Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарт Қаратау, Ханқожа туризмге тиімді

Қарт Қаратау, Ханқожа туризмге тиімді

Туризм – біздің көздің жауын алатын биік-биік ғимаратымыз, әсем қаламыз емес. Туризм – қазақтың кім екенін көзбен көрсететін көрікті мекеніміз. Бір ғана Қаратаудың баурайында мұндай жерлеріміз өте көп. Мәселе сол жерлердің жанданып, нағыз туристік орталыққа айнала алмай тұрғандығында.
Туризм саласы – экономиканы дамыту көздерінің бірі болып саналады. Тəуелсіздік алғаннан кейін мəдени жəне тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған жұмыстар қолға алынуда. Туризмнің қазіргі индустриясы табысы жоғары және серпінді дамып келе жатқан қызметтің бірі болып табылады. Одан түсетін табыс, мұнай мен мұнай өнімдері және автомобиль экспортының табысынан кейінгі тұрақты үшінші орында. Туризмнің аясы – туристер тамашалайтын жаңа аумақтар есебінен дамитындықтан, еліміздің әлемдік туристік нарықта өзінің лайықты орнын табуға бірегей мүмкіндігі бар.
Алайда бізде туризм саласы тоқырап тұр. Тоқыраған туризм дегенге оқырман дұрыс түсінбей қалмасын. Біз бұл пікіріміз арқылы осыдан тура 70 жыл бұрын тікен тілді түрік жазушысы Әзиз Несиннің туризм саласы туралы жазған сатирасындай бұл саланы терістей, сынап-мінегелі отырған жоқпыз. Мақсатымыз аталған саланы дамыту, содан пайда табу, аудан эконоикасына, бюджетіне қаражат түсіру, аудан әкімдігіне ұсыныс айту, сол арқылы жауапты салалық бөлімнің халыққа жауабын бергізу.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайтында «ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №360 қаулысымен «Қазақстан Республикасының Туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаны толық оқып, танысып шықсаңыз алдағы бес жылда елімізде бұл салаға мол қаражат құйылмақ. Туризмді дамытудың түрлі механизмдерін бүге-шүгесіне дейін жазып көрсеткен. Онда агротуризм, қолөнер туризмі, акватуризм, экологиялық туризм, балықшылық, аңшылық, саятшылық туризмдері, этнографиялық туризм, тарихи-мәдени туризм мен балалардың өлкетану туризімін дамытудың тың идеялары көрсетілген. Осы бағыттар бойынша ақсап жатқан жұмыстар мен бұл салаларға баса мән бермей отырған аймақтар, облыстардың аты аталған.
Қазақстанды туристтендірудің картасына маңызды туристік объектілерді іріктеу жұмысы жасалған. Іріктеу критерилеріне объектілердің тарихи-мәдени маңызы ескерілген, оның ішінде ЮНЕСКО немесе Ұлы жібек жолы объектілерінің тізбесіне енген ескерткіштер, сондай-ақ, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасынының киелі объектілері енген.
Бағдарлама жоспарына сәйкес, Түркістанның тарихи-мәдени туризімін дамыту әлеуетін 1 жылда 1 500 000 адамға дейін жеткізу көзделген. Киелі қаланың қазіргі әлеуеті 500 000 адам. Байқап отырғандарыңыздай алдағы бес жылда туризм саласын дамытуға үш есе басымдық бермек. Түркістан бізге алыс емес. Бар-жоғы 160 шақырым. Айнадай тегіс жол жатыр сайрап. Түркістанға келген туристі Шиеліге де тартудың тың жоспарларын жасай беруіміз керек. Бізде де ежелгі қорғанды қала, қамалдар мен жер асты жолдары бар. Тауымыз мен мұндалап оған сырын ішіне бүгіп жатқан Қаратау қойнауларында неше түрлі аңыз-әфсаналарға негіз боларлық жер-суларымызды қосыңыз. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасына сәйкес келетін киелі объектілеріміз бар. Баяғы сақтар дәуірінен сыр шертетін Қарауыл төбелеріміз ше? Сақ патшайымы, әйгілі Тұмар-Томиристің парсы патшасы Кирдің басын шапқан жері Шиелінің Қаратау бөктері деп тарихшылар тың тақырып пен тарихи зерттеулерге негіздеп тұжырымдар жасауда. Кешегі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қазақ КСР астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде қызылдар мен қазақ байларының арасындағы қақтығыстың дені осы Шиелінің Қаратауы мен Сарысу бойында өткендігі туралы мәліметтер жетерлік. Сәкен Сейфулиннің «Бандыны қуған Хамитіндегі» Құдіре мен Хамиттің бірін-бірі қуып жүрген жері осы Шиелінің Қаратау, Сарысуы. Абдолла Қарсақбаев түсірген кинодағы Құдіренің тау шатқалында Хамитке ұсталатын жері Шиелінің Қаратауындағы Дарбаза. Сол бай Құдіренің бау-бақшасы, шаруашылығы бүгінгі Шиелі кентінің Тәуелсіздік көшесі бойындағы Ы.Жақаев ауылына қарай тартылған жолдың жағасы. Қазақ хандығы алғаш орнап жатқан кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар сонау Жетісудан, Моғолстан жерінен қалың қол жиып келіп, Дешті-Қыпшақ даласының әйгілі астанасы – Сығанақ қаласын Әбілқайыр-Шайбаниден шауып алар кезде әуелі Шиелі қамалында ат суытып, әскер тынықтырғаны туралы тың мәліметтер бар бүгінде. Одан бергі Жоңғар ханы Цеван-Рабданның қалың қолы Жаңақорғанды басып өтіп, Сығанаққа таяу жазыққа келіп жатқан кезінде қазақ ханы Әбілқайырдың 20 мың қолмен Шиеліде бекініп, 40 мың әскермен Арқадан жылжыған Сәмеке қолын күтуі, Әбілқайыр ханға Көкше жерінен көмекке келген Баян Батырдың 10 мың әскері Шиелінің Дарбазасынан лек-легімен өткені, сол өткен күндердің ақиқаты тарихта сайрап жатыр. Оны тек сөйлету керек. Көрсету керек.
Біздің өңірді тамашалауға ниет білдіргендер саны да артып келеді. Сала бойынша ауданда орналасқан тарихи мұра «Оқшы ата» кесенесі, «Бала Сауысқандық» шатқалындағы тасқа қашалған көне суреттер, «Нартай Бекежанов» мемориалды өнер музейі, «Ыбырай Жақаев» күріш өсіру тарихы музейлерін аудан қонақтары келіп тамашалауда. Сонымен қатар, Бәйгеқұм ауылындағы «Ханқожа» көлінің жағалауындағы жазғы демалыс орындарына қызығушылық танытып, келушілердің қатары көбеюде.
Қазір күн санап озық технология төрімізге озып барады. Сандық жүйенің кереметі сол саусақпен түртсең әлемнің ғажайыптарын смартфонның бетінен көре аласың. Алпауыт елдердің ұтып тұрған тұсы да осы. Олар өз кереметтерін көрсете алады. Жарнама жасай біледі. Міне, бұл мәселе аудандық туризм саласында да көрініс тапса, экономикалық көрсеткіштеріміздің артатыны анық. Яғни, жоғарыда аталған орындар жайлы барлық мәліметтер электронды нұсқада болса. Кез-келген ауданға табан тіреген қонақтың назарына ұсынуға мүмкіндік болса, меймандардың қызығушылығы артатыны сөзсіз. Қолындағы ақпараттар арқылы танысып, келіп тамашалар еді. Мәселен, Оқшы ата кешені жайлы, ондағы Асан қайғы, Есабыз, Бала би, Ғайып ата, Қыш ата, Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай датқалар жайындағы мәліметтерді жоғарыда аталғандай электронды базаға ендіріп қойса, туристер тартылар еді. Сонымен қатар, соңғы кездері Бәйгеқұм ауылындағы «Қанқожа» көлі де туристік аймаққа сұранып тұрған демалыс орны екендігі айқын. Ұзындығы 35 шақырым, ені 1,5 шақырымды құрайтын демалыс аймағында бір маусымда 30 мың адамға дейін жиналады. Қамбаш көлінен кейін үлкен аумаққа ие «Ханқожа» көлі маңында инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып, кәсіпкерлер келетін туристерге қолайлы жағдай жасаса, болашақта аймақ туризміне жаңаша серпін беретін жобаға айналатынына сенім мол. Тіпті жұрт тамсанған жанымыздағы «Керуен сарайдай» өзіне тартып тұрар еді.
Біз тілге тиек еткен осы орындар туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудиобейне жарнама материалдарын шығару және белсенді түрде тарату қажет. Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға, оның ішінде Интернет жүйесінде Шиелі ауданының туристік қызмет орындарының WEB-сайттарын құруға айрықша мән беру қажет. Сондай-ақ, қонақжай аудан беделін жасауға турис­тер жиі болатын орындарға қазақша, орысша мәтіндеріне латын транскрипциясымен қоса берілген ақпараттық таблолар мен жазбалардың жасалуы мен орнатылуы өз септігін тигізеді. Аталған ұсынысымызға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі назар салып, өңір туризімін цифрландыру бағытында мейлінше мүмкіндіктерді пайдаланғаны абзал. Сол кезде, сырттан келетін қонақтар қолындағы смартфонын сипалап отырып, Шиеліге келіп қалғанын сезбей қалар.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
28 наурыз 2022 ж. 504 0