Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан үшін от кешкен

Отан үшін от кешкен

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың Ұлы жеңіспен аяқталғанына – 77 жыл. Жыл өткен сайын қан майдандағы қатыгез ұрыстың тарихы бізден алыстап барады. Дегенмен ерлік ұмытылмақ емес. Бұл қастерлі күн жадымызда мәңгі жаңғырып тұрары анық.
Бектөре Құлшықбаев – 1922 жылы Шиелі ауданында дүниеге келді. Ауылдық мектепте 7 жылдық білім алып, қатарластарымен бірге еңбекте ерте шыңдалады. Соғыс оты шарпыған қиын-қыстау кезеңде даладағы қара жұмыс қарттар мен жастарға жүктелді. Егін егіп қамба толтырып, күн ұзаққа созылған ауыр еңбек Бектөрені ерте есейтті. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды.
Рухты жас аз уақыттық оқу-жаттығудан соң 1942 жылдың мамыр айынан 1943 жылдың наурыз айы аралығында №129 шекара полкінде атқыш қызметін атқарған. Жан алып, жан беріскен қанды шайқастарда жас сарбаз азаматтық намысты жоғары қойды. Елім, жерім деп кеудесін оққа тосты. Алайда 1943 жылы жау оғынан басына ауыр жарақат алады. Кейін 67 шекара отрядында атты әскер құрамында 1949 жылдың наурыз айына дейін қызмет атқарған. Содан аман есен елге оралған Бектөре Құлшықбайұлы 1949 жылы кіндік қаны тамған «Қызыл ту» колхозына келіп салықшы қызметін атқарады. 1950 жылдан зейнеткерлік жасқа дейін «Қызыл ту» колхозында бақташы болып еңбек жолын жалғады. Қай салада болсын ол абыройлы еңбек етті. Содан зейнеткерлікке шықты. Бейнетінің зейнетін көре жүріп те еңбектен қол үзбеді.
Бектөре Құлшықбаев үнемі елді бірлікке, ағайынды татулыққа үндеді. Қай жерде, қандай қызмет атқарса да тиянақтылығы, адалдығы арқасында елге сыйлы, қадірлі, құрметке бөленді.
Халық қалаулысы майдандағы өшпес ерлігі үшін «КСРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» медалін және «ІІ Дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Одан соң«1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 40 жыл, 50 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» медальдарымен марапатталған. Бейбіт өмірдегі еңбегі үшін де бірнеше рет марапатталған. Атап айтар болсақ Қазақ ССРЖоғарғы Советі Президиумының жарлығымен еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атағы берілді. Владимир Илич Лениннің 100 жасқа толуына арналған «Қажырлы еңбегі үшін» медальімен, бірнеше төсбелгілермен марапатталған.
Зейнетке шықаннан кейін ата кәсібі қолөнерді жанына серік етіп, ағаштан атқа ер шауып, ат әбзелдерін, бас кимдер, етік тіккен.
Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан жары екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Оның артында өнегесін өшірмейтін ұрпағы қалды. Міне, ерлік өлмейді, ел ұмытпайды деген осы болар.

Ш.Тілеубаев
10 маусым 2022 ж. 381 0