Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Павлодарда «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті

Павлодарда «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дәстүрлі «Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалін өткізу қайта жанданды, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қыметі.
Фестивальге еліміздің барлық өңірлерінен келген қазақстандықтар, Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты алыс және жақын шетелдерден келген 40 отандасымыз қатысты.
«Қасиетті Қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-При иегерлері мен жүлдегерлеріне үш номинация бойынша арнайы медальдар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Вокал» номинациясының бас жүлдесін Түркиядан келген отандасымыз Гүлбуса Шендуран алды. Ол Анкарадағы Түркия мемлекеттік консерваториясында опера сыныбында оқиды.
«Халықтық қолданбалы қолөнер» номинациясының жеңімпаздары қазақстандық Анар Журагат пен Туғанай Жолакова, Ресейден келген қандастарымыз Артықбай Смағұлов және Өзбекстаннан Әлібек Нышанбаев болды.

«Мүшайра» жанры бойынша: Өзбекстаннан Жарасқан Мерзамуратов, Моңғолиядан Данагүл Исахул және Шамшырақ Хаутай, Қазақстаннан Асхат Тәттімбек.
«Терме» бағыты бойынша Павлодар облысының тұрғыны Азамат Базарбай арнайы сыйлыққа ие болды.
Фестивальдің мазмұнды бөлігі түрлі елде тұратын қандастардың бірлігі мен патриотизмі идеяларын ілгерілетуге бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, фестиваль қандастар үшін дәстүрлі іс-шараға айналды, оның мақсаты: отандастардың шығармашылық және білім беру әлеуетін арттыру, қазақ диаспорасына ана тілі мен мәдени құндылықтарды оқытуда әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетудің маңызды мәселелерін талқылау, дарынды орындаушыларды анықтап, оларды қолдау.
Фестиваль Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» бірлесе отырып ұйымдастырылды.
16 қазан 2021 ж. 270 0