Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бестамдықтардың базынасы

Бестамдықтардың базынасы

Ауыл десе көз алдымызға айрандай ұйысқан, берекенің иісі аңқыған бір елдің ағайындары елестейді. Қаладағылар берекенің барлығы ауылда дейді. Рас. Самаурынмен шәй ішетін, сиыр сауып, жүн түтетін ауылда береке жоқ емес. Ауданның ажарын ашып, абыройын арттыратын ауыл болғандықтан ел-жұрттың назары бірден сол жаққа ауады. Мәселен, Шиеліде 22 ауылдың округ бар. Жыл сайын ауылдағы ахуалды саралап, мәселені көзбен көру үшін журналистік зерттеу жасап, жолға шығамыз. Бұл жолы Бестам ауылының жай күйінен бастадық. Мұндағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарының үніне құлақ түріп, шешілмей келе жатқан мәселенің мән-жайын тарқату. Әрине, шалғайда жатқан ауыл-аймақ атқамінерлерден аспандағы айды сұраған емес. Бұндағы халықтың жағы талмай айтатыны – аяқ судың жайы. Одан соң, жайылымдық жер мен мал ұрлығы.
Мал ұрлығы тыйылар емес.
«Мал баққанға бітеді» демекші, төрт түлікті түлетіп, аузы аққа тиген халықтың жағдайы жақсармаушы ма еді? Алайда, қорадағы ірі қарасына қырғидай тиген ұрылардың ұялатын түрі жоқ. Тіпті, қанша рет сотқа жүгініп, ұрының есім-сойын білгенімен, айыбын өтеп, кешірім алып кетеді. Содан болар, мал ұрлығы күшеймесе азаяр емес. Міне, бүгінде қара халықтың ашынып отырған бірінші мәселесі осы. Осылайша балама тілде «екіаяқты қасқырлар» «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деп отырған ауылдағы ағайынның берекесін қашырып, жылқысын үйірімен, сиырды тобымен жоқ қылуда. Ауыл үлкендерінің сөзіне сенсек, осы қылмыс 1995 жылдары қатты күшейіп, дәл осы жылы 50 бас мал жоғалған. Кейіннен араға жылдар салып бұл топтасқан қылмыс қайта өршіп отыр.
– Әрине біз айла-тәсілдерін біле бермеспіз. Не десек те, Абай атамыз «қазақтың міні – мал ұрлығы» деп өз заманында дөп басып айтса да, өкінішке қарай, қылмыстың бұл түрі азаяр емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын көрші Бақберген ағаның жаңа туған екі сиырын ұрылар қолды қылды. Туғанына он күн болған бұзауы аштан өлді. Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған осы жағдайдың алдын алса деймін. Тіпті, қорада мал ұстаудан қалдық. Себебі жаз бойы сиырды сауын үшін ұстаймыз да, дәл қазір еркіне жібереміз. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп, өзімізді өзіміз сендіреміз де, жағамыз жайлауда жатады. Одан қалды ауыл азаматтары ұры ұсталса екі тараптың келісімімен кешірім беріліп, сотқа жүгінбейді. Осы мәселеге тосқауыл қойса, – дейді ауыл тұрғыны Берікбай Тұрсынбайұлы.
«Сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-қилы жоғалып кетіп жатқан ұрлықы малдар мен ұстатпай жүрген ұрылар шынында қайда жүр?» деген сауалымызға жауап таптық. Ұрылар алыстан емес, осы ауылдың азаматтары десті. Тепсе темір үзетін жігіттер не себепті бұндай әрекетке барып отыр?
– Мұндай мәселе бізде жиі кездеседі. Жалпы қылмысты істейтін де, ашатын да – халық. Ұры анықталған соң, кешірімге барады. Тіпті, бірінің інісінің баласы, ал екіншісінің жақын ағайыны деп кешірім жасайды. Одан соң, кейбір тұрғындар шөбімізді өртеп, өзімізге қастандық жасар деген үреймен іштей тынады. Ал бір дәндеп алған ұры бір жыл тыныш жүрер, одан кейін әдетіне қайта басады. Ол жазадан құтылу үшін шыққан шығынның, жалдаған адвокаттарының қаржысын қайта өндіру үшін байырғы әдетіне көшеді, – деді Қапан ақсақал.
Осы жерде мамандардың сөзіне жүгінсек, өзгенің мүлкін заңсыз иелену, ұрлық-қарлық, алаяқтық, тонау, пайдакүнемдік тағы басқа сипаттағы қылмыстардың көптеп орын алуына жұмыссыздық, тұрғындардың белгілі бір бөлігінде тұрақты кіріс көзінің болмауы тікелей әсер етіп отырған көрінеді. Алайда, ұрылардың бұл ісін ақтап аларлық себеп емес. Қара жұмысқа жегілсең де адал жолмен ақша табуға боларын ұғыну қажет.
Ауыл халқының жан айқайын естіген соң, ауыл әкімінің жауабына құлақ түргенді жөн көрдік.
– Ауыл тұрғындарының ірі қара малдары қараусыз болғандықтан егістік алқаптарынан жоғалып отыр. Көбінесе, мал иелері жоғалтқан малдарын өз күшімен іздеп, тым кеш арызданады. Бұл қылмыстың ашылуына үлкен кедергі. Өйткені арадағы уақытта ұрылар ізін суытып үлгереді. Соның салдарынан іздеу шаралары қиынға түседі де, іздестіру жұмыстары нәтижесіз болады. Ауылда ағайынгершілік, туған туысқандыққа салып жібереді. Тіпті, ұрылар ұсталған жағдайда мал иелері өздері шешіп, малын өндіріп алғаннан кейін «жабулы қазан жабулы күйінде» қалады. Осы қылмыстың алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторына 2 сақшы-сарбаз берілді. Енді ауыл тұрғындарына сауын малдарын алып қалып, бойдақ малдарды бақташыларға қосу керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының арыздары бойын­ша аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері арқылы іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округте М.Әуезов, Ы.Алтынсарин көшелеріне пада ұйымдастырылған. Қалған көшелердің тұрғындарынан ақылы қоғамдық жұмыспен ірі қара мал бағатын бақташы іздесек те табылмады. Қазіргі таңда мал бағатын бақташы іздестірудеміз, бұл мәселені түбегейлі шешетін боламыз, – деді ауыл әкімі Ф.Ержан.
Қылмыстық кодекстің 188 бабы, 4 тармағы бойынша мал ұрлығы үшін қылмыскерді 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстың өтеуі – жаза. Жаза көрмесе, қылмыстың санын азайту әсте мүмкін емес. Сондықтан, халықта заңға жүгінбесе, ұрлық тыйылмайды.

Жайылымның жоқтығы жанға батады.
Кез келген адам мал ұстау үшін бірінші кезекте жайылым керек. Келесі мәселе таңнан өрген табын-табын ірі қара мен сай-саланы жайылымға айналдырған үйір-үйір жылқыны көргенде көзің ­тоя­ды. Мәселе мұнда емес, мәселе – мал өсірістетін жайылымдардың жоқтығы. Ауыл маңындағы жердің жекеге өтуі, мал басының көбеюі жайылымдық жерге деген тапшылықты тудыруда. «Жеке» жетегіне алған жерді не өзі пайдаланбайды, не ортақ жайылымға бермейтін көрінеді. Бұл да ауыл тұрғындарының аузында жүрген мәселе.
Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Қолда бар ірі қараны көңілге медет етіп отырғандардың «бас ауруы» – жайылым.
– Ауылда жайылым мәселесі өте қиын. Бұрындары жайылым бар еді. Бірақ, оны Алғабас жекеге айналдырып алды. Айнала егін, малдан қориды. Түссе, мал иесі айыппұл төлейді. Қала берді жеке адамның меншігі. Не бізге бермейді, не өзі пайдаланбайды. Ал жыл сайын бір жерде оттай берген малдың қандай күйі болсын. Ол жердің өзі шаңы шығып, тозбай ма? Күнделікті айран-сүтімізді осы малдан айырып отырғандықтан, жайылымның ­жайын біржола шешу керек. Себебі жайылым болмаған соң, пада да ұйымдастыра алмай отырмыз. Аудан әкімінің жыл сайынғы ауыл халқымен кездесуінде айтқанымызбен шешілмей келе жатқан мәселе осы, – дейді, Бестам ауылының тұрғыны Б.Нұрынбет.
Иә, жайылымның тапшылығы аудан бойын­ша ауқымды мәселе. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан агроөнеркәсіп кешенінің басты басымдығы – ауыл шаруашылық саласын дамыту. Ал оны өркендетудің түпкі мәселесі жайылымда жатыр. Бұл туралы ауыл әкімі не дейді?
– Бестам ауылына қарасты жайылымдық жерлерді кезінде ұжымдар аукцион арқылы иемденген. Қазіргі таңда жер қатынастары бөлімі арқылы игерілмей жатқан жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді ауыл әкімі Файзулла Ержан.

Аяқ су мәселесі өзекті
Біз әңгімеге арқау етіп отырған Бестам ауылының еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін еңбекқор. Мұнда жыл өткен сайын көптеген тірліктер жүзеге асуда. Бұл ауылдың бренді–картоп. Бір сөзбен айтқанда егін алқабында тер төккен еңбекқор ағайынның тыныс-тіршілігі егінмен байланысты. Алайда өткен жылы Бестам ауылындағы шаруалар мен тұрғындарға құрғақшылық ауыр тиді. Су қашыртқылары, қамыс басқан, істен шыққан суармалы жерлер «мұраға» қалды. Әлі күнге аяқ су мәселесі Бестам ауылында өзектілігін жоймай тұр. Ерте көктемде көпшілік қора-жайдағы егістігі мен төрт түлігіне су жеткізе алмай қиналатын көрінеді. Одан соң, ауылда су кіретін қашыртқының күрделі жөндеуден өткізсе деген тұрғындардың талап тілегі айтылды.
– Бестам кезінде жап-жасыл құрағы бар ауыл еді. Жұрт балық аулап, бақша салып, құс өсіретін. Бұрындары осы ауылда бригадирлік қызмет атқарған марқұм Әбекен Тоғызбаев қолынан келгенше жолға күрделі жөндеу жүргізіп, шамасы келгенше су жолын ашқан еді. Кейінен ол кісінің көзі кеткен соң, сағасы көміліп қалды. Осы жұмыстарды қайта қолға алу керек. Қазір судың жоқтығынан жеріміз кебір топыраққа айналды. Ерте көктемде есіктің алдына егін егуге мүмкіндік болмай, ұңғымалы насос­тан суғаруға тура келеді. Абай көшесіне мүлдем су бармайды. Тұрғындар ауыл әкімінен осы мәселені тез арада шешіп беруін сұрайды, – деді ауыл тұрғыны Берікбай Тұрсынбайұлы.
Аяқ су мәселесі тек бестамдықтарды емес облыс халқын алаңдатуда. Биыл да аяқ су деңгейінің төмендігі айтылып, суды үнемдеу мәселесі көтерілуде. Картобы брендке айналған бастамдықтардың ендігі жайы не болмақ?
– Бестам ауылында ұзындығы 5 шақырым болатын Р-12/6 каналы шаруа қожалық төрағаларының ұйымдастыруымен тазаланды. Енді ауыл тұрғындарына өз ауласының тұсындағы кіші жаптарды тазалау керектігі түсіндірілді. Ерте көктемнен бастап аяқ су жүретін арықтардың сағасын тазалап, қазу жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз, – деді бұл мәселеге ауыл әкімі Ф.Ержан.

Көше қашан жөнделеді?
Бестамдықтардың тағы бір базынасы ауыл ішіндегі көшелердің жайы болды. Күн райы құбылып, жаңбыр жауғанда балалардың мектепке баруы қиындайды дейді. Мысалға С.Төлебаев, М.Әуезов, Ә.Әбуов, Абай және Тоғызбаев көшесінің тұрғындарын келтіруге болады. Көше ­жайын ауыл әкімінен сұраған едік.
Осы жылы С.Төлебаев, М.Әуезов, Ә.Әбуов, Абай және Тоғызбаев көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге мемлекеттік бюджеттен 101 млн 996 мың теңге бөлінген. Енді сәуір айынан бастап жолды жөндеу басталады, – деді ауыл әкімі.

P/s: «Ауыл-ел бесігі дейді дана халық. Расында, ауыл көркейсе, елдің де әлеуеті артады.

 Шапағат ТІЛЕУБАЙ
15 ақпан 2022 ж. 433 0