Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Калифорниялық қалқанша сымыр

Калифорниялық қалқанша сымыр

Зиянкес теңқанаттылар отряды, сымырлар отряд тармағының қалқаншалылар тұқымдасына жатады. Қазақстанда ішкі карантиндік нысанға жатады.
          Қайда таралған: Республика бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстанда, Жамбыл, Алматы, Атырау облысында.
          Залалдайтын өсімдіктері: Алма, алмұрт, шабдалы, өрік, шие, қара өрік, миндаль, қызыл шие, долана, алхоры, раушан, жұпаргүл, тунг, мамыргүл, айва, тал, құмақ, грек жаңғағы, ырғай т.б. Өсімдіктің 84 тұқымдасынан барлығы 270-ке жуық түрі бар.
          Қалай анықтаймыз: Калифорниялыққалқанша сымырын табу үшін   өсімдіктің барлық бөлігін діңгекті, сабақтарды, өсіндіні жапырақты жемістерді мұқият қарау керек әсіресе жеміс сабағы мен гүл тостақаншасына мән беру керек. Калифорниялыққалқаншалы сымырмен зақымданған мәдени және жеміс ағаштарының діңгек қабығы мен сабағы көлденең және ұзыннан шытынайды. Жемістері мен жапырақтарын тексергенде ондағы қызыл даққа көңіл бөлу керек, себебі ол қалқанша сымырының қоректенгенінен пайда болады.
          Зияндылығы: Жеміс ағаштарының барлық үстіңгі бөлігін, сонымен қатар жемістерін залалдайды. Калифорниялық қалқанша сымырдың имагосы және дернәсілдері сабақтың өскінінің және жемісінің сөлін сорады, өсімдікті қорексіздендіреді. Өнімді жоғалту 43-тен 100 %-ке дейін болуы мүмкін.
           Карантиндік шаралар және күресу жолдары: Ағаштар шайылып олеокуприт, ДНОК және минералды майлардың эмульсиясымен бүршік атқанша бүркілуі тиіс. Бірінші ұрпақ дернәсілдері шыққан кезде 30 с препараты және фосфор органикалық препараттармен бүрку. Жыл сайын барлық жеміс ағаштары феромонды ұстағыш арқылы тыңғылықты тексерілуі тиіс.
 
М. Камалов
ҚР АШМ АӨК МИК – нің
Шиелі аудандық аумақтық инспекциясының бас маман өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы
15 мамыр 2022 ж. 936 0