ЖАНАЗАДА ЖАЛҒАН ЖЫЛАМАҢЫЗ
... Ақтөбеде отағасы қайтыс болып, қара жамылған үйде бір әйел жоқтау айтып, жылап отыр дейді. Қасына барып, көңіл айтып, жоқтауына тоқтау айтқан бір кісі: «Жақында бір туысыңыз қайтты ғой деймін, садақаға барғанда көрген едім. Бұл кісілер де туысыңыз ба? Жұт жеті ағайынды, айналайын. Қайғы айтып келмейді, Алла өзі даусыз береді, құнсыз алады. Сабыр ет», – деп барынша жұбату сөздерін айтып жатырса, әлгі әйел оның сөзін кілт тоқтатып:
– Мен тіпті кім қайтыс болғанын да білмеймін. Бұл кісілер туысым да емес. Жалданып жоқтау айтуға келдім, – деп қойып қалыпты.
– Мен тіпті кім қайтыс болғанын да білмеймін. Бұл кісілер туысым да емес. Жалданып жоқтау айтуға келдім, – деп қойып қалыпты.
Иә, осы әңгіменің әлқиссасын әлеуметтік желіден өзіңіз де оқып жүрген боларсыз. Жасыратыны жоқ, мына заманда ақысын берсең, қазалы үйге барып, жақынына қабырғасы қайысардай жоқтау айтып беретін жалдамалы қызмет түрі пайда болған. Мұны тіпті кәнігі бизнеске айналдырып алғандары да бар. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер қызметтің осы түріне білек сыбана кіріскені соншалық, оны тұрақты жұмысқа айналдырып алған. Олар марқұм болған жанның үйіне жоқтау айту үшін, жәйдан-жай бармайды. Әлбетте, ақылы. Жаназада жақыныңның рөлін сомдап, қатарда екі-үш сағат отырып берудің құны қанша дейсіз ғой? Бұл қайтыс болған адамның атақ-абыройы мен қызметіне қарай көтеріле береді-мыс. Мұндай жалдамалы қызмет түрі 20 мың теңгеден басталады. Толығырақ тарқатайық.
Мына жазбамызды оқып отырған ойлы оқырманның кейбірі жалдамалы жоқтаушылардың барын білмейтін де шығар. Бірақ, бар. Негізі бұл үрдіс біздің елімізге сонау Америка құрама Штаттарынан келген. Еліктегіш қазақ жұртшылығы баяғы әдетінше қайталап алған оны. Қарап тұрсаң, іліп аларлық үлгі ететін дүние емес. Осындайда, «бұл бәле қайдан шыққан дәстүр?» деген сауал ойға оралады. Әуелі оның тереңіне сүңгіп көру керек.
Баяғыда ата әжелеріміз «баланың көп болғаны жақсы, ертең біз өлгенде «әке-шешем-ау деп» жоғымызды жоқтап, артымыздан құран бағыштаса, көрде де тыныш жатамыз» дейтін еді. Есіңізде ме? Рас. Бұрындары жаназа болған үйде, жыламсыраған дауыстың өзі жер жаһанға естіліп жататын.
Бұл айхай емес, жоқтаудың өзіндік дәстүрі. Әжелер жоқтау айтқан кезде, жаназа болған үйге, жылап кіріп, жоқтауын көңілсіз әнмен жеткізетін. Бұл – қаза болған үйге көңіл айтып, қайғысына ортақтасудың бір белгісі еді. Бүгінгі таңда бұл үрдістің ізі сиреп барады. Қатарда тізіле отырғандардың өзі жоқтау айта алмайды қазір. Қаншама қара нарлар ажалдың тырнағына ілінгенде, артында қалған ұрпағы жанардағы жасын бір сығып, бетін басқан күйі үн-түнсіз ішіндегі шерін сыртқа шығара алмауы неткен өкінішті! Кезінде үлкендер «өлім деген үлкен сын» деп өлгенге барғанда жоқтау айтып жыламағандарды сынға алған. Сонау Жошы ханның баласының қазасын домбыраға салып жеткізгенде, бүгінгі егеменді елдің мұншалықты езілгені қайткені? Бауыр еті балаларының өзі, аналары дүние салғанда, жоқтау айтқысы келмейтін дәрежеге жетердей не күн туды басымызға? Сенбейсіз бе? Мысал келтірейін...
Осыдан бір жыл бұрынғы оқиға есіме түсіп отыр. Менің бір танысым бар. Атын айтып, түсін түсмей-ақ қояйын. Қайбір жылдары әлгі танысымның анасы қатты сырқаттанып, төсек тартып жатты. Емханада жатып біраз ем алды. Бірақ, дерт дендеп, оның анасы 70 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Марқұмның дүниеден озғаны сол-ақ еді, ұл-қыздары жаназада жоқтау айтатын жандарды іздей бастады. Олар менің «Неге» деген сауалыма:
– Өзің білетіндей, мен қазір жоғары қызметтемін. Аға-әпкелерім де жәй адамдар емес. Үйдегі шал (әкелері) «кемпірімді ақтық сапарына дұрыстап, жоқтау айтып шығарып салғым келеді» деген соң, ақысына жоқтау айтып беретіндерді шақыртып жатырмыз. Өзіміздің ойбайлап жылағанымыз ел-жұрттан ұят, – деп әңгімесін қысқа қайырды әлгі танысым.
Балалары «жоқтау айтпаймыз» деп жағадан алса, әке байғұс басқа не істей алады? Амалдың жоғынан жалдамалы жоқтаушылардың көмегіне жүгінеді. Біреу үшін бейтаныс біреудің жоқтағаны болмағыр дүние емес пе? Жалдамалы жоқтаушыларды «осыдан пайда болған шығар» деп қаласың іштей. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, «қалмасам екен жоқтаусыз..» деген жыр жолдары бүгінгі заманға дәл айтылған секілді көрінеді. Жауһар жырлардың иесі бұл күннің де келерін алдын ала сезген екен ғой...
«Пайғамбарымыздың заманында (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жоқтау айтатын жалдамалы әйелдер болған. Арнайы жалданып, адамдарға жоқтауын айтып берген екен. Соны көрген пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Мыналар бізден емес, – деп айтқан екен. Демек, тыйым салған», – дейді Хазірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет.
Топырағы кеппеген жанның жаназасы бүгінде өнер қойылымына айналып бара жатқанға ұқсайды. Ел-жұрттың айтуынша, мұндай қызмет түрін көбінесе, Батыс қазақстан облысының тұрғындары жиі пайдаланады. Содан, Арал бойын жағалап, қазыналы Қазалы жеріне дейін баратын көрінеді. Керек десеңіз, жалдамалы жоқтау айтып беретіндерді Қызылордадан да табуға болады. Бірақ, олар есімдерін жасырып, өздерін жалпақ жұртқа басқа жан ретінде таныстырады-мыс. Және мұндай іспен елуді еңсерген әйелдер айналысатын көрінеді. Жалғыз емес, үш-төртеуі топтасып жүреді. Қысқасы, бұл бизнес түрі – құдды бір құпия агент іспеттес.
– Мен ақыға жоқтау айтып жүрген жандар жайында естідім. Осы мәселе бойынша Қызылорда қаласында жұмыс істеп жүргенде, барлық аудандарда «жаназа және жерлеу рәсімдері» атты тақырыптағы жиындар, дөңгелек үстелдер өткізген болатынбыз. Ислам шариғатында адам жалдау, әдейілеп басқа біреуді жылатып қою сияқты дүниелер дұрыс емес ұғым болып есептеледі. Бұл – біздің дінімізге де сәйкес келмейтін амал болып табылады, – дейді аудандық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаев.
Қайғыңды сыртқа шығармасаң, ол іште шемен-шер болып қатып қалады. «Жоқтаудың не керегі бар?» дейтіндер де табылар. Бірақ, адамға кейде жылап алған да дұрыс. Күйік-қайғыдан арылу үшін де жылау керек. Айқайлап емес. Оның да, өзіндік әдебі бар. Әрі дауыстап тұрып, бір нәрсені тепкілеп жылау – дінге қарсы іс болып табылалады. Алайда, жоқтау – қай үйде кісінің қайтыс болғанын, қандай жаста өмірден өткенін, қандай жанның өмірден кеткенін білдірудің жолы. Бұрын кісі баласы қаза болса, күллі жұрт сол үйдегі ағайынның қайғысына ортақтасып, көңілін аулайтын. Ал, қазір ше? Таяқ тастам жерде тұрса да, жақынынан хәл сұрамайтын жағдайға жетті. Тірі кезде жағдай сұраспаған жұртшылықтан, өлгенде не сұрайсың? Қайғыңа ортақтасуы тиіс деген адамның өзі, бет көрісуге, көңіл айтуға жарамайтын болды. Тіпті, әлеуметтік желіде көрісіп, ватсап арқылы көңіл айтатын хәлге тап болдық. Жаттанып бара жатырмыз. Жат біреудің жаназада жалданып жылауы да содан шығар, бәлкім. Не болса да, бұл жағдай барып тұрған сорақылық. Қызылордаға келген сор, «Шиеліге келмей ме?» деп алаңдайсың. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасының қайғысын жат біреу жеткізіп отырса, не сұмдық?
Сымбат СҰЛТАН