Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдердің зейнетке шығу жасы ұзарады

Әйелдердің зейнетке шығу жасы ұзарады

Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұлғайту қолға алынуда. Осыған байланысты 2022 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жас 6 ай болып белгіленді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгіндері еліміздің зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Солардың бірі – әйелдердің зейнет жасын ұлғайту. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабына сәйкес әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отырады.
Бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізу жоспарланған. Яғни биыл қазақстандық әйелдер 60 жаста зейнетке шыққан болса, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 жас 6 ай болған кезде ғана зейнетке шыға алады.
ҚР Еңбек министрлігінің мәліметінше әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңмен ұлғайту көзделген:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жасқа толғанда.
Осыған орай 1961 жылдың екінші жартысында дүниеге келген нәзік жандар 2021 жылдың соңына дейін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш берулері қажет. Өтініш беріп үлгермеген жағдайда тек жарты жылдан кейін, яғни 2022 жылдың шілде айынан кейін ғана зейнеттік демалысқа шыға алады.
Еңбек министрлігі өтініш берілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралатынын ескертеді.

https://egemen.kz​​​


06 желтоқсан 2021 ж. 518 0