Өлсем орным қара жер...
Бабаларымыз «Көресініңді көрмей, көрге кірмейсің» деп дөп айтып кеткен. Тәуелсіз ел болдық, ұлт ретінде жеке мемлекетпіз деп бөркімізді аспанға аттық. Бірақ біз шынайы қуанып, шын қайғыруды жоғалтып алғандаймыз бүгінде.
Қазақ «Қуанышты бөліспесең де, қайғыны бөліс» деген қағиданы берік ұстаған. Себебі дүниедегі үш ғайыптың бірі – ажал. Ажал айтып келмейді деген бар. Әр адамның дәм-тұзының таусылуы сол адамның ақырзаманы, өмірінің аяқталуы екенін терең ұғынған бабаларымыз қазаға барынша мән берген. Жақын адамдарына ауыр қазаны естіртудің өзі көңілге ауыр тимес үшін астарлап жеткізу үлкен сын болған.
Қазақ «Қуанышты бөліспесең де, қайғыны бөліс» деген қағиданы берік ұстаған. Себебі дүниедегі үш ғайыптың бірі – ажал. Ажал айтып келмейді деген бар. Әр адамның дәм-тұзының таусылуы сол адамның ақырзаманы, өмірінің аяқталуы екенін терең ұғынған бабаларымыз қазаға барынша мән берген. Жақын адамдарына ауыр қазаны естіртудің өзі көңілге ауыр тимес үшін астарлап жеткізу үлкен сын болған.
Жаһандану заманында әлемнің тілі мен мәдениетін меңгеріп, техника дамыған уақытта керісінше адамзаттың ақылы кеміп, рухани құлдырап бара жатқандай көрінеді. Қазір қазаны телефонмен естіртіп, жақынынан айырылғанға көңіл сөзін телефонмен, «уатсапқа» жаза салатындай деңгейге жеттік. Бұл осы кесел келмей тұрып-ақ басталған болатын. Ал қазір пандемияның сейілмеуіне байланысты жаназаға бармай, «ой, бауырымдап» бір-бірімізді қапсыра құшақтап, қайғыға ортақтаса алмайтын жоқтау болып тұр. Себебі оған бөлісуге, жақындауға жаман ауру мұрша берер емес.
Өткенге көз салсақ, сол заманның көне көз қариялары өлімге қатты мән беріп, көңіл айтуға келгенде жоқтау айтып жыламағандарды үлкен сынға алған. Неге десеңіз, жоғалтқан жақынына деген қимастығын, о дүниеден енді қайтіп келмейтінін ойлап, жоқтау арқылы жеткізіп, қазақ мәдениетінің зор үлгісін көрсеткен. Біле білсеңіз, қазақта ақтай жоқтау, қара тігу, шашын жаю сынды жоқтаудың сан алуан түрі бар. Мұның барлығы да жақынынан айырылған жанның көңіліне демеу болатын. Ал қазір қауіпті індеттің салдарынан сүйекке кіру, арулау, топырақ салу, бата оқырдың бәрі өмірімізден тысқары қалуда. Қала берді, жаназаға жиылатын жұрттың қарасы көбейсе, үркіп қарайтын күйге де жеттік.
Адам баласы үшін ең қымбат – өмір болса, өмірден кету – ең ауыр сәт. Ақтық сапар жолында адам қиын да жауапты, абыройлы кезеңді басынан кешпек. Бұл ақ өлімге, ер өліміне, топырақты өлімге соқтыруы тиіс. Өлімнің де абыройлы, абыройсызы болған, бар да. Сұраусыз өлім де болады. Ал қазақ халқы өлімнің де жөнелуін нысанада ұстаған. Адам дүниеден өтер жолында естірту, жылау, жұбату, тоқтау айту, қоштасу, көңіл айту, жоқтау, кейіннен еске алу рәсімдері болады. Кісі қайтқаннан кейін азалау күні «жетісі», «қырқы», «жүзі», «жылы» өткізіледі. Марқұм отбасынан шалғайда немесе ұзақ жолда қайтыс болған болса, қайғылы хабарды жанашыр адамдары туыстарына астарлап естіртетін болған.
Негізінен аза тұтуды әр халық түрлі рәсімдермен өткізеді. Керек десеңіз, киім киісіне, шаш үлгісіне дейін мән берілетін халықтық ғұрыптар жоқ емес. Айта кетейік, кейбір елдерде азалы пошта маркасына дейін шығарады. Бүгінгі заманда көбінесі Фредерик Шопеннің «Жерлеу маршы» ойналады. Ал біздің елде көк байрақ төмен түсіріледі. Бір минут үнсіздік жарияланады.
Тақырыптың тұспалдамасы, бақиға жоқтау айтылмай аттанған адам – жоқталмаған адам. Сондықтан жоқтаудың тәрбиелік мәні зор. Сол себепті де Жаратқаннан жоқтаусыз кетпесек екен деп тілейік!
С.МАДИЯРОВА