Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырым-тыйым – тәрбие тіні

Ырым-тыйым – тәрбие тіні

«Жағыңды таянба», «тізеңді құшақтама», «аяғыңды айқастырып отырма»… Бала кезімізде үлкендер тарапынан бізге қарата айтылған сөздер ғой. Қазақтың ырым-тыйымдарының көптігі сондай, кейде тіпті, «Сонда қалай өмір сүру керек өзі?!» деп қынжылып жатамыз. Олардың түп төркіні қайдан шығады? Мағынасы не? Тоқталып көрелік.
Ырым мен тыйым – халқымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақ жадында жаңғырып, тәрбиенің қайнар көзі болып келе жатқан киелі ұғымдарының бірі. Осы бір наным-сенім қай ел, қай халықта болмасын бар. Тілі басқа болғанымен, мазмұндас келеді. Түркі тілдес халықтар былай тұрсын, Еуропа елдерінің де өздеріне тән ырымдары бар екені рас.
Қазақ қашаннан ырымшыл халық. Бабаларымыз сонау заманда ырым етудің артықшылықтарын жіті ұғынып, адам өміріне зияны тимесін деген сеніммен оған аса көңіл бөлген. Бұл дәстүр жалғастығы арада қаншама жылдар өтсе де, ұрпақ санасына сіңіріліп келеді. Жаңа ғасырда өмір сүріп жатырмыз десек те, ертеден қалыптасып келе жатқан ырым-тыйымнан біздің де аттап өте алмайтынымыз анық. Кейде тірлігіміздің кетеуі кетіп, шалқақтаған шаруамызға ырым етсек, алға басып дөңгелене жөнелетінін жоққа шығара алмаймыз. Бала күнімізде үлкендер «Бетіңді баспа», «Табалдырыққа тұрма», «Үйдiң iшiнде ысқырма», «Сыпырғышты тiгiнен қойма», «Үйді, кісіні айналып, жүгірме», «Босағаны керме» сынды сантүрлі ырымдарды алға тартып, үнемі тыйым етіп отыратын. «Неге?» деген сұрағымызға іле-шала «Жаман болады?» деп қысқа жауап беретіндері де есімде. Десек те, осы екі ауыз сөздің ықпалы соншалық, сол әрекетті істеуге жүрексініп, шынымен бір жамандық болып қалардай үреймен қарайтынбыз.
Асылында, ырым-тыйымдар тазалыққа, адалдыққа, мәдениеттілікке бастайтын тәрбиелік құрал іспетті десек қателеспейміз. Себебі, әрбір ырым-тыйымның астарында сол халықтың үлкен философиялық танымы жатыр. Мәселен бір ғана қыз балаға қатысты «қызда қырық шырақты бақыт бар» деп білетін халқымыз, «сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады» деп ырымдаған. «Қызда қырық періште бар» деген наныммен де қызды төрге шығарады. Өйткені, періште қонақ күтуші үйге қонады. Сондай-ақ, «қызда оттай ыстық мейір бар, қыз қонақ болып барған үйде төрге отырса, бойындағы мейірі сол отбасына сіңеді» дегенді кез келген жан білгені жөн. Сондай-ақ «Қызда қырық қырсық та бар», «Қызда мұздай ызғар да бар» дегенді де естіген боларсыз. Бұның астарын қыз қонаққа барған үйде босағада отырып қалса, сол үйді ызғар шалады, бойындағы қырық қырсық та сол отбасында қалады деп түсінген. Күнделікті тұрмыста жиі қолданылып жүрген «Қыз қонақ, төрге шық» деген сөздер осындай таным-түсініктен қалған.
– Мен ұзақ жолға шығарда үйге қайтып кірмеуге тырысамын. Менің түсінігімде ұзақ жолға бара жатқанда үйге екінші рет қайтып келу жаман ырым. Бұл орыс халқында да бар. Олар: «Қайтып келме, жолың болмайды» дейді. Сондай-ақ, алдымнан мысық өтіп кетсе де, көңіліме аламын. Ерінбей, келесі көшені айналып өтемін. Бұл әрекетіме кейде достарым күліп жатады. Бірақ, бір таңғалатыным, осындай жағдай болған күні міндетті түрде бір сәтсіздікке тап боламын. Осындай жәйт басымда екі-үш рет қайталанды. Сондықтан, ырымның адам өміріне тигізер өзіндік әсері бар екеніне сенемін, – дейді Серік Адайбеков есімді кент тұрғыны.
Расында данышпан халқымыз ештеңені де жәйдан-жәй шығармаған. Оның түп төркінінде үлкен халықтық дүниетаным жатқандығын білеміз. Ертеден келе жатқан сансыз ырымдардың әлі күнге дейін өшпей жалғасып келе жатқандығы соның дәлелі. Мәселен, «Табалдырыққа тұрма», «Табалдырықты оң аяқпен атта» деген сөздер күнделікті тұрмыста, той-томалақтарда жиі естейтін ырымдардың бірі. Бұдан дана қазақтың табалдырықты ерекше құрметтегенін ұғынамыз. Оны – екі арадағы өткел деп бағалаған. «Бісмілләні» айтып кірсеңіз, осы жолыңыздағы мақсатыңыз сәтті болмақ деген тағылымды ой айтқан. Шынымен, оны кез келген иісі қазақ мойындайды. Келін түсірсек те, сынға түсер сәтте де, тіпті күнделікті үйден шығарда да тілімізді кәлимаға келтіріп, оң аяқпен қадам жасағанды жөн көреміз.
Қазақтың қай ырымы болмасын, тазалыққа, жақсылыққа үндейді. Мысалы, біздің халқымызда «Тамақтың беті ашық қалса, шайтан жалап кетеді» деген ұғым қалыптасқан. Үйдегі апа-әжелеріміздің қазан-ошаққа араласып, тамақтың бетін жабық қалдыруды үнемі қадағалап жүретіндігі сондықтан. Қалай болғанда да, беті жабық тамақтың таза болатыны рас қой. Бұл ырымның біржағынан отбасыны ұқыптылыққа, тазалыққа үйретуде орны айрықша.
Ырымға мойын бермейтін қазақты кездестіру кемде-кем шығар. Десек те, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» немесе «Ырым – жырым» деп мән бермейтін жандар да кездеседі өмірде. Әрине, ырымға сену-сенбеу әркімнің өз құзырында. Дегенмен, оның адам өміріне тигізер орасан әсерін күнделікті тұрмыста орын алып жатқан сан түрлі оқиғалар одан әрі айқындай түсетіндей.
Демек, ата-бабалардан келе жатқан ырым-тыйымдарда түпкі негіз бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Тек оны жөн-жосығымен қолдана білген абзал. «Дүниенің озығы бар, тозығы бар» деп өткеннің де, жаңаның да жақсысын зерделей білсек, тектілігімізден ажырап қалмасымыз анық.
Иә, қазақтың ырымшыл халық екенін жаңа туған балаға сирек қойылатын мына есімдерден де білуге болады. Рымбек, Рымғали, Рымкеш, Рымкүл секілді есімдердің түп төркіні «ырым» сөзінен шығып тұр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар ғой. Жақсылыққа бастайтын ырымдарға сенгеннен ешкім ұтыла қоймас. Ал, сіз нендей ырымға сенесіз, қай тыйымға тоқтайсыз, құрметті оқырман?

Гүлхан ЯХИЯ
02 шілде 2022 ж. 621 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930