Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГРАНТ АЛУҒА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

ГРАНТ АЛУҒА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

8 тамыздан бастап 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылдау басталды.
Орталықтың мәліметінше, биыл берілетін гранттардың бағыты бөлек. Әр қатысушы оны тек бір рет қана алады. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер өздерінің бизнес-әлеуетін ашып, өндірісті жолға қойып және дамыта алады. Сол арқылы өзін тұрақты табыс­пен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек. Олар 29 жасқа дейінгі жастар, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері – АӘК алушылар, көпбалалы отбасы – көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударушылар, жәрдемақы алатын мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, – деді Шиелі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар тиісті қаржы жылының республикалық бюджеті туралы заңда белгіленген 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1 225 200 теңгені құрайды. Өтеусіз және қайтарымсыз негізде бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Ұлттық жобаға қатысушыларға бір рет беріледі.
– Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант алу үшін өтініш беруші «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталының ішкі жүйесі болып саналатын business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталында өтінім береді. Грант алудың міндетті шарттары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификаттың болуы 3 жыл ішінде сертификатты алған күннен бастап есептеледі. Үміткердің порталда белгіленген талаптарға сәйкес нәтижелердің болуы, комиссияның оң шешімі керек.
Грант алу үшін өтінімдер бірнеше лек ­бойынша жүргізіледі. Бірінші лек – 2022 жылғы 1-14 сәуір, екінші лек – 2022 жылғы 8-19 тамыз, үшінші лек – 2022 жылғы 29 тамыз – 9 қыркүйек, төртінші лек – 2022 жылғы 19-30 қыркүйекте портал арқылы business.enbek.kz онлайн режімінде жүзеге асырылады, – дейді орталық директоры.
Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Ал керісінше тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге грант берілмейді.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыс­тарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар ­бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады. Шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электронды форматта жасалады.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
29 тамыз 2022 ж. 578 0