ЖЕМҚОРЛЫҚ – ІНДЕТ, ОНЫ ЖОЮ – МІНДЕТ
Елімізде жемқорлықты жою бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатса да аталған індеттен арыла алмай отырғанымыз шындық. Тек біз ғана емес әлемдегі өркениетті елдердің бәрі үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Өйткені, жемқорлық – ұлттың қауіпсіздігіне, елдің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Ең бастысы, адамдардың, қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сыбайлас жемқорлық індет, оған қарсы күрес міндет деп айтып жүрміз. Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу екені даусыз. Одан соң байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігіне төңкеріс жасау. Яғни, оның сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату. Біздің қоғам ақниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста, соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз қажет.
Жалпы, жемқорлық ұғымын қалай түсінеміз? Айталық, мемлекеттік міндеттерді атқара жүріп, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өкілеттіктерін өзгеше пайдалану. Яғни, жеке өзі немесе делдардар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу — сыбайлас жемқорлық болып есептеледі. Халық арасында жұлынқұрт, індет аталып кеткен осынау дертті толық жою қиын болғанымен, тежеуге болатыны рас. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Атап айтқанда, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Елімізде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Демек, жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.
Шиелі аудандық архивінің архивист маманы Ж.МЕНТАЕВА