Халал той: қадіріңді қашырмайды, абыройыңды асырады
Қырда қой баққан, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан, дәм-тұзды ақтай білген, достықты сақтай білген қазақ халқын тойсыз елестету мүмкін емес. Оған кешегі карантин уақытында көзіміз жетті. Тәтті-дәмдісін бала-шағасының аузынан жырып қонағының алдына тосатын халқымыз тойды қазынасына балайды. Тіпті, ішерге асы болмай қиналған кешегі ашаршылық заманында да кішкентай қуанышының өзін көршісін шақырып бөліскен қазақ қазіргі заманда даладай дастархан жайып, бір отбасы кемінде жылына бір той, тіпті кейбіреулері екі той жасайтын дәрежеге жетті. Алла қазақты тойдан айырмасын, әрине, дегенмен бізге той жасау мәдениетін қалыптастыратын, халал мен харамның аражігін ажырататын уақыт жеткен секілді. Себебі, халал той десе үрки қарайтындардың қатары көп әлі де. Бұл бар болғаны – ішімдіксіз өтетін той. Ұл отау құрып, қыз ұядан ұшып, арда ағайын мерейлі жасқа толып, бала азаматтыққа аяқ басқандығын атап өтсе, тойдың сәніне айналған арақсыз түк бітпейді деп ойлау жаңсақ пікір емес пе? Десек те, бір қуантарлығы халал той өткізушілердің де қарасы артып келеді.
Той-томалақсыз түтін түтетпейтін қазақ халқы үшін арақ атадан қалған ас секілді төрде тұрады. Мұны қанша жерден айтпағанымызбен, көзге ұрып тұрған шындық екені тағы рас. Ащы суды қоймаса, той өтпей қалатын сияқты көріне ме, әйтеуір есіктен жәшіктеп кіріп, құтының қирандысы болып шығып жатады. Ұрыс-керістің, келіспеушіліктің, ұрлық-қарлық, төбелестің түп-төркіні – осы арақ екені бесенеден белгілі. Дей тұрғанмен, қонақтан бұрын төрге жайғасып тұратын осы ішімдік атаулыдан арылып, толықтай «халал той» жасауға қашан көшер екенбіз? Бұл арақ асқа тола жайылған берекелі дастарқанның берекесін қашырып, ырыс-несібенің ысырап болуына бірден-бір себепкер. Арақ ішу атадан қалған дәстүр еместігі сан мәрте айтылса да, оған тыйым болмай тұр.
Той-томалақсыз түтін түтетпейтін қазақ халқы үшін арақ атадан қалған ас секілді төрде тұрады. Мұны қанша жерден айтпағанымызбен, көзге ұрып тұрған шындық екені тағы рас. Ащы суды қоймаса, той өтпей қалатын сияқты көріне ме, әйтеуір есіктен жәшіктеп кіріп, құтының қирандысы болып шығып жатады. Ұрыс-керістің, келіспеушіліктің, ұрлық-қарлық, төбелестің түп-төркіні – осы арақ екені бесенеден белгілі. Дей тұрғанмен, қонақтан бұрын төрге жайғасып тұратын осы ішімдік атаулыдан арылып, толықтай «халал той» жасауға қашан көшер екенбіз? Бұл арақ асқа тола жайылған берекелі дастарқанның берекесін қашырып, ырыс-несібенің ысырап болуына бірден-бір себепкер. Арақ ішу атадан қалған дәстүр еместігі сан мәрте айтылса да, оған тыйым болмай тұр.
Негізінде ішімдіксіз той өткізу тек намаз оқып, дін жолын ұстанып жүргендерге ғана емес, ол барша мұсылманның ортақ міндеті деп білген жөн. «Арақ қоймасам, тойыма адам келмей қалады», «құдалар не ойлайды?» деген жаңсақ пікірлерден арылу керек секілді. Ата-баба аманатын орындап, абыроймен қуанышқа ортақтасуға келген ағайынды неге біз ащы су беріп қарсы аламыз? Оның орнына қымыз, шұбат құйып, шалқытып жіберуге болмас па еді?
Осы ойды халал тойдың төрінде қонақ болғанда көкейге түйіп қайтқаным бар. Себебі, той тізгінін ұстаған Қазыбек Түгелбаев «Той халал деп ерте тарқап кетпеңіздер. Арақсыз да әдемі, қызықты той өткізуге болады. Осы күнге дейін қаншама той жүргіздім. Алайда, халал той деп шақырған көкелер соңына таман шәйнекпен ішімдік тасып жүреді. Мұндай көзбояушылықтың не керегі бар?» деп, мән-жайды басынан ашып алды. Білгенге ішімдіктің құтысы емес, ішіндегі харам дегенге меңгезеді. Расында, ішімдіксіз тойдың жөні бөлек болады екен-ау десті жиылған жұрт. Әдемі әзілдер мен шынайы тілектер айтылды. Ән де, би де болды. Тойдың соңы ішімдікке сылқия тойып алып, жаға ұстасатын көрініспен емес, құшақтарын айқара ашып, құттықтау тілектерімен тып-тыныш күйде аяқталды.
Қазақ халқы дастарханын қымыз-қымыранмен жайнатып, ысырап етпей, адал ас жеген ұлт. Қазақтың рухы биік, қаны таза дейді. Ал, жүрегі таза, намысы биік болу үшін адам адал ас жеу керек. Адам өмірінде адал астың орны ерекше. Оған ықтиятты болу ол аса маңызды іс. Қасиетті Құран Кәрімде «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» («Бақара» сүресі,168 аят) дейді. Ал арақ Алла тиым салған дүниелерден, яғни харам болып табылады. Тіпті бұл туралы пайғамбарымыздың өзі (с.а.у.) «Алла тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адам ішімдік қойылған дастарханға әсте отырушы болмасын» деп құлшылық еткен жұмыр басты пенделеріне қатаң ескерту жасаған. Асылы, бұл сөзден ұғарымыз да, ұтарымыз да мол. Біріншіден, отбасындағы бақ-береке қашады. Екіншіден, дастархан басында ішімдік ішіп отырып өскелең ұрпаққа берген тәрбие тізгіні ырыққа көнбейді. Үшіншіден, елден бірлік ыдырап, ағайын арасында алауыздық туындайды. Әлбетте, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, той иесіне «арақ қойма!» деп те айтуға болмайды. Ол әркімнің өз еркі, тек жақсылықтың бастау болар тұсын бір-біріне сілтеп отыру – адамдықтың белгісі.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ