Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «...HEГE МЕНЕН ЖАСЫРДЫҢ КӨЛЕҢКЕҢДІ?»

«...HEГE МЕНЕН ЖАСЫРДЫҢ КӨЛЕҢКЕҢДІ?»


Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне әдеби-сыни талдау

Алдынан терезеңнің...
Алдынан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында,
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті...
Өрімдей жігіт көп қабатты үйдің бірінің терезесі алдында телміріп тұр. Кейде олай-былай ойқастап жүреді. Кейде терезе пердесіне тесіле қарайды. Жүрегі байыз табар емес...
Ынтызар қылған, терезеге телмірткен сұлуы көрінбеді... Терезе пердесі діріл еткендей болды. Бірақ ешкім көрінбеді. Аржағынан адамның тұлғасы да, сұлбасы да көзге шалынған жоқ...
Алғашқы шумақты оқығанда осындай көрініс көз алдына келеді. Толқыған көңіл, ішкі арпалыс, алай-дүлей сезім, күдік пен күмән, бәрі-бәрі қабаттасып жатыр. Осы бір аласапыран сәтті: құлазыған көңіл күйді, өрекпіген ғашықтық сезімді, күрсініс пен сілкіністі Мұқағали ақын бір ғана шумаққа сиғызған.
Ары қарай оқиық:
Heгe өртенді жүрегім, неге өртенді?!
Нелер келіп, басыма нелер төнді...
Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең,
Heгe менен жасырдың көлеңкеңді?..
Ақын егіліп тұр. Перденің неге діріл қаққанын, сұлудың терезеден неге аулақтағанын біле алмай дал. Оқырманын да бей-жай қалдырған жоқ. Біздің де жанарымызға жас үйірілді.
Қайран көктем,
Қайран гүл, қайран жазым!
Сарқылған ба шынымен сайран-назың?
Айныдың ба шайлығып шалқарыңнан,
Айдынымда қанатын жайған қазым?
«Қайран көктем мен қайран жаздың, қызығы мол сайран наздың» ауылы алыстаған сияқты. Неге? Мұның сыры ақынға да беймәлім...
Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда «жанымыз егіз» деген?
… Терезеңнің алдына келіп тұрмын
Көгершіндей,
Қысты күн… жем іздеген...
Өлең осылай аяқталады. Сағыныш пен өкініш сезіміне тұнып тұр. Қылаудай да қоспасы жоқ махаббат күйініші. Кешегі «сүйдім, күйдім» деп көшеден көзін алмай, балконынан қарап тұратын сұлудың бүгін сұлбасы да жоқ. Бірақ ақын сезіміне адал. Терезенің алдында теңселіп жүр... Мұқағалидың кейіпкерлерінің басында болған халдерге оқушыларын бойсұндырып, солардай сезіндіре білуі оның үлкен психолог екенін аңғартады.
Ақынның осы өлеңіне шиелілік композитор Өркен Исмаил ән шығарған.

Бақыт деген...
Бақыт жайлы әркімнің өз ойы мен пайымы бар. Біреулерге үй алу, біреулерге сый алу, тағы біреулерге шет ел автокөлігін міну – бақыт... Ал Мұқағали бақытты басқаша пайымдайды.
Бақыт деген –
сенің бала күндерің,
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,
Бақытын да, басқасын да білмеуің,
Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің.
Ақынға иланасың, сөзіне сенесің. Шынында да балалықтың бал күндерінен артық бақыт бар ма? Шырын шақтың шаттығын көрмеген жаннан жақсылық күтуге бола ма? Бақыттың не екенін білмеген адам біреуге қалай бақыт сыйламақ?
Бақыт жайлы менің мынау білгенім:
Бақыт деген – бірде шаттық, бірде мұң.
Бақытты сол – тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.
Демек бақыт өздігінен келмейді екен. Оның жолында күн-түн қатып күресу керек екен. Көкке қолыңды созып қанша тілесең де, сұрасаң да бақытты ешкім бермейді екен. Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер, тартқан азабың, міне, бақытқа апаратын жол осы екен... Бақытты болу үшін тау қопару, тас қашау немесе жоғары лауазымды иелену шарт емес. Кәсібіңді сүю, нәсібіңді адалдан табу, ата-анаңа мейірімді, досқа адал, қоғамға қалтқысыз қызмет ету, міне, бақыт!
Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала,
Бірақ, балам, мынаны естен тастама:
Бақыттысың бақыт іздеп сорласаң,
Бақытты боп сорлап жүрсең масқара!
Олай болса, Мұқағали ақынның мына шумағы сол талаптардың бәрінің үдесінен шығып тұрған жоқ па?!

Гүлдер семіп барады...
Ауыз әдебиетінде кейіпкер (қаһарман) бастарында болатын күйініш, әртүрлі психологиялық өзгерістерді суреттегенде, оған табиғатта, не жануарларда болатын әртүрлі құбылыстар қатарласа, жарыса жүретінін білеміз. Сол қатарластыру арқылы адамның басындағы сезім дүниесін суреттеу психологиялық параллелизм әдісі. Бұл ауыз әдебиетінде әбден бекіп, тұрақталған әдіс. Кейіпкердің ішкі толғанысын, тебіренісін білдіру үшін қолданылатын психологиялық параллелизмге «Ер Тарғын» жырындағы Тарғынның монологын, Махамбеттің «Қызғыш құсын», Абайдың «Көк ала бұлт сөгіліп...» өлеңін, т.б. жатқызуға болады.
Сонау ауыз әдебиетімізден бастау алған, Махамбет пен Абай байытып, жалғастырған пихологиялық параллелизм тәсілін Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, тағы да басқа ақындар өз шығармаларында үздіксіз қолданып, жетілдіріп отырды.
Махамбет пен Абайды пір тұтқан, Қасымды қастерлеген Мұқағали осы тәсілді көп қолданған ақын. Соның бір дәлелі біз талдап отырған «Гүлдер семіп барады» жыры.
Жер ылғалын, күн нұрын көріп толып,
Бал араға бар нәрін беріп болып,
Күннен күнге дерт жеңген нәрестедей
Гүл сарғайып барады семіп, солып. – деп басталады ақын өлеңі. Табиғаттан аларын алып, берерін берген гүлдер мезгілі жеткесін солып барады. Оған ешкімнің жәрдем-көмегі тимесі анық. Тіпті табиғаттың да еш шипа-шарасы жоқ. Ауруы меңдеген жандай көркінен айырылып, жүдеп, қурап барады.
«Параллелизм екі құбылысты салыстырып қана қоймайды, сонымен бірге біреуіне тән әрекетті екіншісіне телиді. Егіздеудің негізгі мәнін еске алсақ, гүлмен, ағашпен т.б. көрінетін табиғат бейнесі адам өміріне ұқсастырылады», – деп жазады орыс әдебиеттанушысы, Мәскеу университетінің профессоры Алексей Николаевич Веселовский.
Көрік кеткен лала гүл, раушаннан,
Жапырағын, сабағын қырау шалған.
Сумаңдаған ұрыдай суық жел тұр,
Жабырқаған гүлдерге лаң салған.
Осындағы суық желді ұрыға теңеуі де психологиялық параллелизмнің жоғарыды айтылған талабына сәйкес келіп тұрған жоқ па?
Күнде көрсең тұратын күнде өртеніп,
Гүлдер сөніп барады,
Гүлдер сөніп...
Немесе:
...Гүлсіз көркі шамалы қаланың да!
Сабағынан үзілген гүл раушан
Жазды әкетіп барады жанарында.
Өлеңнің түйініндегі соңғы жолы гүлді адамға (бәлкім балауса қызға) балап отыр. «Жазды әкетіп барады жанарында...». Қандай тамаша теңеу әрі шеберлік шешім.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

*Әдеби талдау «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясынан алынды (Алматы. Қазақпарат.2016 ж.).

08 ақпан 2022 ж. 590 0