Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒҰМЫР БОЙҒЫ ҒАШЫҚТЫҚ

ҒҰМЫР БОЙҒЫ ҒАШЫҚТЫҚ

Сырдың бойы соның ішінде киелі Шиелі жері қашаннан жыр мен терменің, ақындық пен жыршылықтың өрісін кеңге жайған мекен. Солардың бірі – қазақ журналистикасының қабырғалы қаламгері, ардакүрең ақыны Мұрат Күлімбет. Елшіл, сырбаз ақынның бақилық болғанына 1 жылға жуықтады. Алайда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген бар емес пе?
Туған жұртының, замандастарының жан сарайын ашып, жүрек лүпілін, игі қасиеттерін, үкілі үміттерін, мөлдір сезімдерін, егілтіп-төгілтіп жырлай алсаң ғана нағыз ақынсың. Осы тұрғыдан келгенде Мұрат ақынның азаматтық болмысы шынайы, перзенттік парызы кірпік қақпайды. Әсіресе таңдамалы туындылары тоғысқан «Ғұмыр бойғы ғашықтық» жыр жинағы жүрекке жетеді. Жинақ «Сырым – жырым», «Тағзым», «Махаббат мезгілдері», «Дунай дәптерінен» және «Жүректі әнмен тербейік» деген бөлімдерден тұрады.
«Қайран, Шабыт!
Мені ізде сен, төріме ен,
Ақтарайын армандарды бар ізгі.
Бұл өмірдің көрінбесем өрінен,
Өтедім деп айтам қалай парызымды» деген өлең жолдарынан-ақ ақынның жауапкершілігінің жоғары екендігін аңғаруға болады. Оның әр өлеңіндегі бөлек бітімі, өзгеше бейнесі бірден көзге ұрып тұрады. Мұрат ақын ғана бара алатын тың тақырыптар, ол байқайтын көріністер, өзі ғана теңей алатын баламалар оқырман іздеген сан сауалға жауап бола алады.
Мұрат Күлімбет жырларының көркемдік деңгейі жоғары. Олай болатын себебі – ақын көркемдік бейнелеу құралдарын көп қолданады әрі орнын тауып, қиюластыра қолданады. Сондай-ақ оның өлеңдеріндегі теңеулер мен метафоралар, эпитеттер мен метономиялар ақын жүрегін жарып шыққандығымен де қазақ әдебиетінің қазынасына баға жетпес байлық болып қосылғандығын айтуымыз керек. Шайыр әрбір өлеңінде тың ой айтуға, тосын түйін жасауға, жаңа көркемдік деңгейге қол жеткізуге талпынады. Сол талпыныс жеміссіз емес екендігіне көз жеткізуге де болады. Мәселен, жыр-жинақтан ақынның Желтоқсан көтерілісінің қасіретіне күңіреңгенін көруге болады. Оның сол уақытта Алматының орталық алаңында орын алған жан төзгісіз соғысқа барып араша түсуге мүмкіндігі болмады. Сәйкесінше қол қусырып қарап отырмай, қару орнына қалам алып, жан жарасын жырмен жеткізе білді. Азаттық үшін арпалысқан Кейкі, ­Жаназар, Иманжүсіп, Мұстафа сынды киелі бабалар рухына жүгініп, тағзым етеді.
Ақын қызметтес болған әріптестерін де жырынан қалыс қалдырмаған. Олардың үлгілі істері мен тың тәсілдерін өлеңіне арқау етіп жазады. Атап айтар болсақ, бір лауазымда 32 жыл отырған редактор Зәкім Жайлыбайға, Мәрия Жұматқызына арнап тебіреніске толы жыр жолдарын арнаған.
Топшылай келе, өлеңімен де, өмiрiмен де ақын қазақ даласының қай түкпiрi де өз ауылы, қазақ баласының қай тумасы да өз бауыры екендiгiн мейлiнше дәлелдеп бере алды. Мұрат Күлімбет – тәуелсiздiктi жан-тәнiмен қабылдап, жан-тәнiмен жырына қосқан, қарынының ашқанына емес, қауымынан қасиет қашқанына қайғыратын арқалы ақын еді.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
08 қыркүйек 2022 ж. 410 0