Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «НЕКЕ БАҒЫ» «ЖАСЫЛ ЕЛГЕ» ЖОЛ АШАР ЕДІ...

«НЕКЕ БАҒЫ» «ЖАСЫЛ ЕЛГЕ» ЖОЛ АШАР ЕДІ...

Бұрынғылардан қалған «той – халық қазынасы» деген сөз бар. Өйткені ертедегі қазақтың үлкен тойлары даланың сәнді сахнасы секілді көрініс берген екен. Тамылжыған табиғат ақшаңқан киіз үйлермен әдіптеліп, бірін-бірі көптен көрмеген жандар той үстінде табысып, мал-жанның амандығын сұрасып, шұрқырасып жатады. Ел өміріндегі жаңалықтар да той арқылы көпке тараған. Үлкендер жағы сөз жарыстырса, жастар жағы да өзінше өнер жарыстырып, осы арқылы өсіп келе жатқан таланттар, өткір жігіт, сүйкімді бойжеткен халыққа танылған. Ат жарыс, көкпар тарту, қыз қуу, балуан күрес, ақындар айтысы секілді халықтың бүкіл өнері, болмыс-бітімі мен ұлттық ерекшелігі осы той үстінде көрініс берген. Міне, осыдан кейін той – халық қазынасы болмай қайтсін?!
Содан да болар Шиелі ауданында тойды дүркіретіп жасауға арналған мейрамханалар, түрлі дизайндағы көздің жауын алатын шақыру қағаздары мен сан алуан камераларымен қуанышты күніңізді кинофильм секілді сапалы әрлеп таспаға түсірумен айналысатын той орталықтары мен қалыңдықты әрлейтін сұлулық салондары күн санап көбеюде.
Қаражат болса керемет асаба, әнші мен бишілерді де табу қиын емес. Жалпы өңірімізде той көбейген сайын ондағы көрсетілетін қызмет түрлерінің саны мен сапасы да артып келеді. Алайда қуанышты күндегі маңызды сәттер мұнымен бітпейді.
Одан бөлек тойға бет алған жастар қауымы серуен сәтін асыға күтеді. Кез келген некелесу рәсімі мұнсыз болмайды. Кентімізде жастар баратын орындар жоқтың қасы болса да әйтеуір көшені бермей, шулатып жүргенге мәз. Той алдында 3-4 сағат бойы күйеу жігіт пен қалыңдық достарымен бірге орталық алаңға, Жақаев атындағы саябақ пен Шиелі паспортының жанына барып суретке түседі, жас жұбайларға тілек айтылады.
Жалпы той тек көңіл көтеру, бар тапқанын шашып, жұртқа мақтану үшін ғана емес, аз да болса қоғамға ой салатын, жастарға тәрбие беретін деңгейде өтуі тиіс. Біздіңше некелескен жұбайлар бірнеше сағат уақытын анда-мұнда барып босқа өткізгенше тағылымы мол, өткені мен келешегін байланыстырып тұратын жақсы бір рәсімді дәстүрге айналдыруы қажет секілді. Осы орайда ұсынысымыз да жоқ емес. Егер көпшілік құптап, басшылық қолдап жатса ауданнан «Неке бағы» ашылса жөн болар еді. Жас­тар уақыттарын босқа өткізбей, қыдыру кезінде сол жерге барып тал отырғызса керемет емес пе? Мәселен, күйеу жігіт терек, қара тал, ал, қалыңдық жеміс ағаштарын ексін. Кейін ерлі-зайыптылар отбасылық өміріміз осы талдай жайқалсын деген ниетпен ағаштарды суарып, қурап қалмауын қадағалауды өздері-ақ әдетке айналдырады. Кім өз қолымен еккен ағашының өміршең болғанын қаламайды дейсің? Оның үстіне дәл көшет отырғызатын мезгіл күз бен көктем – нағыз тойдың қызатын шағы. Ал қыста немесе жазда некелескендерге қобалжудың қажеті жоқ. Ерте көктемде арнайы бір күндерін «неке бағына» баруға арнаса еш сөкеттігі бола қоймас. Есесіне, кентімізде көпшілік демалатын тағы бір орын пайда болады. Пайымдауымызша, бұл орынды ашуға көп қаржы да жұмсалмайды. Тек алаңды қоршап, «Неке бағы» деп белгілеп, бағбанын сайлап қойсақ болғаны. Осылайша жайқалған «Жасыл елге» жетуге бір қадам жасар едік.
Қазақтың сөз қоржынында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсіл бар. Ал ислам діні «Ағаш отырғызған адамға ағаштан жиналатын жеміс-жидектің мөлшеріндей сауап беріледі» деп көшет егудің тағы бір пайдасын көрсетеді. Бұдан бөлек ғылыми зерттеулер де әлдеқашан ағаштың адамзат баласына берері ұшан-теңіз екенін дәлелдеп қойған. Ғалымдардың айтуынша, орта көлемдегі бір ағаш 24 сағатта үш адам тәулік бойы дем алған оттегінің орнын толтырады екен. Ашық шуақты күні бір гектар жасыл желек 220-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-220 келі оттегі бөліп шығарады. Осыдан кейін ағашты тіршіліктің табиғи өкпесі деп атасақ та артық етпейді. Қазіргі таңда берері мол ағашқа әлем назары ауып отыр. Айталық, Жапон үкіметі Токио қаласын ыстық ауадан қорғап, оттегіні молайту үшін үйлердің төбесіне ағаш егу мәселесін көтеруде. Себебі соңғы жүз жылда ауаның температурасы 2,9 градусқа жылынған. Әрине, оның қасында Қазақстандағы жағдайға «тәубе» дейміз. Алайда ауданда көшет егуге қатысты әттеген-ай дейтін тұстар кездесіп жатады. Иә, ауданда көктем сайын­ көк шыбықты отырғызамыз. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Бірді-екілі жерде ғана жасыл желек жайқалып тұрады. Ал кентке кіреберіс жерде, ауданның теріскей жағында, я болмаса Көкшоқы елді мекеніндегі сыммен қоршалған жерде еккен көшет өнбей қалып жатқаны бірінші рет емес. Сондықтан көшет егіп, көгалдандыру мәселесінде жаңа идея ұсынбасақ болмас. Бұл бір жағынан көгалдандыруға бөлетін миллиондаған қаржыларды үнемдеуге де сеп болар ма еді?
Мәселен, жыл сайын Шиелі ауданында 600-ден аса отбасы шаңырақ көтереді екен. Әр жұп 2 көшеттен отырғызғанда өңірімізде қаншама жайқалған талдар болады. Осылайша көрікті кентіміз одан әрі әрлене түсіп, дәстүріміздің жаңаша жаңғыруына алғаш болып жол ашар едік. Бұлай дейтініміз осыған дейін еліміздің ешбір жерінде «Неке бағы» болмаған.
Кім біледі, уақыт өте жұбайларға арналған мұндай орындарды әр ауылдан да аша жатармыз. Мұның пайдасы болмаса, зиянын байқамадық. Оған қоса, тұрғындар бақтағы талдардың көлеңкесіне демалып, жемісінен дәм татқанда оны еккен жандарға сауаптар еселеп жазылады емес пе? Кейін жас жұбайлар балаларына, немерелеріне «мынау біздің неке қиғандағы еккен талымыз» деп көрсетіп отырса қандай керемет. Өз-өзімізді қолға алмасақ, өзге келіп көсегемізді көгертпейтіні анық.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
08 тамыз 2022 ж. 305 0