Сауд Арабиясына жасалған алғашқы сапар
Сенбі күні Мемлекет басшысы ресми сапармен Сауд Арабиясына барды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде корольдікке жасаған алғашқы сапары. Қазақ елінің басшысын қос киенің сақшысы, елдің королі – Салман бен Әбделазиз Әл Сауд арнайы шақырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіріп, шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын. Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады. Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екенін атап өтіп, оны әрі қарай нығайтып, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін айтты.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл ретте Қазақстан мен Сауд Арабиясының бизнесмендерін біріктіретін іскерлік кеңестің рөлі зор болмақ. Тақ мұрагері Мемлекет басшысының ресми сапары аясында өтетін Инвестициялық дөңгелек үстелге Корольдіктің ірі компанияларының өкілдері қатысатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады. Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Корольдіктің компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, бұл бағыт жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында аса өзекті бола түседі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдайтынын айтып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.
Қазақ пен Араб ғарыш кеңістігін бірге бағындырмақ
Жексенбі күні Мемлекет басшысы Джидда қаласында іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен инвестициялық форумаға қатысты. Енді Қазақстан пен Сауд Арабиясы ғарыш кеңістігін бірге зерттеуі мүмкін.
Жексенбі күні Мемлекет басшысы Джидда қаласында іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен инвестициялық форумаға қатысты. Енді Қазақстан пен Сауд Арабиясы ғарыш кеңістігін бірге зерттеуі мүмкін.
Ынтымақтастық үшін тиісті құқықтық база бар. Қазақстанның аэроғарыш саласын дамыту үшін тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Сондықтан Президент қазақ тарапы осы сала бойынша Сауд Арабиясы компанияларымен өзара байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Бұдан бөлек біздің ел корольдікке жоғары сапалы бидай, майлы дақылдарды тұрақты жеткізіп тұруға уәде берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік жобаларын қарастыруды ұсынды. Президент Ajlan & Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті. Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan & Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын пысықтауда. Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері де талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30 процентін өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Ал форум нәтижесінде 2 ел арасында 10-нан астам келісім мен меморандумға қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кіші қажылыққа барды
Мемлекет басшысы Сауда Арабиясындағы сапарында ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында кіші қажылық рәсімін жасады. Сондай-ақ Президент Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды.
Мемлекет басшысы Сауда Арабиясындағы сапарында ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында кіші қажылық рәсімін жасады. Сондай-ақ Президент Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды.
Айта кетейік, Қағбаның есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылады. Бұл Сауд Арабиясы басшылығының Қазақстан Президентіне көрсеткен зор құрметінің нышаны.
Рамазан ӘНӘПИЯ