Қорықшы
Шиеліде Абызбаевтар әулетін қорықшылар династиясы десекте болады. Өйткені, аты аңызға айналған егерь (аңшы), қорықшы Ахантай ағамызды кім білмейді? Оның ұлы Бахыт Ахантайұлын кім танымайды? Ахаңның немересі Қанат Бахытұлын ше? Үшеуі де қорықшы.
Бахыттың әкесі Ахантай 1970 жылы «Қарғалы мемлекеттік табиғат қаумалы» ашылып, сонда қорықшы болып орналасады. 1972 жылы Қызылорда облыстық аңшылық инспекциясының Шиелі аудандық инспекторлығына тағайындалады. Осы жерде 18 жыл қызмет етіп, 1990 жылы зейнетке шығады. Ол 1998 жылы дүниеден озды. Осынау қиындығы мол, жарты өмірі дүз далада өтетін егерьлық жұмысында Ахаң артына тек жақсылық істер, соңына жағымды сөздер қалдырған, браконьерлердің өзі құрмет тұтқан, адамгершілігі мол, қайырымды, қамқоршы кісі болған. Сарысу бойында, Сегізсай тақырында ақбөкен аулаушыларды ұстап тұрып шектен тыс қырып салғандар болмаса, «Бір-екі ақбөкен балаларының несібесі, табиғаттың сыйы шығар, бір жолға кешірдім, мен сені енді бұл жақта көрмейтін болайын» деп ескертіп, босатып жібереді екен. Аңшылар сонан да болар, Аханды өмірінің ақырына дейін Ахалап құрметтеп, ағалап ардақтап өтті. Ахаң аң-құсты да қорғады, ашкөз браконьер адамдарды да талай қылмыстан қорғап кетті.
«Әке көрген оқ жонар»... демекші, жастайынан жанында жүрген үлкен ұлы Бахыт та аңшылыққа құмартып өседі. 1974 жылы №47 М.Ломоносов атындағы мектепті бітірген Бахыт Абызбаев 1980 жылы облыстық мемлекеттік аңшылық инспекциясына қарасты «Қарғалы қаумалына» қорықшы болып жұмысқа орналасады. Қарғалы қорығы зоологиялық қаумал болып саналады. Жер көлемі 13276 гектар. Қаумал Жаңақорған және Шиелі аудандарының территориясында Сырдария өзенін бойлай орналасқан. Қалың тоғайлы өңір аң-құсқа, олардың қауіпсіз тіршілік етулеріне өте қолайлы. Сырдариядан су ішіп, алаңсыз өсіп-өніп жатыр. Оларды аңшылардан қорғайтын, осы қаумалдың иесі Бахыт Абызбаев та күндіз-түні осында. Көл жағасына соғылған аңшылар үйі Бахыттың екінші отбасына айналған. «Қарғалы қорығы» 2008 жылы Үкіметтің қаулысымен «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығына басқаруға берген. Б.Абызбаев 2010 жылдан бері осы қаумалдың бөлімше бастығы қызметін атқарады. Күнделікті жұмыс бастан асады. Тынымсыз еңбек көзге ілінбей, кейде білінбей де жатады. Бірақ Бахыт адал еңбегімен, еңбекқорлығымен ұжым арасында зор беделге, асқан абыройға ие болады. Оның көп жылғы еңбегі еленіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті атынан оған 000590 нөмірлі куәлік тапсырылды. Онда былай делінген: «Абызбаев Бахыт Ахантайұлына (төсбелгімен қоса) ормандарды қорғауда, биологиялық әртүрлілікті сақтауда және көбейтуде қол жеткізген табыстары үшін, орман шаруашылығы саласында белсенді ынтымақтастық жасағаны және талдамаларды өндіріске енгізгені үшін ІІІ дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» омырауға тағатын белгісімен марапатталады». Бұл Б.Абызбаевтың тынымсыз ерен еңбегіне берілген шын баға еді. Бахыт жыл сайын ерте көктемде қорық аумағында өртке қарсы жұмыстар жүргізеді. 30 шақырым жерге өрт болдырмау мақсатында минералдық жолақтар тартып, халық арасында, аңшыларға үгіт-насихат жүргізеді. Бір темекі тұқылы толық өшірілмей тасталса, бүкіл орман-тоғай өртенді дей беріңіз. Сондай-ақ осы қорыққа іргелес жатқан шаруа қожалықтарына да ескерту хаттар жолдап, олармен келісім-шарттар жасайды. Әрине, өрт қауіпсіздігі жайлы. Тоғайда өрт болса, аң-құстар қоса жанатыны, қалыңға салған үйшіктері жанып, жұмыртқалары, балапандары қырылып қалатыны белгілі. Өрт – тілсіз жау. Бахыт осыны өмір бойы есінен шығарған емес. Елгезек, зерек мінезімен ерте тұрып, кеш жатып, өзіне тапсырылған жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын әдет қалыптасқан. Сонымен қатар бала күнінен жан-жануарды аяу, аң-құстарға жанашырлық таныту қасиетін бойына сіңіріп өскені қорықшы болған шағында көп пайдасын тигізеді. Аяғы, қанаты сынған талай қырғауылдарды үйіне әкеліп емдеп, жазылғасын қорық мекеніне апарып ұшырып жіберетінін оның аңшы достарынан естігеніміз бар. Бахыттың өз қызметіне деген адалдығының бір айғағы осыдан-ақ аңғарылып тұр емес пе? Қаумалдағы қырғауылдар көктемде жұмыртқалап 21 күнде балапан ашып шығарады. Оларды бөгде аңшылардан қорғау, жас балапандарды аттырмау да Бахыттың мойнында. Осы шақта қорық аумағы ерекше күзетке алынып, атылған бір мылтықтың үні шықпауы тиіс. Күз айларында биотехникалық жұмыстар атқарылады. Тиісті орындарға жем шашылып, қырғауылдар ауып кетпеу үшін, қыстан аман-есен шығару үшін осындай қыруар тірліктер жасалады. Айтуға оңай, асқан шыдамдылықты талап ететін, көзге көргісіз, сырттағыларға елеусіз жұмыстар Бахыттың күнделікті дағдысына айналған. Барлығымыз Бахыттың қорығы дей салатын Республикалық маңызы бар Қарғалы мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1986 жылғы №69 Қаулысымен құрылған. Қарғалы қаумалының аумағында зерттеу нәтижесінде біз біле бермейтін 34 өсімдіктің түрі анықталған. Негізінен бұл тоғайлы элементтер, соның ішінде алтауы ағаштекті: тораңғының екі түрі, өткіржемісті жиде, ақ сәмбітал, Вильгельмс сәмбіталы, қара сексеуіл. Шөптесін өсімдіктерден кәдімгі қамыс, ажырық, самалдық шөп, сораң, изен, бұйырғын, шығыс жебілгені, шытырмақ, нышан, түйетабан, сүттіген, кермек, толғақшөп, кендір, жапалы, дала шырмауық, шарбақ гүлшырмауық, арамсояу, шығыс текесақалы, жалбыз ақбасшөбі, аңдыз, сарысояу және жалбыздар кездеседі екен. Омыртқалы жануарлардан сүтқоректілер класына жататын: қасқыр, шибөрі, түлкі, қарсақ, мәлім, борсық, дала мысығы, қоян, елік, қарақұйрықтар қорықты мекен етсе, құстардың 37 түрі Қарғалы қаумалының тұрақты өкілдері саналады. Мысалға, үлкен суқұзғыны, үлкен аққұтан, көкқұтан, бақылдақ құтан, сыбырлақ аққу, барылдауық үйрек, қара көзқұйрық, сазқұладыны, қырғи, кәдімгі тілеміш, жағалтай, дала күйкентайы, кәдімгі қырғауыл, көл шағаласы, көк кептер, көкек, құрқылтай, қыстау қарлығашы, қасқалдақ, сарыжағал торғай, үкі, сауысқан, қара қарға, ала қарға, италақаз, үйрек т.б. кездеседі. Жалпы көктемгі, жазғы және күзгі экспедициялардың нәтижесінде қорықта 30-дан астам құстар «қонақ» болып келіп-кетіп жататын көрінеді. Сондай-ақ қорықта қосмекенділерден көл бақа мен жасыл бақа, жорғалаушылардан дала ағамасы, түрлітүсті кесіртке, ешкіемер, қара шұбар жылан мен су жылан өзен жағасында көптеп кездеседі. Сырдария өзенінде балықтың 18 түрі бар екен. Шортандар тұқымынан – кәдімгі шортан. Тұқылар тұқымдасынан – тыран немесе табан, ақмарқа, азия-еуропа табаны, тұқы, ақ дөңмаңдай, қылыш-балық, амур, кекіре, қара-көз, жайын. Алабұғалар тұқымдасынан – өзен алабұғасы, көксерке. Бұзаубас балықтар тұқымдасынан: қытай бұзаубас балығы. Жыланбас балықтар тұқымдасынан – жыланбас балықтар өмір сүріп жатса, 2012 жылы ғалымдар қорықта омырқасыздардың 20 түрін анықтаған. Олар өрмекшітәрізділер класынан – қыршаяндар, сарышаян, бүйілер, ара, өрмекшілер, қарақұрт, түркімен ала көбелегі т.б. тізе берсек тіл жетпейтін жәндіктер өте көп-ақ. Менің де таңқалғаным, қорықшы Бахыттың айтуымен жазып алған осынша жан-жануар, өсімдіктер, балық пен жәндіктерін қалайша есінде сақтағаны болды. Оның есте сақтау қабілетінің, зеректігінің арқасында мен бұрын естімеген аң-құстардың, өсімдіктердің де аттарын әдейі, ерінбей жазып алдым. Біздің кейінгі жастарымыз Қарғалы қорығында мұнша табиғат тіршілігі бар екенін білсін, содан хабардар болсын, қызыға қарап, кеуделерін мақтаныш кернесін деген ойда болдым.
Өмірінің қырық жылын Шиелінің тылсым табиғатының киесін сақтауға арнаған, Қарғалы қорығын тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, браконьер аңшыларға аттырмай, ел байлығын саттырмай келген қорықшы Бахыт Абызбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Табиғат жанашыры Бахыт Ахантайұлы 1979 жылы Нағима Айнақұлова атты арумен отау құрып, 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғары білімді. Зайыбы Нағима аудандық су шаруашылығы мекемесінде лаборант-контролер болып, осы мекемеден зейнетке шықса, өзін 2020 жылы зейнеткерлікке құрметпен, салтанатты түрде шығарып салады. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының басшылығы оның ерен еңбегін бағалап, келісім-шартпен Қарғалы қаумалында жұмысын жалғастыруға рұқсат береді. Үлкен ұлы Табиғат – аудандық «Шиелі-Жарығы» мекемесінде директордың орынбасары, Қанат – әке орнын басып Қарғалы мемлекеттік табиғи қорығында мемлекеттік инспектор болса, Жомарт – жеке кәсіпкер, қыздары – тұрмыста. Он төрт немеренің атасы Бахыт өзін отбасында да, табиғат аясында да бақытты санайды. Қорықтағы қайнаған тіршілік оған ұйқы да, маза да бермейді. Бахыт пен табиғат егіз секілді. Елімізде қоршаған ортаны қорғау, тұнып тұрған табиғатымызға селкеу түсірмеу, орман-тоғайларымызды өрттен сақтап аң-құстарымызға тыныштық беру, жанашырлық жасау – қорықшылардың ғана міндеті емес, баршамыздың борышымыз екенін түсінсек, байлығымыз тасып, өңіріміз жайнай түсері анық.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
ҚР Журналистер Одағының мүшесі