтпады. Ал осы талаптар мен сипаттардың бәрі саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап келе жатқан иглорефлекстерапевт – Құлахмет Сұлтановтың бойынан табылады.
Біз сөз еткелі отырған Құлахмет Ділмағанбетұлы 1942 жылы 28 тамызда Қызылорда облысы, Қазалы станциясында дүниеге келген. Әкесі Ділмағанбет Сұлтанұлы төрт атадан бері темірден түйін түйген, ұста, зергер болған. Ал анасы ­Балхия үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан. Соғыстан кейінгі таршылық уақытта 1952 жылы 1 сыныпқа барады. 1958 жылы 6 сыныпты ойдағыдай аяқтап, артынша екі жылдық Қазалы теміржол училищесіне түседі. 1960 жылы аталған училищені және кешкі мектепте 7 сыныпты тәмамдаған соң, сол жылы Комсомол жолдамасымен Қазақстан Магниткасының құрылысына аттанады. Қарағанды облысы, Теміртау қаласына Қарағанды Металлургия зауытында бітірген мамандығы бойынша вагон тексеруші болып жұмыс істеп, осы зауыт жанындағы оқу комбинатында тепловоз машинистінің көмекшісі мамандығын оқып алады. Мұнымен қоса кешкі мектепте 8-9-10 сыныптарды жедел оқып, орта білім аттестатына қол жеткізеді.
1962 жылы Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, 1962-1965 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң ­Диксон қаласының 10 жылдығына байланысты өткізілген спорттық жарыста ауыр атлетикадан чемпион болып, елге келіп өз жұмысын жалғастырады. Кейін жағдайға байланысты Қарағанды облысы, Қаражал ауданы, Жамбыл кеніші деген жерде Орталық Қазақстан гидрогеологиялық экспедициясына жұмысқа ауысады. Осы аталған мекемеде 1966-1968 жылдары үш мамандық бойынша жұмыс істейді. Кейін 1968 жылы Қарағанды Мемлекеттік Медициналық институтының санитарлық гигиеналық факультетіне оқуға түседі. 1974 жылы оқуын тәмамдайды.
Құлахмет зейнеткер анасынан ақжарқын, еңбекқор, адалдық қасиеттерін бойына жиып өседі. Соның арқасында адам жанына араша түсетін дәрігер болу арманын бүршік жарғызып, шешек атқыза бастайды. Сол арманның әлдилеуімен Қызылорда облысы, Арал қаласындағы аудандық тазалық-індет станциясына жолдамамен дәрігер-эпидемиолог болып жұмыс істейді. 1975 жылдың ақпан айынан бастап, аудандық тазалық-індет станциясына дәрігер эпидемиолог болып ­ауысады. 1982-1992 жылдар аралығында бас дәрігерлік қызметін атқарады. Кейін 1992-1995 жылдары аудандық орталық ­ауруханасы бас дәрігерінің төтенше жағдай туралы орынбасары болып ауысады. 1995 жылдан бастап мамандығын өзгертіп, шығыс медицинасы саласына бет бұрады. Алтын инемен ем жүргізіп, кейін аудандық ауруханада иглорефлекстерапевт болып 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. Сонымен қатар ішінаралық жұқпалы ауруларға қарсы жұмыс жүргізетін дәрігер ­эпидемиолог қызметін де атқарады. 2008 жылдан бастап зейнетке шығып, жеке сауықтыру кабинетін ашып жұмыс істеуде.
Сан салада шыңдалған кейіпкеріміз 1995 жылы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Құрмет грамотасымен» марапатталып, Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойлық медалін, Ы.Жақаевтың 130 жылдық төсбелгісін кеудесіне тағады.
Бүгінде ол жұбайы Гүлмариямен 3 ұл тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отыр. Халықтың алғысына бөленіп жүрген медицина саласының майталманы ауылдастарының амандығы үшін жаралғандай.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 қыркүйек 2022 ж. 265 0