Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙДЫҢ СҮТІ МЕН САҒЫЗЫ

ҚОЙДЫҢ СҮТІ МЕН САҒЫЗЫ

Жылқының өзiн қолға үйреткенiне 6 мың жыл болған қазақ үшiн жесең – тамақ, iшсең – сусын, кисең – киiм, мiнсең – көлiк болатын төрт түлiк мал бүкiл өмiрiнiң нәрi де, сәнi де болғаны белгiлi. Сондықтан, олар бiр-бiрiмен сәлемдескенде де «мал-жаның аман ба?» деп, алдымен малды айтып амандық-саулық сұрасқан. Бiз бүгiн сол өмiрдiң бiр ғана бөлшегiн – қазақтың ұмыт бола бастаған сүттен дайындайтын тағам түрлерiн сөз етпекпiз.
Əдетте түйе, бие, сиырды сауып, сүтін бойға сіңімді əрі дəруменге бай өнім түрі ретінде пайдаланамыз. «Қымыз – қуат, шұбат – дəрi» деген қазақ. Шұбаттың ерекшелiгi, ол əрi сусын, əрi тамақ. Жылқы мен түйенiң байытылған дəруменге толы қымызы мен шұбатын iшкен қазақ авитаминоз дегендi бiлмеген. Түйе сүтiн пiсiрiп ашытса, тəттi де қою бола түседi. Сиыр сүтi мол болатындықтан, күрiштен, тарыдан уыз көже дайындап, оған үлкендердi шақырып, батасын алу – ежелден келе жатқан салтымыз. Оған қоса ешкі сүтінің құнары ана сүтімен бірдей деп, жаңа туылған сəбиге берілетіні де белгілі.
Сол секілді қойдың сүтінен де түрлі тағамдар дайындалатынын біреу білсе, біреу біле бермес. Қойдың да сиыр секілді жаңа төлдегендегi сүтi уыз деп аталады. Қайнатқан қой сүтiн iрiтiп, сүзiп алып, ыстық кезiнде сары суымен қоса сары май салып езсе, «бел көтерерге», яғни науқастарға, кəрiлерге қуат болсын деп беретiн өте нəрлi «ақлақ» пайда болады екен. Қызығы бұрынғылар қойдың терісі мен сүтінен «сүмесүт» деп аталатын құрғақ сүт дайындаған. Демек, қазір біздің пайдаланып жүрген тетропакеттегі құрғақ сүтіміздің түпкі идеясы сол ата-бабаларымыздың əрекетінен алынуы да мүмкін. Осы орайда сүмесүттің жасалу жолын оқырмандарымыз біле жүрсін деп, жазуды жөн көрдік.
Алдымен, жүнi қырқылған ақ тоқтыны сояды, терiсiн ұстарамен қырып, майынан, етiнен əбден тазалап болған соң теріні үш күн ағын суға байлап қояды. Сол сумен жағымсыз дəмнiң бəрi кетедi. Содан соң қазанға терiнi салады. Қойдың сүтiн толтырып құйып, қайнатады. Терi бойына сiңiрiп алуын тоқтатпайынша, сүттi құйып, қайната береді. Сүттi сормай қалатын кезi болғанда, терi қалыңдығы бармақтай болып iсiнедi. Осы кезде терiнi кептiрiп, бiр ыдысқа салады. Ендi көш кезiнде дана қазақ мал сауып əуре болмайды, шайға қосатын құрғақ сүтi дайын. Көш үстiнде омыраудағы бала жыласа, жаңағы терiден кiшкентай кесiп алады да, ортасына ши өткiзiп, баланың аузына сала қояды. Бiр жағы таусылса, баланың аузына екiншi жағын салып қояды. Сiңiрiп алған сүт таусылған соң терiнiң өзi қалмай ма? Бұл ендi кəдiмгi ауызға салып шайнайтын сағыз болады.
Қазір тағамның бұл түрі қолданыстан шығып, ұмытылып кеткен. Тіпті, отар-отар қойы бар қойшылардың өзі мұны жасауы қиын. Балаларға шеттен келіп жатқан бояғыш пен түрлі пайдасыз қоспаларға толы зиянды тағамдарды сатып алып бергенше, қорадағы қойымыздан осындай пайдалы тағамдар жасап берген əлдеқайда жақсы емес пе? Аз-маз уақыт кеткенімен бойға сіңімді, əрі құнарлы тағам. Оның үстіне сатып алып шайнап жүрген базардағы сағыздарды «резеңкенің əбден пайдаланып болған қалдығынан жасайды» дегенді естіп жүрміз. Бəлкім қолынан іс келетін талапты жастар мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып құрғақ сүт пен сағыз өндіруді қолға алар. Бір жағынан кəсібі дөңгелесе, бастысы, ата-дəстүрді қайта жаңғыртады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

20 қараша 2021 ж. 423 0