Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйреуіш тағасыз ба?

Түйреуіш тағасыз ба?

Қазеқеңнің ырым-тыйымында «көз тию, назарлану» ұғымы бұрнағыдан бар. Отбасыдан береке қашып, шаңырақтың шаттығы шайқалып, жаңа туған нәрестенің түні бойы ұйықтамай мазасызданып шығуы, лауазымды қызметтегі адамның бір күнде бар абырой-беделінен айырылуы, дені сау адамның күтпеген жерден айықпас дертке шалдығуы кезінде көңілде «тіл-көз тиді ме екен?» деген күдіктің пайда болатыны да анық. Тіл-көз тию деген бар ма? Бар болса ол құбылыс па, әлде адамдардың ойлап тапқаны ма?
Қазақы нанымдарға сүйенсек, назарлану мен тіл-көз тиюден сақтанудың бірнеше жолы бар. Тұмар тағу, күйе жағу, қорғасын құю, түйреуіш тағу, аластау, дем салу, «назары» бар адамның ұлтарағын алып қашу, иттің жатқан орнына баланы аунатып алу болып тізбектеліп кете береді. Соның ішінде көпшілігіміз көп қолданатын түйрегіш тағу ырымы жайлы аз-кем тоқталғанды жөн санап отырмыз.
Иә, тек адамдар ғана емес, өсімдіктер мен жануарлар да тіл-көздің құрбанына айналып, зардап шегуі бек мүмкін. Атам қазақ барша ғұмырында жақсылықтармен қоса, небір қиындықтарды басынан өткерген-ді. Өмірден көрген-білгені арқылы «көзі өткір» адамдарды жазбай танып, олардан қорғана білген. Тиісінше дүниеге келген сәбиге, ержетіп, бойжетіп келе жатқан жастарға көз тиюдің алдын алып, оны қайтарудың жолын тауып отырған. Мәселен, осындай «қауіпті» болдырмау мақсатында әжелеріміз балалардың киімінің жиегіне көрсетпей түйреуіш тағып қояды. Яғни осы арқылы келген адамның назары тиюден, бәле-жаладан сақтаған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Бүгінде түйреуіш аксессуардың бір түрі ретінде қолданылып келеді. Оның тарихына үңілер болсақ, түйреуішті біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырда ежелгі шумерлер пайдаланған. Бір қызығы, қазіргі күнделікті қолданып жүрген қарапайым түйреуішті 1825 жылы 13 мау­сымда америкалық Уолтер Хант ойлап тапқан. Бажайлап қарасаңыз, қарабайыр түйреуіштің қолданыста жүргеніне 200 жылға жуықтапты. Титімдей ғана түйреуіш талайды тіл-көзден сақтап, аман алып қалып отыр.
Халық арасында тіл-көз тиіп қайтыс болыпты дегенді көп естиміз. Біздің Ислам дінімізде де бұл мәселеге үлкен маңыз берілген. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көз тиюдің бар екені ақиқат» деген. Тіл-көзден сақтану үшін алдымен адамның рухани күші берік болу керек және «Фатиха», «Аятул-курси», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін үнемі оқып жүру қажет. Бұл сүрелер адамды көлденең қатерден, бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды делінген.
Сонымен қатар көз тигенді емдеудің небір әдіс-тәсілдері бар. Мәселен, көзі тиген адамды жуындырып, сол суға көз тиген сәбиді жуындырып, ұшықтаған. «Тіл-көз тас жарады» деген сөз мұсылман халқының барлығында кездеседі. Қазақ халқында мұндай көзі тигіш адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» деп атаған.
Ал өте сезімтал адамдарды ұзақ жыл зерттеген Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химигі, барон Карл фон ­Рейхенбах олардың өзгелермен салыстырғанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын, көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болатындығын дәлелдеген. Дегенмен бүгінде кейбір адамдар көз тию дегенді мойындағысы да келмей, ескі көзқарастың сарқыншағы деп бағамдайды.
Халқымыз ғасырлар бойы көз тиюге айрықша мән берген. Демек, бұл құбылыс кездейсоқ емес, бар болғандықтан ұлтымыз одан қорғанудың және арылудың жолдарын қарастырып келген. Адамдардың қандай бір таңғалған жағдайда «тіл-көз болмасын», «тілім тасқа» деп ырымдап барып, өзінің таңданысын жеткізуі тегін емес болса керек. Қалай десек те, тіл-көз тиюден аман болайық!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
18 маусым 2022 ж. 958 0