Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҒЫНАСЫЗ ӘНДЕРГЕ МӘН БЕРМЕЙТІН БОЛЫППЫЗ...

МАҒЫНАСЫЗ ӘНДЕРГЕ МӘН БЕРМЕЙТІН БОЛЫППЫЗ...

Шудың бойында сені іздедім,
Бәрі ойымда, үміт үзбедім.
От боп күйгеннен мені іздедің,
Сенің мойныңда, менің іздерім...
Иә, бұл әнді Ахан Отыншиевтің дүниені дүр сілкіндірген ең танымал туындысы деуге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өмірге келген бұл әннің жарыққа шыға сала, өз тыңдарманын тауып, көрермен ықыласына бөленгені жасырын емес. Тіпті, талай сахналық әндердің көшін бастап, талай тойлардың брендіне айналды. Керек десеңіз, «Шудың бойында» тек бізде емес, шет елдің хитпаратына шығып, мыңдаған қаралым жинап үлгерген. Бұл әнді көршілес жатқан қырғыз, өзбек, ресей әншілері жарыса орындап, плагиатқа айналдырғалы қай заман. Әлемге әйгілі жұлдыздардың оны орындап жүргені әрине көңіл қуантады. Дегенмен, олар бұл әнде не мағына жатқанын қайдан білсін? Ендеше, мағынаға мұқият зер салайық...
«Шудың бойында» шынында шабыт шақырып, көңілсіз жанның өзін көңілдендіріп жіберетін ғажап ән. Оны естіген жанның өзі әуен қосыла бергеннен-ақ жәй қарап отыра қоймайды. Жә, әннің мақтауын асырмай-ақ қоялық. Делебеңді қоздырып, аспан мен жерді шайқап билететін әннің әуені жақсы-ақ. Нағыз тойдың әні дерсің. Ал, сөзі ше? Бір қарағанда бұл әннің сөзі жинақы көрінуі мүмкін. Алайда, зер салып қарар болсақ, тіптен ерсі. Ерсі емес, өте ұят. «Сенің мойныңда, менің іздерім...» Мынау не масқара? Бұл әнді еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі емес пе? Баланы қойшы, олар ештеңені жарытып түсіне қоймас. Ал, бидің түбін түсіріп, көңілді әнге кереметтей билеп жүрген үлкендеріміз әннің мағынасына зер салып көрген бе екен? Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, сөзінде мағына жоқ.Естіген құлаққа ерсі.
«Бәрін айт та бірін айт» демекші, әннің мәтінін жазған ақыннан айналып өтпей, оған да аз-кем тоқталайық. Жер-Жаһанды шулатқан Шудың бойында әнінің сөзін жазған – Бақдәулет Арыстан. Оны бүгінгі таңда көптеген танымал эстрадалық әндердің сөзін жазған сұранысқа ие, хитмен ақын деуге болады. «Жүректесің» өлеңімен танымал болған Бақдаулеттің бүгінде жүрек қылын қозғайтын, көңіл түкрпірінен орын алатын әндері көп. Ал, еліміздегі мағыналы әндердің мәтінін жазатын ақынның өзі «Шудың бойында» әні жайлы былай дейді:
–Той-томалақтың көркіне айналған «Шудың бойында» әнінің сөзін жазған менмін деп айтуға ұялатын болдым ғой. Шынымды айтсам, әнші боламын деген жігіттің көңілін қалдырмай жаза салған едім. «Сенің мойныңда менің іздерім» деген тұсты «сенің жолыңда менің іздерім» деп өзгертейік деп ән орындаушысы Ахан Отыншиевке айтқан едім. Ол осы нұсқасын мақұл көрді. Ол ән тез таралып, халықтың ықыласына бөленеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті, – дейді ақын Бақдаулет Арыстан.
Өткенде телеарналардың бірінде бір көкеміз өз сұқбатында: «Шу – шумный и опасный город» деген еді. Сөзінің жаны бар. Расында, Шу дегенде көз алдымызға сотқар балалар мен ұры-қарылар елестейді. Керек десеңіз бұл қала түрлі шөптермен (анаша) танымал. Сондықтан да болар, шудың бойы шулатып, әлем назарын өзіне аудартқаны. Бірақ, бұл қаланы толық жаман деуге келмес. Мақтауға тұрарлық, дүниелері жоқ емес. Алайда, Ахан Отыншиевтің өзі бір сұқбатында «біздің Шу анашамен танымал. Мен оны жасырмаймын. Өзім де анаша шегемін» деген жоқ па? Хош. Не болса да біздікі ендігіде Шудың бойынан кереметтей мағыналы әндер шықса екен деген тілек қана.
Жасыратыны жоқ. Қазіргі таңда эстрада әншілерінің дені өзі ақын, өзі сазгер болып алған. Бір сөзбен айтқанда, біреуге қаламақы бермей-ақ өздері шырқайтын әндердің әуенін де өздері жазатынға көшкен. Осындайда, сахнаның сәні кетіп, мәні қашқанын аңғарасың. Арзан әндер көбейгені сонша, күн сайын неше әннің шыққанын да білмей жатамыз кейде. Оның үстіне бүгінде танымалдылық жолында барын салатын өнер адамдары көбейген. Хайп қуып, айыпты болып жатқандары қаншама. Мәселен, «аяқты қимылдат, битіп биле, пах-пах, ол қыз, маскүнем, зың-зың» секілді ессіз әндер етек жайды. Бұл әндердің денін орындаушылардың өзі жазған. Немесе, бәз-баяғы плагиат. Плагиат болса да, қаралымы көп.
Хош. Шудың бойы біраз елді шулатты. Шу қаласы танылды. Әлеуметтік желіні жарған ән де өз тыңдарманын тапты. Міне, осыдан кейін еліміздің он төрт облысына арналған тәдемі әндер көбейді. Мәселен, өзіміздің Сыр елін алайық. Ақын сазгерлер өз туған жеріне ән шығарып, бүгінде олар ауылына деген махаббатты өз туындыларымен жеткізіп жүр. Аралдың тумасы Шымберген Сүлейменовтың «Аралдың адамдары алтыннан жаратылған, Ақұдайларым» сынды әндері барлық жүректі тербеп, әрбір отырыстың сәнін келтіретін тың туындыға айналған. Арал қаласы нағыз дарындылардың құтты мекені іспеттес. Оған дау жоқ. Нағыз таланттылар туылған бұл мекенде көптеген ақындар, сазгерлер дүние дидарына келген. Оған тағы бір мысал ретінде сазгер Үкітай Ерниязовты айтуға болады. Ақұдайлар елінде өмірге келген сазгердің ән қоржынында бүгінде көптеген тың туындалар бар. Тіпті, оның репертуарынан туған жеріне арналған көптеген әнді кездестіруге болады. Бір сөзбен Аралға арналған әндер көп. Бұл көштен Ақтөбелік Аян Сейітов те қалмақ емес. Ақындық пен сазгерлікті қатар алып келе жатқан оның «Ауылым» атты әні талай жүректі тербеп, танымал болып үлгерген.Керек десеңіз 2021 жылы «қойшы бала» есімімен белгілі болған 12 жасар Алматы қаласының тұрғыны Аян Сейтовтың ауылым әнімен әйгілі болып үлгерді. Демек, сазгердің бұл туындысы, өзі туылған ауылын біраз елге танытып үлгерген. Одан бөлек, Заттыбек Көпбосыновтың Шырайлы Шымқалаға арналған әндері де, талай тойдың сәніне айналып, оған көптеген жас әншілер кавер түсірген. Сол секілді бүгінгі таңда, Арман қала Алматыға, Мұнайлы қала Маңғыстауға, әдемі Астанаға, Көмірлі Көкшетауға арналған әндер кеңінен етек жайып өз тыңдарманын тауып үлгеріп жатыр. Ал, Киелі Шиеліге арналған әндер ше?
Негізінде «Шиелі» жайлы әндер жоқ емес. Өте көп деуге болады. Себебі, бұл мекен талай дарындыларды, талай өнерпаздарды өмірге әкелген құтты мекен. Бұл мекенде екі мәрте социалистік еңбек ері атанған, атақты күрішші Ы.Жақаев өмірге келген. Шежірелі Шиеліде алтын құрсақты аналар апталдай азаматтарды туып, олардың барлығы танымал тұлғаға айналған. Бұл өңірде не жоқ десеңші? Ақ күріштен бастап, нән сай, шет елге шықпай-ақ жанға рахат сыйлайтын Бәйгеқұмның суы, құнарлы топырақтан шыққан қауыны мен қарбызы бар. Не керек, ақыны да сазгері де бар. Солардың аса дарынды өкілі болған – Нартай Бекежанов еді. Қазақстан ақын-жырауларының бірінші жиынын, 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігін сырнаймен арнау айтып ашқан «күміс таңдай» атанған Нартай болатын. Нартай суырып салма ақын әрі сазгер, дауысы керемет орындаушы болған-ды. Соғыстың ауыр жылдарында концерт ұйымдастырып, елдің көңілін көтерді. Атақты Иманжүсіп те өмірінің бірсыпыра бөлігін осы Шиеліде өткізген. Жалпы айтар болсақ, құт қонған бұл өлкеден талай ақын жазушылар шыққан. Бүгінгі таңда Шиелі жайлы 40-тан астам ән бар. Алайда, ауданның мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатар әндер әлі де болсын төбе көрсете қойған жоқ. Жүректің қылын қозғайын әуезді әндер көп болса да, әлі де әлемге әйгілі болардай ән әлі жарыққа шыға қоймады. Бәлкім, киелі Шиеліден шыққан шын таланттылардың өнеріне әлі де болсын мықты қолдау керек шығар? Сіз бн біз болып, өз дарындыларымызды қолдап, қолпаштасаң, мүмкін бұл өлкеден де небір танымал әндер шығып қалар.

Сымбат Сұлтан

28 қаңтар 2022 ж. 523 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930