Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫРША МЕРЕКЕСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

ШЫРША МЕРЕКЕСІ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Бұл мейрамның қазақтарға қаншалықты қатысы бар?

Бірқатар этнограф-тарихшылар қыпшақтарда шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпенділердің байырғы мейрамы екенін жазып жүр. Ежелгі алтайлықтар шырша мерекесін 25-желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап тойлаған.
Өмірдің сыры да, құпиясы да көп. Небір ғұлама нешеме жылдан бері күн-түн қатып тер төгіп жүргенімен жаратылыстың заңдылығын әлі бір жүйеге түсірген жоқ. Өйткені – тіршілікте заңдылықтар өте көп. Бір оқиғаны немесе құбылысты бір ұлтқа, яки бір халыққа теліп қоюға әсте болмайды. Айталық, ғасырға жуық уақыттан бері қазекең орыс халқымен бірге Жаңа жыл мейрамын тойлап келе жатыр. Бұл мейрам­ды әлемнің өзге елдері де (әр мезгілде болса да) мерекелеп жүр.
Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни, 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осылай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесі бойынша, желтоқсанның 25-і Исаның туған күні деп тойлайды. Ал, ежелгі алтайлықтар болса, 25 желтоқсанда Шырша мерекесін тойлаған. Себебі, осы күннен бастап күн түннен оза бастайды. Өріске кеткен малдың жайылу мерзімі ұзарады. Олар мұны Күннің Түнді «жеңген» кезі деп есептеген. Бүкіл тіршілігі төрт түлікке тәуелді көшпенді халық үшін бұл үлкен қуаныш, үлкен мереке саналған.
«...Мен, бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көшпелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде, қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін».
Жайы жаннатта болғыр, ғылым докторы, белгілі этнограф-тарихшы әрі жазушы Ақселеу Сейдімбек Жаңа жылдың көшпенділер мейрамы екендігі туралы осылай деп жазып кетіпті. Ғалым-қаламгердің бұл пікірін В. Цибульскийдің «Лунно-солнечный календарь стран Восточной Азии», М. Ысқақовтың «Халық календары», Х. Әбішевтің «Аспан сыры» атты кітаптарындағы деректер де жоққа шығармайды.
Бұл аз десек, мына дерекке назар аударайық. Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» кітабында жаңа жыл түніндегі «үлде мен бүлдеге» бөленген шырша мерекесінің І-Петр патшадан көп әріде болғаны, түркілердің де өз дәуірінде бұл мейрамды тойлағаны баяндалады. Кітаптың «Шыршалар мерекесі» тарауында зерттеуші бұл ойын нақты мысалдармен айқындайды. Бабаларымыз малымен жанын бағып, өсіп-өніп отырғандықтан да ең алдымен сол төрт түліктің жәйін жасаған. Қазақ пен қазақ кездескенде «мал-жан аман ба?» деуі осы сөзіміздің бір дәлелі емес пе? Өйткені, мал аман болса, жан да аман, өмір де, тіршілік те ілгері қарай өз жолымен жүре береді. Осыны сайын даланың данасы әрі иесі қазақтар білген. Бұлайша амандық-саулық білісу де бірер ғасырдың бедеріндегі жағдай емес, көнеден келе жатқан сәлемдесу тәртібі болса керек.
Бабаларымыз шыршаны үйлеріне алып келіп, бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлап, сонан соң дөңгелене қол ұстасқан қалпы шыршаны айналып: «Түн кетіп, күн келсін» деп ән салатын болған. Ұзақ жыл зерттеліп, зерделеніп жазылған кітапта осылайша баяндалады.... Қысқасы, сол деректерге ден қойғанда, Жаңа жыл таза көшпенділердің мейрамы екенін мойындауға мәжүр боласың.
Жаңа жылды қақаған қаңтарда қарсы алу – I Петрден келе жатқан әдет. Діни күнтізбе бойынша Исаның туған күні қаңтардың 1-і емес, одан 6 күн бұрын аталып өтеді. Ресейде жаңаша жыл санау да сол мезгілден басталғанға ұқсайды. Бір айта кететін мәселе, Еуропаға бұл мейрам жерсінді. Бұған Еуропа елдері Аяз ата, шырша, шырақ жағу деген сияқты өздерінің этнографиялық реңктерін беріп, байытты. Содан бүгінгі күні мүлдем таны­мастай өзгеріп, еуропалық мейрам болып шыға келді. Бірақ, бұл теңгенің бір жағы. Оның екінші жағы бар емес пе? Еуропалықтардың, оның ішінде орыстардың да, Жаңа жылға ерекше мән беріп, оның жылдан жылға көріктене түсуіне атсалысуы біздің бабаларымыздың, яғни қыпшақтардың, Шырша мерекесінің тарих тасасында қалып қоймай әлемдік сахнаға шығуына жол ашты.
Қаңтардың басында келетін Жаңа жылды тойлаймыз ба, әлде тойламаймыз ба, деген екі ұшты пікір соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Бұл мерекенің тамыры тым тереңде екенін, қазаққа да қатысы бар екенін жоғарыда айттық.
Сондықтан да Жаңа жылға діни мән-мағына бермей, бабалар мерекесі ретінде және бір жылғы тіршілігімізге есеп беретін, келешек мақсат-міндеттерімізді белгілейтін үміт пен сенім мерекесі ретінде тойлағанымыз абзал. Демек, бұл мерекенің көшпенділер пайымымен байланысты екендігін ескерген жөн. Біз Жаңа жылды тойлағанда бодандықтан емес, бұрыннан қанымызда, дәстүрімізде бар болғандықтан тойлап жүргенімізді кейінгі жастарға түсіндіруіміз керек.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның Құрметті журналисі»,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі
31 желтоқсан 2021 ж. 652 0