Қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс...
Қарашаның қаһарын енді сезгендейміз. Ықтырма желі ықтайтын пана іздетіп жібергендей, көмір іздеп, қысқа қамданған халықтың қарасы қалың. Сандық түбіндегі тон-ішігін шығарған анам да жыртығын жамауға кірісті. Расында, қарашада күздің ызғарлы қара суығы күш алып, терістіктен ызғырық жел соғатын мазасыз шақ. Аспанды зілмауыр қара бұлттар қаптап, дамылсыз жаңбыр жауатын, жаңбыр арты қарашаның қарына ұласатын мезгіл. Жыл құстары туған мекенінен жылы жаққа бет түзеп, мәз дәуренімен қимай қоштасатын қиқулы уақ. Құстардың соңын ала қараша қаздар кететін ай аты тілімізде қараша болып қалған деседі көнекөз қариялар.
Кей деректерде қараша айының атауы сол кездегі табиғи өзгерістерге және сол кездегі халықтың әлеуметтік жағдайына сай қойылған деген пікірлер бар. Ғалым Б.Куфтиннің зерттеуі бойынша бұл айда жер қара топырақ болып, жаздай малдың тұяғы таптаған өріс тозып, қара балшыққа айналып, қатып-сеңіп жатқан кезіне сәйкес қойылған деп түсіндіріледі. Ал зерттеуші М.Исқақовтың деректеріне сүйенсек, ертеректе «ақсүйек» аталған хан тұқымдары мен ірі феодалдарға «қара бұдын» еңбекші халық төлейтін «хараж» салығы осы айда жиналатын болған. Диқандар астықтай, көшпелілер малдай төлеген. «Қара мал» атауы – осы харажға берілетін мал атауынан шыққан. Бұл деректерге қарағанда, қараша – хараж айы, яғни жылдық салықты төлеп бітіретін ай деуге болады». Зерттеуші О.Әбуталиповтің пікірінше, «қараша айының атауы хараж салығына қатысты емес, жердің қара қошқылданып, өрістің тапталып, қураған шөптің қара баптаққа айналып жатқан бейнесі сипатталатын кезбен сәйкес қойылған». Осындайда бәрімізге бала күннен таныс ұлы Абайдың өлең жолдары еріксіз тіл ұшына оралады:

«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай,
Қыстың басы, бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай».
Қазақы қоңыр тіршілік суреті. Науқандық абыр-сабыр басылып, шаруа қолы сәл де болса босаған кез. Ықтырмалатып соққан күзеудегі жылы үйінде маздата от жағып, семірте сойылған мал етінің сорпасымен бой жылытқан жандар... Шұрайлы жерін артына сақтаған шаруақор бай үйі... Бар тірлігін малымен байланыстырған қазақтың артына алаңдайтын жөні бар. Қарашаның 25-нен Үркер батып, қыс тоқсанның басы басталады. Сол себептен алдағы суықтарға шыдамайтын кәрі-құртаң, көтерем малдарды сойып, күз соғым жасайды. Осыдан ел ішінде «қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал сақталған. Мұндағы қауыс сөзі – араб сөзі, қараша ай атын білдіреді. «Қараша келмей, қар жаумас» дейді ел. Қар қарашаның алғашқы күндерінде түсіп, ерімей жатып қалса, қыс ұзақ болады деп айрықша қамданған. Осы айда адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел соғады, оны ел арасында ықтырма жел деп атайды.
Қазақтың салт-дәстүрінде де қарашаға байланысты атаулар жетерлік. Мысалы, қараша үй, қараша халық. Қараша үй немесе қоңыр үй көбінесе күз айларында – қарашада көп тігілген киіз үй. Киіз үйге ыс сіңгендіктен түсі қоңырқай тартып кетеді. Көлемі де шағын болады. Көбіне онда тұрмысы төмен отбасылар тұрған. Ал, ауқатты адамдар қараша үйді сәнді үйлеріне қоруыш ретінде, ас-су қоятын, тамақ істейтін және т.б. пайдаланған. Қараша халықтың мән-мағынасы қалың, көп дегенді білдіріп, сөз тіркесі ретінде қолданылады. Осыларды тізбектей келіп, қараша атауының қыры мен сырына қаныға түсуге болады.
А.Асанов