ШЫНДЫҚТЫҢ БЕТІНЕ ТУРА ҚАРАҒАН
Партия, кеңес, шаруашылық салаларында ерен еңбегімен еленген Дүйсенбек Ермаханұлы арамызда жүрсе, тоқсан жасын торқалы тойға айналдырар еді-ау...
Дүйсенбек Ермаханұлы барынша елгезек, тындырымды жан болатын. Әсіресе, шындықты айтуды ұнататын. Қолынан іс келетін адамға көмегін аямайтын. Жалқау, жұмысына немқұрайлы қарайтындарды маңына жолатпайтын. Ағайынның тірлігі дегенде ішіп отырған асын қоя салып, қолұшын беруге ұмтылатын. Қызметіне қарамайтын. Ағам ауылда тұрған жылдары еңбекшіліктер асарлатып жаппай үй сала бастады. Бір айда бірнеше үй қатар салынды. Атам Ермахан және әкем Бекмұрат, ағайынды екеуі де үй салды. Бір аптада біздің үйдің құрылысы жүргізілсе, екінші аптада атамның үйінде асар болатын. Сол тірліктердің барлығына Дүйсекең тікелей араласып, қол ұшын беріп жүрді. Ол кезде құрылыс маманы жеткіліксіз, оның үстіне арнайы құрылысшы жалдауды бар адамның бірдей жағдайы көтере де бермейді. Ауылдың құрылысшысы да, бас архитекторы да Дүйсекең болатын.
Дүйсенбек Ермаханұлы барынша елгезек, тындырымды жан болатын. Әсіресе, шындықты айтуды ұнататын. Қолынан іс келетін адамға көмегін аямайтын. Жалқау, жұмысына немқұрайлы қарайтындарды маңына жолатпайтын. Ағайынның тірлігі дегенде ішіп отырған асын қоя салып, қолұшын беруге ұмтылатын. Қызметіне қарамайтын. Ағам ауылда тұрған жылдары еңбекшіліктер асарлатып жаппай үй сала бастады. Бір айда бірнеше үй қатар салынды. Атам Ермахан және әкем Бекмұрат, ағайынды екеуі де үй салды. Бір аптада біздің үйдің құрылысы жүргізілсе, екінші аптада атамның үйінде асар болатын. Сол тірліктердің барлығына Дүйсекең тікелей араласып, қол ұшын беріп жүрді. Ол кезде құрылыс маманы жеткіліксіз, оның үстіне арнайы құрылысшы жалдауды бар адамның бірдей жағдайы көтере де бермейді. Ауылдың құрылысшысы да, бас архитекторы да Дүйсекең болатын.
«Біз де үй салып жатқанбыз. Қабырғаларын тұрғызып болдық. Енді төбесін жабу керек. Сол кездегі сән бойынша үйдің төбесін маяжон етіп өру керек. Бұл әдіс кім болса соның қолынан келе бермейді. Бұлайша өру бір-ақ адамның қолынан келеді. Ол мектеп директоры Дүйсенбек аға. Менің әкем Баймұрат ол кісінің әкесімен құрдас болатын. Соны пайдаланып, мектеп директорын асарға шақырды. Мен ол кезде баламын, яғни, екінші-үшінші сыныпта оқитынмын. Ішімнен ойладым, «директор асарға келер ме екен?» деп. Сенбі күні асар басталды. Шақырған адамдар түгел іске кірісті, аңғарсам мектеп директоры Дүйсенбек ағамыз біздің үйдің үстіне шығып, кірпіш қалап отыр екен. Қатты қуандым. Ішімнен «мектеп директоры өрген үй мықты болатын шығар» деп ойлап қоямын. Шынында да сол үй ұзақ тұрды, әлі бар. Іші де құтты болды, қаншама жан өсіп-өніп өз мақсатымызға жеттік» – «Еңбекші» ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер-заңгер Сейдомар Баймұратұлы мектеп директорының өнегелі ісін осылайша әңгімелеп берді. Бұл – Дүйсекеңнің ағайынға деген жанашырлық жәрдемін, адамгершілік қасиетін білдіретін көп өнегелі ісінің бірі ғана.
...Ұмытпасам 1955-1956 жылдары болу керек. Жер құрғақ еді. Ауылда үйлену тойы болатынын есітіп, бір топ бала өзімізше «дайындық» жасадық. Мақсат қалайда сол тойға қатысу. Ол кезде біз бірінші-екінші кластың оқушысы едік.
Көп ұзамай той да басталды. Көп күткен келін де келіп түсті. Ұмытпасам машинамен әкелді. Ол кезде біздің ауылда бір ғана автомашина болатын. Шамасы келінді әкелген машина біздің ауылдыкі емес, ауданнан келген болар. Сонымен дүркіреп той басталды. Әрине, бала-шағаға арнайы орын жоқ, есіктен, терезеден сығалап жүрміз. Түннің бір уағына дейін жалғасқан тойға көз ілмей шыдап бақтық. Кіріп отырмасақ та сол жүрген тірлігімізге, көрген қызығымызға риза болдық. Ең бастысы, түскен келін (менің жеңгем) өте көрікті екен. Өз қатарымның арасында мерейімді үстем етті. Қайта-қайта «менің жеңешем әдемі, менің жеңешем әдемі», «менің жеңешем сұлу» деген сөздерді айтудан жалықпадым.
Үйленген жігіт – біз тұратын Еңбекші ауылындағы «Еңбекші» сегіз жылдық мектебінің директоры, менің немере ағам Дүйсенбек Ермаханұлы. Ал жеңгем болса, сол ауданның Еңбек Қызыл Ту орденді «Гигант» колхозының маңдай алды аруы екен. Аты-жөні – Қатира Жүсіпқызы Қайранова. Көп ұзамай ағамыз аудандық партия комитетіне жұмысқа ауысып, жас жұбайлар аудан орталығына көшіп кетті.
Мөлтек мәлімет
Дүйсенбек Ермаханұлы 1931 жылы Шиелі ауданының Керделі ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келді. 1952 жылы Қызылорда пединститутының тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде (қазіргі «Ақорда» мектеп-гимназиясы) ұстаз болудан бастады. 1955-1959 жылдары аудандағы «Гигант», «Еңбекші» және Ворошилов атындағы сегізжылдық мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметін атқарды.
Дүйсенбек Ермаханұлы 1931 жылы Шиелі ауданының Керделі ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келді. 1952 жылы Қызылорда пединститутының тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебінде (қазіргі «Ақорда» мектеп-гимназиясы) ұстаз болудан бастады. 1955-1959 жылдары аудандағы «Гигант», «Еңбекші» және Ворошилов атындағы сегізжылдық мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметін атқарды.
1959 жылы аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, 1960 жылдан бастап ұзақ жыл бойы Шиелі аудандық партия комитетінде бірінші хатшының көмекшісі, нұсқаушы, саяси ағарту кабинетінің, насихат және үгіт пен партиялық ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Д.Ермаханұлы 1975-1977 жылдары «Қызылту» (қазіргі Ы.Жақаев атындағы) колхозы партия комитетінің хатшысы, 1980 жылға дейін аудандық кеңес атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болды. 1980-1984 жылдары №375 жол пайдалану учаскесінің бастығы, 1984 жылы №11 селолық-кәсіптік техникалық училищесінің директоры болды. Қатарынан бірнеше шақырулар бойынша аупарткомның мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.
***
Ұзақ жыл Шиелі ауданында бас агроном, совхоз директорының орынбасары және партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған Слан Дүйсенов Дүйсекеңнің қаморлығы турасында төмендегіше ой толғады.
– Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының агрономдық факультетін бітіргеннен соң арнайы жолдамамен Қарағанды облысына аттандым (Ол уақытта диплом алғасын екі жыл мамандығы бойынша жіберген жерінде жұмыс атқаруы тиіс болатын). Қызметтің қызығымен біраз жыл жүріп қалдым. Туып өскен мекенім Сыр бойына оралмақшы болып, облыс, аудан басшыларынан сұранып жүріп, Шиеліге қоныс аударуға әзер рұқсат алдым. Мамандығыма сай қызметтің ыңғайын байқайын деп, кезекті бір еңбек демалысымды алысымен Шиеліге тарттым. Ағайындардан, таныстардан сұрастырып жұмыс іздедім. Дүйсенбек Ермаханұлы деген құрдасым-досым аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі екен. Партияның дүрілдеп тұрған кезі. Жас кезімізде бірге ойнағанымыз бар, қатар өскеніміз бар, ағайындығымыз бар дегендей, неде болса көзкөрген құрдасыма жолығуды жөн санадым. Жағдайымды білгеннен соң біраз ойланып отырды да:
– Қазақстанның қай жері болса да бізге жат емес қой, дегенмен кіндік қаның тамған туған жерге не жетсін! «Ауылға келсем, туған жерге еңбегімді сіңірсем» деген сөзің маған ұнады. Қолдан келгенінше көмектесіп көрейін, бас агроном болмасаң да өз мамандығың бойынша бір қызмет табылып қалар. Бірінші хатшыға кіріп шығайын, – деді де, аудан басшысының бөлмесіне кіріп кетті. Не болар екен деп күтіп мен отырмын. Көңілім күпті. Бірақ аупарткомның өзі араласқаннан кейін оң нәтиже шығар деген үмітім де жоқ емес. Әлден уақытта Дүйсекең іштен көңілді шықты. Маған «отыра бер» деп ишарат білдірді де, хатшы қызға барып бір құжаттарды машинкаға бастырды.
«Менің шаруам не болды? Күнделікті аупарткомның бітпейтін тірлігінен бұрылуға шамасы келмей қойды ма екен?» деп алаңдап отырмын. Бір кезде қайтадан бірінші хатшыға кірді. Бұл жолы көп кідірген жоқ, тез шықты. Жүзі тым жарқын. Күлген бойы маған келді де:
– Жолың болды, құрдас, «Төңкеріс» күріш колхозына тұқым жөніндегі агроном болып баратын болдың. Бірінші хатшы келісімін берді. Міне, қаулы, қойған қолы, басқан мөрі. Жүр кеттік. Сені апарып орныңа отырғызамын, аудан басшысының тапсырмасы, – деді.
Осылайша мен ойламаған жерден қызметке орналасып шыға келдім. Демалысымның бітуіне қарамастан кері қайттым. Өйткені, үйді көшіріп әкеліп, жұмысқа кірісуім керек.
Дүйсенбек Ермаханұлы денсаулығына байланысты өмірінің соңғы жылдары Шиелідегі №11 селолық кәсіптік-техникалық училищесіне директор болды. Жасыратыны жоқ, кәсіптік училищедегі тәртіп мектептегіден төмен болады. Мұнда білім алушылар жатақханада жатады. Күнде ата-анасының жүзін көріп, ақыл-кеңесін алып тұрмағандықтан болар еркінсіп жүреді.
– Ермаханов директор болысымен училищенің еңсесі көтерілді. Дүйсекең тәртіпті өзімен бірге ала келді. «Біз жастарға техникалық білім береміз, темірдің «тілін» үйретеміз. Демек тәртіп те темірдей болу керек» деп айтатын үнемі. Сол айтқанын жасады да. Училище техниканың ғана емес, тәртіптің де ордасына айналды. Училище түлектерінің арасынан майталман комбайнерлер, темірдің «тілін» меңгерген озат тракторшылар шықты, – дейді жасы сексенді алқымдаған бұрынғы өндіріс шебері, ұстаз Дүйсенғали Оразов ақсақал өткен ғасырдың сексенінші жылдарын есіне түсіріп.
Ал, енді ағамның зайыбы, менің сүйікті жеңешем Қатираға келетін болсақ, ол кісі тұрмысқа шыққан кезінен бастап, зейнеткерлікке дейін бір салада – сауда жүйесінде қызмет етті. Әкесі Жүсіп қария да осы саланың маманы болатын. Сол әке дәстүрін жалғастыра білді. 84 жасында өмірден озды, жаны жәннатта болғай.
Дүйсекеңнің тағы бір қасиеті – қонақжайлылығы еді. Нағыз қазақтың өзі болатын. Үйінен мейман арылмайтын, дастарханы жиылмайтын.
– Аптасына 2-3 арнайы қонақ шақырады. Бас-сирақ үйіту, ішек тазалау, қазы-қарта айналдыру, бауырсақ пісіру, қамыр жаю, тағы да басқа толып жатқан қонақ асын дайындаудан әбден қалжырайтынбыз. Әсіресе, тауықтың жүнін жұлу бір ақырет болатын. Он немесе жиырма емес, кемі 50 – 60 тауық сойылатын. Ол уақытта тауық еті тапшы әрі таңсық, аудан дүкенінен табыла бермейтін. Қонақтарды аяғынан тік тұрып күтетін, – деп еске алады немере келіні Мархаба Шәуәліқызы...
Туып-өскен ауылым «Еңбекшіде» осы мекенмен аттас мектеп болды. Бұрын жетіжылдық еді. Оны бітіргендер аудан орталығына сабылып, туысы барлар сол ағайындарының үйінде, малшылардың балалары мектеп-интератта жатып, табаны күректей 4 жыл оқитын. Кейбір ата-аналар балаларын, әсіресе, қыздарын ауданға оқуға жібермейтін. Бір жыл емес, екі жыл емес, табаны күректей 4 жылға қайдан жіберсін. Біздің ауыл «Қыздың жолы қиын», «Қызға 40 жерден тиым» деген тәмсілдерді қатты ұстанатын.
60-шы жылдардың орта кезінде қоғамда оң өзгерістер орын алды. Орта білім беретін 11 жылдық мектеп 10 жылдыққа төмендеді. Әскери қызмет 3 жылдан екі жылға шегерілді.
Бағымызға, жетінші сыныпты бітіргенімізде, «Еңбекші» мектебінің сегізжылдық болып дәрежесі өсті. Ауылдастардың айтуынша, «Еңбекші» мектебінің сегізжылдық мәртебесін алуына сол уақытта мектеп директоры, артынша аупарткомның жауапты қызметкері болған Дүйсенбек Ермахановтың еңбегі аз болмаған секілді.
Сегізжылдық мектепті бітіргесін аудан орталығында оқуға тура келді. Қарындасы Рәзия, інісі мен және ауылдас көршісі Тұрсынбай үшеуміз Дүйсекеңнің үйінде жатып оқитын болдық. Бізден басқа ол үйде жеңгемнің інісі мен сіңілісі бар екен. Ағам мен жеңешем, өздерінің 5 ұл-қызы, біз 5-еу, аядай үш бөлмеде 12 адам тұрдық. Дүйсенбек ағамның бауырмалдығы мен жеңешемнің кеңдігі болса керек бұл. Ауылдан барған үшеумізді мектеп-интернатқа орналастыруға Дүйсекеңнің беделі мен қауқары жететін еді. Оның үстіне мектеп-интернаттың директоры да жақын туыс болатын. Бірақ ағамыз заңға қайшы әрекетке бармады. Тәртіпсіздікті, көлгірсуді жаны сүймейтін.
Алайда, оқуға түсудің сәті түспеді. 1968 жылы әскер қатарына шақырылдым. Ленин орденді Мәскеу әскери округінде міндетімді өтедім. 7-8 ай өткенде ауылды, әке-шешемді сағындым. Үйге «ағама айтыңдар, мен сіздерді қатты сағынып кеттім, ретін тауып мені демалысқа шақыртсын» деп хат жаздым. Артынша аудандық әскери комиссардан шақырту жеделхаты келіп, мені 10 күнге ауылға жіберді. Бұл да Дүйсенбек ағамның арқасы. Жалғыз ұлын сағынған әке-шешемді аяса керек.
1970 жылдың желтоқсан айының 30 күні әскер қатарынан оралдым. Түнгі сағат жаңылмасам, он-он бірдің шамасында Шиелі теміржол вокзалынан түстім. Дүйсенбек ағам мен Қатира жеңешем екеуі күтіп алды. Шиеліден 13 шақырым жердегі «Еңбекшіге», үйіме жеткізіп салып, әке-шешемді бір қуантты. Жалғыз ұлын әке-шешем асыға күтіп отыр екен, қуанысып, арқа-жарқа болды.
Жеңешем мен ағамның маған еңбегі аз емес. Үйленіп Алматыдан қалыңдығымды алып келгенде «Мәскеу – Алматы» пойызынан күтіп алды. Қойын сойып, көрші-қолаңын, төңірегіндегі ағайындарды шақырып шағын той жасады. Сөйтіп «Еңбекшіге» әке-шешеме алып барды.
Шиеліде қызмет атқарып жүрген алғашқы кездерде үй-жайым болмаған соң 11 пәтерде жалдап тұрдым. Еңбек ұжымымды шақырып, уақытша болса да тұрып жатқан үйімді көрсетіп жүрдім. Ағам мен жеңгем әріптестеріммен бірге болып, қуанышыма ортақтасып тұратын. Ол уақытта Дүйсенбек Ермаханұлы аудандық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі болатын. Үлкен қызметте жүргенімен пәтер алуға көмегі тимегеніне өкпелеген емеспін. Үй мәселесі өте қиын еді. Ауданда оқта-текте болмаса үй салына бермейтін. Құрылыс мекемелерінің салған үйлері өз жұмысшыларынан артылмайтын.
Дүйсекең өмірден ерте өтсе де ұрпақтарын кәмелетке жеткізіп кетті. Қатира екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білім алды. Үлкен ұлы Болат республикаға танымал кәсіпкер еді. Бірнеше сауда орынын, құрылыс мекемесін ашты. Аяқасты айықпас дертке душар болып, елудің бел ортасына келгенде дүниеден өтті. Зайыбы Зәһида мен ұлы Сайд оның жолын жалғап, бизнесін жүргізіп келеді. Екінші ұлы Сәбиттің де ғұмыры қысқа болды. Ол да кәсіпкерлікті енді қолға алған болатын. Отбасы Алматыда. Өздерінің жеке кәсібі бар. Ал, Сабыр болса Шиелінің түпкілікті тұрғыны, есімі облысқа белгілі меценант. Иелігінде жеке құрылыс базары, сүт өнімдерін өндіретін кешені бар...
Кейіпкеріммен ұзақ жыл қызметтес болған замандас әріптесі, ниеттес досы Жиенбек Молдабековтың көзі тірісінде айтылған ауызша естелігімен жазбамды аяқтағанды жөн санап отырмын: «Шиелі аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып бірге қызмет атқардық. Ісіне мығым, талапшыл, білімді еді. Мамандығы тарихшы болғанымен, қазақ тілінің грамматикасын шемішкедей шағатын. Пленумға, партконференцияға материал, анықтама дайындағанда барлық жазба мәліметтер ұйымдастыру бөлімінен өтеді. Сондай кезде қашан ісшара өткенше көңіліміз қобалжып жүретінбіз. Өйткені, Ермаханов ерінбестен жазғанымызды оқып шығатын, әріп қателерін, сөйлемнің құрылымын, тыныс белгілерін түгел сүзгіден өткізетін. Кеткен қателерді қызыл сиямен көрсетіп, дайындаған анықтама (справка) жазбамымызды қып-қызыл етіп әкелген кездері де болған. Сол сәтте біздің де бетіміз қызарып сала беретін. Әділ еді. Шындықтың бетіне тура қарайтын...»
«Турасын айтқан туғанына жақпайды» демекші, Дүйсекеңнің шындығы өзіне, тағдырына кері әсерін тигізді. Бірақ турашылдығынан, тура жолынан танбады. Ол өз алдына ұзақ әңгіме...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
«Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»