Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Осы жұрт Бұдабайды біле ме екен?

Осы жұрт Бұдабайды біле ме екен?

Биыл Сыр сүлейлерінің бірі, Шиеліден шыққан даңқты ақын Бұдабай Қабылұлының 180 жылдық мерейтойы. Қара домбыраның үнімен, қара сөздің күшімен дау тоқтатқан, ел бірлігін сақтап сыр сүлейі атанған Бұдабай Қабылұлы сөзге шебер дарынды дүрдің бірі. 14 жасында аламан айтысқа ең алғаш Қарлығаш деген қызбен қатысуы оны ақын ретінде таныта бастайды. Өлең-жырға деген құштарлығы «Өзім жайлы», «Көңіл туралы», «Өмір туралы» деген біршама шығармалардың дүниеге келуіне арқау болады. Өлеңдерінің басым көпшілігі ел бірлігі мен татулықты жырлауға, араздасқандарды бітімге шақыруға бағытталған.
Заманында, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Бұдабайдың ақындық даңқы қазақ даласында Сыр бойына ғана емес, Жетісу, Арқаға, көрші ел Ташкент, Бұхара, Хорезмге дейін жайылды. Оның әйгілі толғауы «Әйекені жоқтау» көзі тірісінде екі рет баспа жүзін көрген екен. Оның үзіндісін фольклор жинаушы Я.Лютшь 1883 жылы Ташкент қаласында бастырған «Киргизс­кая хрестоматия» («Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы») жинағына алғаш рет енгізсе, халқымыздың ауыз әдебиетін тағы бір құнттаушы башқұрт Ә.Диваев 1904 жылы «Сырдария облысының есеп материалдары жинағының» ХІ томында толық нұсқасын жариялады. Оның «Әйекені жоқтау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Онда:
Әуелі Құдай жаратқан,
Екінші сөзім-Мұхаммед.
Бейнетті басқа бір өлім,
Мұхаммедке болса үммет.
Ақырын Алла бермесе,
Орнады бізге бір нәубет.
Сақилығы бар еді,
Баязит пенен Бастандай – деп бейнелеген бұл шығармада сол кездегі бір оқиғаға байланысты ел ішіндегі екі ру арасындағы болғалы тұрған қақтығысты болдырмай, руларды ортақ мәмілеге келтірген.
Бұдабайдың ақындық мұрасы қазақ оқымыстыларының ішінде алғаш Ахмет­ Байтұрсынұлының назарына іліккен. Ағартушы А.Байтұрсынұлы 1925 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан халқымыздың төрт жүз жылын қамтыған «Жиырма үш жоқтау» жинағын шығарғанда, осы жинаққа енген Қазыбек би, Абылай хан сияқты қазақтың әйгілі ұлдарын жоқтаған жырлардың бірі Бұдабайдың «Әйекені жоқтауын» енгізген екен. Сондай-ақ 1926 жылы Мәскеуде басылып шыққан теңдесі жоқ ғылыми еңбегі – «Әдебиет танытқыш» кітабында қазақ әдебиетінің түр-тұлғасын, көркемдік әдістерін саралап, талдаған кезде мысалға келтірген талай туынды – «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» дастандарынан үзінділер, Асан қайғы, Абай, Наурызбай би, Нысанбай жырау, Орынбай, Алтыбас Ақмолда, Ыбырай Алтынсарин, Шортанбай, Байтоқ, Мұрат, Жарылғап, Әбубәкір, Досжан, Шернияз, Мағжан, т.б. біраз ақындар өлеңдерінің қатарында Бұдабай шығармалары да бар.
2012 жылы Шиеліде Н.Нәлібаев аудан әкімі болған тұста Б.Қабылұлының 170 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен болатын. Сол тойдан көрген-түйгенін газетке түртіп түсірген А.Ысымұылының естелігінде қызықты мәліметтер жетерлік. «Бұдабайдың шығармалары жеке жинақ болып 1994 жылы ғана басылып шықты. Бұл талай жыл Бұдабай мұрасын ел ішінен жинап, игілікке айналдырған Шиелі ауданының тұрғыны, әдебиет сүйген азамат, бүгінде марқұм Нұрмахан Қасымовтың еңбегі еді. Жинаққа енген шығармалардың түрлі нұсқаларын салыстырып, жүйеге түсірген, алғысөзін жазған тарихшы ғалым марқұм Мәдіахмет Аяпұлы мен фольклоршы ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлы. Бұл бұдабайтануға қосылған өлшеусіз үлес болды.
Бұдабай 1842 жылы Шиелі ауданында Сырдарияның сол жағалауында Керделі деген жерде дүниеге келген. Бұл қазіргі «Қарғалы» ауылының маңы. Зираты сол төңіректегі «Әулие тораңғыл» деген жерде. Биылғы жылдың шілде айында журналист-жазушы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Нұрмақан Елтай екеумізді «Қарғалы» ауылының тұрғындары Нұрбапа (Нұрпан) Оралбайұлы мен оның күйеу баласы Үсен Дүйсенбаев Бұдабайдың зиратына алып барып көрсетті. Өзінің де өлеңге әуестігі бар Нұрпан аға жол-жөнекей әңгіме үстінде кезінде Бұдабайдың қолда бар өлеңдерін Бұдабай жинағын құрастырған Нұрмахан Қасымовқа бергенін айтты. Қорым «Қарғалыдан» «Таштоп» деген жерге қарай жүргенде он шақырымдай жерде екен. Зират жолдың жиегінде, зәулім өскен тораңғыл ағаштың түбінде. Көлеңкесі қою, биік жабайы ағаш киелі ақын зиратының басында өсіп тұрғандықтан «Әулие тораңғыл» атанғандай. Басына туыстары жазып қойған мәрмәр көктас болмаса, Бұдабайдың жерленгеніне жүз жыл өткен, қазір теп-тегіс бұл жерді зират деп ойлай қоймайсың. Айнала қалың өскен жиде, жыңғыл, шеңгел, қамыс, тоғай, жал-жал бұйрат құмдар. Дария қашық емес. Келешекте зират басына келісті кесене орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді» деп осындан 10 жыл бұрын журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері А.Ысымұлы «Егемен Қазақстан» газетіне жазған екен.
Ақынын ардақтап, батырын ұлықтайтын халықпыз. Сыр елін жыр еліне айналдырған шайырлар мен сүлейлердің салған ізі нөшірмеу де біздің қолымызда. Жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаев Бұдабайдың шығармаларын зерттегенін, кейінгі ұрпаққа жеткізгенін білеміз. Ал бүгінгі ұрпақ сол еңбекті елеп, Бұдабайды танып-білуге талпынып жүр ме?

Г.ӘБДІХАНИ
15 тамыз 2022 ж. 295 0