Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кезек күттірмейтін мәселелер талқыланды

Кезек күттірмейтін мәселелер талқыланды

Бейсенбі күні ардагерлер үйінде аудандық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері мен оның төрағасы Қ.Бекішев, аудан әкімінің аппарат жетекшісі А.Мыңбаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Байділдаев, ТКШ бөлімі басшысы міндетін атқарушы Ж.Баядилов қатысты.
Кеңесте мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізімін айқындау туралы шешімге өзгерістер енгізу, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген іс-қимыл нәтижелері, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйі, жолаушылар тасымалы, секілді 3 мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б. Байділдаев баяндама жасап, Шиелі аудандық мәслихатының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізімін айқындау туралы №57/10 шешіміне толықтырулар енгізілгендігін баяндады. Оның айтуынша енді аудандық мәслихаттың ұйғарымымен аталған шешімнің 7-ші бабы 3-ші тармақшамен толықтырылған.
Тармақшаға сәйкес «Бакалавр» дәрежесін алуға ҚР жоғарғы оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, өтініш берген уақыттың алдыңғы 12 айдағы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 3 еселенген шамасынан төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына тағайындалатын болады. Атап айтсақ, әлеуметтік көмектің мөлшері оқу орындарында көрсетілетін білім беру қызметі мөлшері мен тамақтануға және тұруға кететін шығындарды өтейтін 72 айлық есептік көрсеткіш (220 мың 536 теңге) мөлшеріндегі бір реттік төлемнен тұрады.
Ал екінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімінің аппарат басшысы Азамат Мыңбаев «Сыбайлас-жемқорлық фактілерінің алдын алуға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Мәселен жыл басынан бері кент және ауылдық округтерде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», «Пара алу да, беру де қылмыс», «Адал жүр, адал тұр, адал бол» «Адалдық ерлік нышаны» тақырыптарында билбордтар ілініп, ЛЭД экран арқылы видеороликтер көрсетілуде. Сондай-ақ «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, жұмысшы тобы құрылды. Жыл басынан бері әр түрлі мәселелермен 219 жек қабылдау өткізілді. Бір қуантатыны 2021 жылы аудан көлемінде 4 қызметкер сыбайластық әрекеттер жасап, жазаға тартылса, биыл бірде-бір факті тіркелген жоқ», – деді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша ТКШ бөлімі басшысы міндетін атқарушы Ж. Баядилов ортаға шығып, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйі, жолаушылар тасымалы, қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат келтірді. Оның сөзінше Шиелі ауданынан бүгінгі күні 323,4 шақырым автомобиль жолдары өтсе, соның 98 шақырымы облыстық, 145,4 шақырымы аудандық маңызда. Ал аудандық маңыздағы 145,4 шақырымның 94 проценті жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл да жолдардың сапасын жақсарту бағындағы жұмыстар жалғасын тауып, 1 млрд теңгеден астам қаражатқа жолдар жөндеуден өткізілмек.
Жолдардың сапасы жақсарғанымен бұл салада жолаушылар тасымалы мәселесі өзекті болып тұр. Себебі ТКШ бөлімінің 2016 жылы 26 бағыт бойынша 98 автокөлікпен жасасқан келісім шарты былтыр аяқталып, 2021 жылы жаңадан жарияланған конкурсқа қатысуға ешбір автокөлік иесі құлық танытпаған. Дегенмен 2022 жылы қайта конкурс өткізіліп, конкурс нәтижесінде 69 автокөлікпен шарт жасалған. Яғни бұрын жолаушылар тасымалымен 98 автокөлік айналысса бүгінде олардың саны 69-ға дейін қысқарып, қажеттілікті өтей алмай отыр.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерден бөлек кеңесте Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің мүшесі Б.Сақтағанов тарапынан өтініш айтылды. Ардагер ұсынған өтініштер мен ұсыныстар қатарында Әль-Фараби көшесі бойындағы темір жол өткелін қазіргі заман талаптарына сай етіп жөндеу жүргізу, сондай-ақ көше бойына жылдамдықты реттейтін белгілер орнату мәселелері бар.

Рамазан ӘНӘПИЯ
18 шілде 2022 ж. 369 0