«Шәйі-пайы түгел ме?»
Егемендік алған жылдары еді. Бір ағайынның үйінде кеңесуде отырмыз. Шымкентке барып құда түсіп, келінді әкелу керек. Үлкендер жағы мал мен шақырылатын ағайындардың тізімін жасауда. Әйелдер жағы қалта-құлтаны реттеп жүр. Тоқсанға таяп қалған Күлән әжеміз: «Шәйі-пайыларың түгел ме?» деді құлағын орамалының астынан шығарып жатып. Құлағы өте ауыр еститін еді. Жастар жағы гу ете күлді де, шәйі қайнап жатыр, пәйінен бес жәшік алып қойдық десті. Оны естімеген әжеміз «не дейсіңдер» деп жаулығының астынан құлағын түгелдей шығарды. Оны түсіндіру қиын деген немересі «Иә, түгел, түгел» дей салды. Әжеміз, дұрыс болыпты деп өзімен-өзі отыра берді.
Шәйі мен пайы деген сөзді әжей басқалай айтты, ал біз басқалай түсіндік. Иә, біз – шәйін шәй, пәйін арақ деп түсінеміз. Ал, шынында шәйі деген жібек матаның жұмсақ түрі болса, Пайы немесе пай – жібек матаның сәл қалыңдау түрі. Яғни, шәйі – пайың түгел ме дегені маталарың түгел ме деген сөзі еді. Біз қазақша атауларды ұмытқанбыз және онымен қоймай білетін адамды мазақ етіп күлеміз. Олай болса ел жадында жүрсін деп мына маталардың атауын ұсынамыз:
Жібек – беті тегіс, жылтыр, қымбат мата.
Қамқа – зерлі жіптен тоқылған жібек мата.
Қатипа – жол-жолы бар жұқа жібек мата.
Торқа – ең қымбат жібек мата.
Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі.
Патсайы – тығыз тоқылған жібек матаның бір түрі.
Биқасап – енсіз жібектен тоқылған жолақ мата.
Дүрия – жылтырауық тығыз жібек мата.
Баршын – жолақты жібек мата.
Насар – жібек кездеме.
Қырмызы – жоғары сапалы қызыл жібек.
Пай немесе пайы – жібек мата.
Шәйы – жұқа жібек мата.
Парша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқыған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім.
Сәрпөңке – астарлық жібек мата.
Барқыт – түгі тығыз жібек мата.
Шибарқыт – бет жағы жол-жол болып келген барқыттың бедерлі түрі.
Құлпы – өңі құлпырып тұратын жібек мата.
Қазине – жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын мата.
«Қазине қамзол кидім қиылмаған» (С.Мұқанов).
Тібен – түрлі түсті қалың мата.
Мақпал – тығыз тоқылған, қалың, түкті барқыттың бір түрі.
Мақпалдың қара мақпал – қара барқыт, қой мақпал – түкті пүліш. қырмызы мақпал – қызыл күрең барқыт деген үш түрі бар. Бірақ, қазақтар мақпал деп көбінесе біртегіс, түгі тықыр қара барқытты атаған.
Сәкен Алдашбаев