Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Халал» сөзінен туындаған ой

«Халал» сөзінен туындаған ой

Бұл мақаланы жазуыма «Шарайна-Сейхун» газетінде жарияланған «Халал» тағамы туралы мақала себеп болды. Қазір тағамымыз «халал» әдіспен дайындалған деп сататын кәсіпкерлер көбейді. Халыққа «халал» деп тағам ұсынып жүргендер «халал» сөзінің парқын түсінбейді-ау деймін. Сонда ата-бабамыз бұрындары бұл әдісті білмеген бе, әлде харам жолмен дайындалған тамақты жеп жүрген бе деген ой келеді кейде.
Дегенмен бұл «халал» сөзі қазаққа қайдан келді? Бұрынғы аналарымыздың тамақ дайындау әдісін қазір екінің бірі біле-бермеуі мүмкін, тіпті ұмыт болғандары да бар. Мысалы, ет дайындау. Малды соярдан бұрын «Біссімілә, Аллаһу акбар» деп малды бауыздап, жіліктеп, арасындағы бездерін мұқият алып отырған. Өйткені, без түрлі аурудың таралуына себепкер екенін білген. Ал енді қонаққа табақ тартқан кезде піскен еттің арасынан без шыға қалса, үй егесі айыпты деп саналып, тіпті ат-шапан айыбын тартқан. Міне, ата-бабамыздың тамақ дайындау, оны меймандарға кәделеп беру тәртібі осындай болған. Бұл қазақ халқының ас ішудегі мәдениетінің жоғары болғандығының дәлелі. Берілген дәм-тамағым «халал» деп те дәріптемеген, тіпті ел арасында ондай сөзді айтпаған. Себебі, әрбір үй ас тамағына қылау түсірмей таза дайындап отырған. Ежелгі бабалардан қалған салт-дәстүр осылай қазірге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Сондықтан асты «халал» деп дәріптеудің және бұндай атауды тіпті қолданудың керегі жоқ. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай қазіргі ұрпағымыз «Е, бұрынғы ата-бабамыз халал тамақты білмеген» деген пікірге келіп, жаңсақ ойға берілуі бек мүмкін. Бұл енді ислам, ата-баба салған сара жол салт-дәстүрімізбен жүріп келе жатқан қазақ халқына жараспайтын тірлік. Айта берсек халал сөзінің астарында көп мәселе жатыр. Біз ислам дінін ұстанған халықпыз. Сондықтан өз ісімізге адалмыз. Ал осы адалдығымызды және дінімізден аластату үшін кешегі Кеңес үкіметі қазаққа шошқа баққызған кез де болды. Тіпті патша үкіметі кезінде қазақтарды христиан дініне кіргізуге әрекет жасап, жер-жерде шіркеулер салып, астыртын да, жария да жұмыстар жүрді. Бірақ бабаларымыз өз дініне берік болғандықтан берілмеді. Керісінше біздің жерімізге кіріп қоныстанған өзге діндегілердің ислам дініне кіргендері де болды. Қазір біздің ет өнімімізге шет мемлекеттен қызығушылық танытып жатқандар көп. Себебі, бізде жер көлемі кең, шөбі шүйгін, жайылым жерлер жақсы сақталған. Сондықтан далада еркін жайылған, таза су ішкен малдың еті де тәтті, құнарлы, жұғымды болатынын олар жақсы біліп отыр. Енді бір мәселенің ұшы қылтиып көрініп тұр. Осы тұста мал етін шетелге сатып, сөйтіп пайда табайық деген ұрандату жеткіліксіз. Өйткені, «Жұмыртқа жедім дегенің, тауықты құрттым дегенің» дегендей елдегі малды ақшаға құнығып, бей-берекет сату болашақта өзіміздің тәуелділігімізді арттыруы мүмкін. Осы мәселеге үкімет те, кәсіпкер де, шаруа да жіті назар аударуы керек. Керісінше еліміздегі мал санының артып, өсім деңгейінің көтерілуіне нақты жоспар құрылып, жұмыс істелгені жөн.
Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің мына жазғанына көз салсақ «Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана қазақ ісі оңға басады» дегендей әрбір кәсіпкер болсын, өнім өндіруші болсын, қазағының қамын жеп, обал-сауапты ойлап жұмыс істесе ғана халқымыздың дені сау болып өсуіне ықпал ететіні даусыз. Дені сау халқы бар мемлекет қана өркендейді, әлеуеті жоғары болады. Бабаларымыздың салып берген сара жолынан айнымайық, адаспайық, бірімізді-біріміз алдамайық, бір-бірімізді бауырымыздай құрметтейік, ағайын!

Марат НҰРЫМБЕТҚОЖАҰЛЫ,
зейнеткер
07 ақпан 2020 ж. 619 0