Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс жауынгерінің есімі қайта жаңғырмақ

Жеңіс жауынгерінің есімі қайта жаңғырмақ

Аудандағы көшелердің бірі енді соғыс ардагері Арыс Мизамбаевтың есімімен аталады. Ең бастысы, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, өскен өлкесіне еңбегі сіңген соғыс ардагері Арыс Айсаұлы Мизамбаевтың есімі өшпесе екен дейміз. Келер ұрпақ ауылын ардақтаған азаматын білуі тиіс. Сонда ғана ­тарихи таным қалыптасып, рухани жаңғыру жаңғырып, тамыры тереңге жайылады.
Иә, өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлы тұлғаларымен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен мақтанады. Осындай ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында «Рухани жаңғырудың» орны айрықша.
Сонымен өткен күннің дерегіне сүйенсек, тақырыпқа арқау болып отырған Арыс Мизамбаев Қарағанды облысы, Ұлытау өңірінің тумасы. 1900 жылы дүниеге келген. Күнкөріс қамы үшін туған жерден Шиеліге қоныс аударады. Соғысқа дейін сауда саласында жұмыс істеген. Бұл кезең Арыс ақсақалдың алғашқы еңбек жолы еді.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес одағын шарпыған кез. Осы уақытта жер-жерден жаудың бетін қайтаруға адамдар жиналып, қанды соғысқа аттанған болатын. Міне, сондай ерлікпен күрес жолында майдангер А.Мизамбаев та бар. Ол 1942 жылы майданға аттанады. Соғысқа дейін Шымкент облысы Шолаққорған ауданында үш ай дайындық курсынан өтеді. Сол жылы қан майданға аттанған Арыс Мизамбаевтың неміс фашистеріне қарсы ұрыста көрсеткен ерлігі елеусіз қалмады. Қиын шақта қол бастағаны үшін қатардағы жауынгерІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Бұл оның алғашқы наградасы еді.
Қаншама қазақ жауынгерлері ­Украина жерін азат етуге қатысса, соның ішінде Арыс Айсалыұлы да бар еді. Бұл ұрыста да орденмен марапатталды. Одан әрі ­Неваль, Даугава, Шауляй, Войнеда, Городок қалаларын және Румыния жерін азат етуге қатысты. Қан майданда ұрыс шебінде бірге болған Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Арыс атамыздың ерлігін көзбен көріп, «Соңғы ұрыстарда» тақырыбында газетке мақала жазған. Ол төмендегідей.
Сан рет топты жарып жауға шаптым,
Найзамды сегіз қырлы жарқылдаттым.
Ішінде биік ордың қарсы келіп,
Немістің офицерін көздеп аттым.
Арыстың бұл өлеңін ротадағы қазақ жауынгерлері тегіс біледі. Бұл өлеңді Арыс осы соңғы ұрыстардың бірінде шығарған болатын. Неміс офицерін де ол осы соңғы ұрыста Д. қаласының ішінде атып өлтірді. Д. қаласында немістер қатты қарсылық жасады. Жау әрбір үйде бекініс жасап, біздің әскерлерді жібермеуге тырысты.Арыстың ротасына қойылған сол күнгі тапсырма – қаланың бас көшесіне кіріп, көшені немістерден тазарту болатын. Рота атакаға көтерілгенде жауынгер Арыс ­Мизамбаев шабуылшылардың ең алдыңғы қатарында кетіп бара жатты. Оң жақтағы шеткері тұрған көк үйдің шатырынан оқ шабуылшылардың жолын бөгеп тастады. Бұл кезде Мизамбаев үйдің жанына 10 метр ғана қалған болатын. Ол істің қиынға айналып бара жатқанын тез түсінді де, беліндегі үлкен гранатын шешіп алып үйдің шатырына лақтырды. Шатыр ағаш тақтай аспанға көтеріліп барып, жерге түсті. Пулеметтің үні өшті.Рота жауынгерлері тағы да ілгері ұмтылды. Кеудесін ыза кернеп, ашуға әбден мініп алған Арыс қарғып, үйдің алдындағы орға бірінші болып түсті. Арыстың болат найзасы орды бойлап қашып бара жатқан фрицтердің соңғысына қалай қадалғанын ол өзі де сезбей қалды. Фрицтің саудасын бітіріп, Арыс тағы ілгері ұмтылды. Ордың бұрмасынан неміс офицері одыраңдап жүгіріп келеді екен.Найзалауға құлаш жетер жер болмағандықтан Арыс офицерді нысанаға алып, мылтықтың шаппасын (шүріппесін. Нақтылаған С.Б.) тартып қалды. Бұл оқиға көз ілескенше жылдам өткендігі сондай, офицер қолына ұстап келе жатқан парабелін (атыс қаруы- пистолеттің бір түрі.Анықтаған С.Б.) көздеуге де шамасы келмеді. Офицер өкіре барып құлады.Кешегі теміржолшы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданының азаматы Арыс ­Мизамбаев – бүгінгі жеңіс жауынгері, неміс жерінде дұшпанды осылай жайратты.
Бас қолбасшының 7 мәрте алғыс хатын иеленген Арыс Мизамбаев І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін, 8 әскери медальді төсіне тағып, Шиеліге жеңіспен оралады. Туған жеріне келген соң бұрынғы қызметін қайта жалғастырып, ұзақ жыл кооперативтік сауда саласында өнімді еңбек етеді. 2 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде майдангердің ізін жалғаған 26 немере, 41 шөбере әр салада жемісті еңбек етіп, туған елді қайта түлетугемаңдай терлерін төгуде.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
18 тамыз 2022 ж. 373 0